//

Астанада Президент дауыс берген учаскеде «Азаттық» тілшісі Жолдас Өрісбай айыпсыз ұсталды

67 рет қаралды

фото: Ақорда, Азаттық

Жексенбі күні Астанадағы Оқушылар сарайында орналасқан референдум учаскесінде кәсіби қызметін атқарып жүрген «Азаттық» радиосының тілшісі Жолдас Өрісбай ұсталды. Полиция оны Алматы аудандық полиция басқармасында үш сағат бойы ешқандай айып тақпастан ұстап, кейін босатты.

Кезекші бөлімде өзін Сейіт Бұқарбай деп таныстырған қызметкер журналистің ұсталу себебі туралы:

«Ол заңға қайшы әрекет істеді ме, жоқ па, соны анықтап білеміз», – деп жауап қатты. Сонымен қатар, кезекші бөлімнен ұсталғандардан түсініктеме алынған соң босатылатынын хабарлады.

Сол күні Жолдас Өрісбаймен бірге тағы бірнеше журналист, атап айтқанда Сәния Тойкен мен Informburo басылымының тілшісі де ұсталған. Сәния Тойкеннің айтуынша, полицейлер оны дауыс беру учаскесіне кіріп үлгермей жатып, қасындағы қызымен бірге күштеп әкеткен. Журналист өздеріне әлімжеттік көрсетілгенін және телефондарын тартып алғанын мәлімдеді.

Жолдас Өрісбайды Астана қаласы Алматы ауданы полиция бөлімінің тергеушілері Жанат Мажитов пен Сержан Бөлемесов жауапқа алған. Алайда олар журналистің не үшін ұсталып әкелінгенін түсіндіре алмаған. Журналист әр жарты сағат сайын редакцияға хабарласуға және адвокат шақыруға құқығы бар екенін айтып сұранғанымен, полицейлер оған ешқандай мүмкіндік бермеген. Осыған байланысты ол адвокатсыз сұрақтарға жауап беруден және тергеу құжаттарына қол қоюдан бас тартқан.

Оның телефонын арнайы жасақ қызметкерлері қолынан жұлып алған. Үш сағаттан соң ғана қайтарылған телефонды полиция подполковнигі Жанат Мажитов ашып, ішіндегі түсірілген видеоларды өшіруді талап еткен. Бірақ Жолдас Өрісбай бұл талапқа үзілді-кесілді келіспегенін айтады.

Журналист өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында полиция ғимаратындағы заңсыздықтар туралы былай деп жазды:

«Мені референдум учаскесінен күштеп шығарып кеткен полиция қызметкерлері маған Миранда заңын да түсіндірмеді. Ал Конституциялық комиссия отырыстарында Миранда заңын осы жаңа заңда бекітеміз деп, қателеспесем, Әділет министрі көп айтты.

фото: Правовый медиа центр

Ең қызығы, полиция бөлімінің ғимаратына кіргенде “Заң мен Тәртіп” деген үлкен жазбаға көзім түсті. Әйтсе де, қай заң шеңберінде мені ұстап әкеткенін ешкім түсіндіре алмады. Айып та тақпады, тек үш сағат заңсыз ұстап отырды да, шығарып салды».

Журналистерді полиция алып кеткен Оқушылар сарайындағы №51 учаскеде дәл сол уақытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс берген. Ақорданың хабарлауынша, Президент онда отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне брифинг өткізген. «Азаттық» радиосы Тоқаев келетін учаскеден тілшілердің әдейі әкетілгені туралы президенттің баспасөз қызметіне сауал жолдады.

«Құқықтық медиаорталық» ұйымының заңгері Гүлмира Біржанова бұл жағдайды журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтіру деп атады.

 «Егер журналисте редакция тапсырмасы мен куәлігі болса, оның қызметін кез келген кезеңде шектеуге ешкімнің хақы жоқ», – дейді заңгер.

Айта кетейік, 15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша референдум өтті. Референдум заңына сәйкес, 12,5 миллион сайлаушының 50 пайыздан астамы қатысса, ол өтті деп есептеледі. Ресми мәлімет бойынша, сайлаушылардың 73 пайызы дауыс берген.

Дереккөз: Azattyq

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Айзат Рақыш: Марқакөл монологы  (әңгіме)           

                                                                     Туған өлкем – Марқакөліме арнаймын.                                                                                                          Автор Жазғы мөлдір аспан маған телміріп, мен көкке емініп,