27 қаңтар 2026 жылы Алматы қалалық апелляциялық сотында азаматтық белсенді әрі блогер Мирболат Мырзатайұлы туралы істің апелляциялық соты өтті. Нәтижесінде алғашқы сот шешімі бойынша үкім өзгеріссіз қалдырылды.
2025 жылғы қарашада Мырзатайұлы «ұлтаралық араздықты қоздыру» бабы бойынша айыпты деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Іс материалдары бойынша блогер 2025 жылдың сәуірінде қоқыс жинайтын мекеменің кеңсесіне барып, мекеме басшысымен тіл мәселесі бойынша жанжалдасқан. Әлеуметтік желіде жариялаған видеосы негізінде оған кінә тағылды.
Сотта Мырзатайұлы өзінің ісіне қатыстырылмады, ол сот залында болған жоқ. Прокурор мен қорғаушы тараптың пікірлері тыңдалды. Адвокаттар алғашқы сот үкімінің күшін жойып, блогерді ақтауды сұрады, бірақ ақыр соңында сот алқасы апелляциялық шағымды қанағаттандырмай, алғашқы үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Сот процесі кезінде Мирболат Мырзатайұлының жақтастары мен азаматтық белсенділер сот ғимараты алдында жиналып, «Мирболатқа бостандық!» деген ұрандармен оны босатуды талап етті. Бұл белсендінің қоғамда қолдаушылары бар екенін көрсетті. Жиналғандарға қалалық әкімдік өкілі Әлімбаев шығып, шараның заңсыз екенін ескертіп, тарауды талап етті.
Мырзатайұлы өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол мемлекеттік тілде сөйлеуін талап ету қылмыс емес деп санайды. Оның қорғаушылары мен құқық қорғаушылар сот үкімі әділетсіз деп бағалап, адам құқықтары мен сөз бостандығының бұзылғанын алға тартты.
Апелляциялық сот шешімі блогердің алғашқы сот үкімін өзгертпей, оны заңды күшінде қалдырды. Бұл іс Қазақстандағы азаматтық белсенділік пен сөз бостандығына қатысты пікірталас туғызған маңызды оқиғаға айналды.
Әмина Мелдебек
Парақшамызға жазылыңыз
