/

Жазғы спорттағы жарқын жетістік

63 рет қаралды

Фото: t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

Биыл қазақстандық спортшылар жазғы олимпиадалық спорт түрлерінен өткен әлем чемпионаттарында тарихи нәтижеге қол жеткізді.

Ел қоржынына түскен медаль саны тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткішке жетіп, отандық спорттың жаңа белесін айқындады. Бұл ақпарат туризм және спорт министрлігінің телеграм арнасына жарияланды.
Жыл бойы ұлттық құрама өкілдері жаһандық додаларда спорттың сегіз түрінен барлығы 32 медаль жеңіп алды.

Оның 14-і – алтын, 5-еуі – күміс, 13-і – қола. Бұл бұрын-соңды болмаған рекорд. Қазақстандық спортшылар бокс, дзюдо, семсерлесу, грек-рим және еркін күрес, таеквондо, садақ ату мен нысана көздеу сынды олимпиадалық спорт түрлерінде үздік нәтиже көрсетті.

Салыстырмалы түрде айтсақ, бұған дейінгі ең жоғары көрсеткіш 2023 жылы тіркелген еді. Ол кезде ұлттық құрама әлем чемпионаттарында 22 медаль (7 алтын, 5 күміс, 10 қола) еншілеген болатын. Ал биыл жүлде саны бірден 10 медальға артып, алтын жүлделер екі есеге көбейді.
Әсіресе боксшылардың жетістігі айрықша аталады. Әлем чемпионаттарында Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева, Наталья Богданова, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Төрехан Сабырхан және Айбек Оралбай чемпиондық тұғырдан көрінді. Сондай-ақ грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали, дзюдодан Әбиба Әбужақынова топ жарып, ел мерейін үстем етті.

Семсерлесуден Эльмир Әлімжанов, Руслан Құрбанов, Кирилл Проходов пен Вадим Шарлаимов бастаған ерлер құрамасы, садақ атудан Виктория Лян, Адель Жексенбинова және Роксана Юнусова сынды спортшылардан құралған әйелдер командасы да әлемдік аренадан жүлдемен оралды.

Таеквондодан Айдана Құмартаева мен Нодира Ахмедованың жеңістері де ұлттық құраманың әлеуетін айқын көрсетті.

2025 жылғы әлем чемпионаттарының қорытындысы бойынша Азия елдері арасында жалпыкомандалық есепте Қытай құрамасы (42 алтын, барлығы 120 медаль) көш бастаса, Жапония (22 алтын, 67 медаль) екінші, Оңтүстік Корея (14 алтын, 46 медаль) үшінші орынға жайғасты.

Ал Қазақстан құрлықтық рейтингте 4-орынға табан тіреді. Отандастарымыз 11 әлем чемпионатында 32 жүлде, соның ішінде 14 алтын медаль жеңіп алып, Азиядағы көшбасшы елдердің бірі екенін дәлелдеді.

Ең бастысы, Қазақстан алтын жүлде саны бойынша ең жақын қарсыластарынан басым түсті. Бұл халықаралық спорттағы басты өлшемдердің бірі.
Жазғы олимпиадалық спорт түрлеріне енген сегіз спорттан осындай нәтижеге қол жеткізу 2026 жылы Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарында да жоғары көрсеткіштен үміттенуге негіз бар екенін аңғартады. Азия ойындары – Олимпиададан кейінгі ең маңызды кешенді жарыс әрі елдің халықаралық спорттағы беделін айқындайтын басты сын.
Жалпы биылғы табыс ұлттық құрамалардың жүйелі дамуын, басым спорт түрлеріндегі позицияның нығаюын және жаңа бағыттарда тұрақты нәтижелер қалыптасқанын айқын көрсетеді. Бұл – отандық спорттың болашағы берік екенін дәлелдейтін маңызды жетістік.

Түгелбай Бисен

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар