////

Әйтейдегі қоқыс полигоны: жағымсыз иістің бары рас. Алайда оны шешудің жолы қайсы?

143 рет қаралды

Қарасай ауданына қарасты Әйтей ауылы соңғы жылдары экологиялық түйткілдің ортасында қалып отыр. Ауыл маңындағы қоқыс полигоны тұрғындардың айтуынша, енді жай ғана тұрмыстық қолайсыздық емес, денсаулыққа, қауіпсіздікке және өмір сапасына әсер ететін күрделі мәселеге айналған. Күн сайын таңды жағымсыз иіспен қарсы алу мұндағы жұрт үшін қалыпты жағдайға айналып барады.

«Азанымен жағымсыз иіспен оянамыз»

Ауыл тұрғыны Тимур Асылбек полигоннан шығатын иіс әсіресе таңғы уақытта қатты сезілетінін айтады.

– Өте жағымсыз иіс шығады. Азанымен сол иіске оянамыз. Көліктің пешін қоссаң да, бәрібір сол иіс келеді. Терезені ашуға мүмкіндік жоқ. Тіпті сыртқа шыққанда да иіс адамның тынысына кедергі жасайды, – дейді ол.

Тұрғындардың сөзінше, мәселе бір-екі күннің немесе бір айдың шаруасы емес. Бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан проблема әлі нақты шешімін таппаған.

«Басшылық бізге “полигонды жаппасақ та, ішіне қалдық өңдейтін зауыт саламыз” деген. Бірақ ол сөз күйінде қалды. Ешқандай зауыт салынған жоқ. Біз тек уәде тыңдап келеміз», – деп күйінеді Тимур Асылбек.

Осы мәселеге қатысты Әйтей ауылдық округі әкімдігі тұрғындардың шағымдары назарға алынғанын хабарлады. Ресми жауапқа сәйкес, полигон бұрыннан жұмыс істеп келген, ал кейін бұл аумақта тұрғын үйлер салынып, елді мекен қалыптасқан. Әкімдік мәліметінше, тұрғын үйлер санитарлық-қорғау аймағынан тыс жерде орналасқан.

Сонымен қатар, жергілікті билік полигонның әсерін азайту үшін бірқатар шаралар қарастырылып жатқанын айтады. Атап айтқанда, қоқыс полигоны базасында қалдықтарды сұрыптау және өңдеу зауытын салу бойынша инвестициялық жоба әзірленіп жатыр. Бұдан бөлек, полигон әкімшілігімен бірлесіп, жағымсыз иістерді азайту, қалдықтарды дұрыс орналастыру және санитарлық талаптарды күшейту бағытында жұмыс жоспары дайындалып жатыр. Алайда полигон жекеменшік нысан болғандықтан, оны көшіру немесе толық жаңғырту мәселесі меншік иесінің бастамасына және уәкілетті органдардың келісіміне байланысты екені атап өтіледі.

Қаңғыбас иттер мәселесі

Полигон маңындағы тағы бір өзекті мәселе – қаңғыбас иттердің көбеюі. Қоқыс үйінділері жабайы жануарлар үшін тұрақты қорек көзіне айналған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, иттердің саны соңғы жылдары күрт өскен, әсіресе полигон аймағында ашық қалған қоқыс үйінділеріне жиі жиналады.

Айсана Тілеубергеннің сөзінше, ауыл ішінде қаңғыбас иттердің саны жүзден асады.

«Қоқыс болған соң иттер соған жиналады. Жабайы иттер қаптап кеткен. Ит атқыштарды шақырамыз, бірақ екі айда бір әрең келеді. Қолындағы құралымен бес-алты итті ұстап, кетеді. Ал бізде әр көшеде он шақты ит жүреді. Балаларды сабаққа жіберуге қорқамыз. Көбісі балаларға тісін көрсетіп, үріп, қорқытады», – дейді ол.

Тұрғындар көктем мен жаз мезгілінде жағдай одан әрі қиындайтынын айтады. Ашыққан, қорек іздеген иттердің мінезі агрессивті болады, адамдар мен үй жануарларына шабуыл жасауы мүмкін.

«Көктемде иттер бала-шағаға да, қарт адамдарға да қауіпті. Жаяу жүрген адамға үнемі бақылаусыз шабуыл жасай алады. Біз балаларымызды мектепке жібергенде әрдайым үреймен қараймыз», – дейді Айсана.

Бұл мәселеге қатысты Қарасай ауданының ветеринария бөлімі де жауап берді. Ресми мәліметке сәйкес, 2026 жылдың басынан бері Әйтей ауылдық округінде 82 қаңғыбас ит ауланған. Иттерді аулау жұмыстары мемлекеттік сатып алу арқылы анықталған мердігер – жеке кәсіпкер «Әбдіхалық» тарапынан жүргізіліп жатыр және бұл жұмыстар бекітілген кестеге сай жалғасады.

«Үй аларда ескерткен жоқ»

Ауыл тұрғыны Мәдина Қайратова бұл мәселеге күтпеген жерден тап болғанын айтады.

– Үй аларда иесінен арнайы сұрадық: “Бұл жақта иіс болмай ма? Полигон бар дейді ғой” деп нақтыладық. Ол кісі “Жоқ, мүлде ондай жағымсыз иіс жоқ” деп сендірді. Сол сөзге сеніп, білмей сатып алдық. Қазір күн сайын сол иіспен өмір сүріп отырмыз, – дейді ол.

Оның айтуынша, мәселенің ауырлығын тек өз көзімен көрмейінше, жауапты тұлғалар сезіне алмайды.

– Осы мәселеге жауапты адамдарды бір күнге болса да осында әкеліп, осы жерге тұрғызып көру керек. Таңертең ерте тұрып, мына иіспен тыныстап көрсін. Сонда ғана біздің жағдайымызды түсінер еді, – дейді тұрғын.

«Бұрын мұндай иіс шықпайтын»

Бақберген Тасқынбектің айтуынша, соңғы жылдары полигонға төгілетін қалдықтардың сипаты өзгерген.

– Бұрын мұндай өткір иіс шықпайтын. Қазір түрлі қалдықтар төгіліп жатыр, нақты не екенін ешкім білмейді, – дейді ол.

Оның сөзінше, полигон жұмысына қатысты ашықтық жеткіліксіз.

– Біз бірдеңе бүлдірсек, бірден айыппұл салады. Ал полигонда не болып жатқанын ешкім түсіндірмейді. Біз нақты ақпаратсыз өмір сүріп отырмыз, – дейді тұрғын.

Осы тұста эколог-практик, тұрақты даму және ESG саласының сарапшысы Лаура Сейілбек полигоннан шығатын иістердің табиғатын түсіндіреді. Оның айтуынша, жағымсыз иістер көбіне органикалық қалдықтардың ыдырауынан пайда болады.

– Ұзақ уақыт бойы мұндай ластануға ұшырау әртүрлі ауруларға әкелуі мүмкін. Егер қауіпті өндірістік қалдықтар араласса, ұзақ мерзімді әсер онкологиялық ауруларға дейін жеткізуі ықтимал, – дейді сарапшы.

Эколог санитарлық талаптарға сәйкес полигондар елді мекеннен кемінде 500–1000 метр қашықтықта орналасуы тиіс екенін атап өтеді. Алайда бұл да жеткіліксіз болуы мүмкін.

– Иіс бәрібір жетеді. Сондықтан қалдықтарды геоқорғанышпен жабу, топырақпен оқшаулау маңызды. Ұзақ мерзімде полигонды жаңғырту немесе рекультивация жасау қажет. Яғни пайдаланылмайтын бөліктерін топырақпен жауып, иіс пен ластануды азайту керек, – дейді ол.

Ресми дерек не дейді?

Алматы облысы бойынша экология департаментінің мәліметінше, Әйтей ауылдық округінде орналасқан «KAZ Waste Conversion» ЖШС полигоны I қауіптілік санатына жатады және қоршаған ортаға әсер ететін ірі нысан ретінде тіркелген. Полигон Алматы қаласынан келетін қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдап, жылына жүздеген мың тонна қоқыс өңдейді.

фото: Azattyq

2025 жылы жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында бірқатар экологиялық заңбұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, қалдықтарды дұрыс жинақтамау, тасымалдау кезінде шаң басу шараларының болмауы, қалдықтарды бөлек жинаудың жоқтығы және сұрыптау желілерінің болмауы тіркелген. Осыған байланысты кәсіпорынға бірнеше әкімшілік айыппұл салынған.

Сонымен бірге департамент дерегіне сәйкес, жүргізілген аспаптық өлшеулер нәтижесінде ластаушы заттардың концентрациясы рұқсат етілген шекті деңгейден аспағаны көрсетілген. Полигон аумағында өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасы іске асырылады, ал мониторинг нәтижелері уәкілетті органдарға тұрақты түрде ұсынылып отырады.

“Мінбер” сайты Әйтей полигонындағы жағдайды өз көзімен көру үшін арнайы ат басын тіреген еді. Алайда, полигонға жауапты  «KAZ Waste Conversion» ЖШС  басшысы Иманбеков Нұрланбек Хамитұлы бастаған топ бізді полигон аумағына енгізуге үзілді-кесілді қарсы болды. Кейін кіргізуді өтініп жазған арнайы сауалымызға тек жазбаша жауап беруге ғана келісті.

 «KAZ Waste Conversion» ЖШС өз жауабында полигонда өндірістік экологиялық бақылау тұрақты түрде жүргізілетінін хабарлайды. Компанияның мәліметінше, мониторинг нәтижелері уәкілетті органдарға ұсынылып отырады, ал өлшеу қорытындылары бойынша ластаушы заттар белгіленген нормадан аспайды.

Сондай-ақ, компания жер асты сулары, топырақ және фильтрат бойынша бақылау тоқсан сайын аккредиттелген зертханалар арқылы жүргізілетінін мәлімдеді. Алайда бұл зерттеулердің нақты нәтижелері мен хаттамалары ашық түрде ұсынылмаған.

Ресми деректерге сәйкес, полигонда көмілетін қалдық көлемі жоғары деңгейде сақталып отыр: 2023 жылы – шамамен 988 мың тонна, 2024 жылы – 1 млн тоннадан астам, ал 2025 жылы – 684 мың тоннадан асады.

Компания мәліметінше, қазіргі уақытта полигонды жабу немесе рекультивациялау жоспары жоқ. Оның орнына алдағы жылдары жылына 450 мың тонна қалдықты сұрыптайтын кешен салу және полигон газынан электр энергиясын өндіру жобаларын іске асыру жоспарланып отыр.

Облыс бойынша қайта өңдеу үлесі 2025 жылы шамамен 30%-ды құраған. Бұл көрсеткішті 2026 жылы 32%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Экологиялық қауіп пен әлеуметтік салмақ

Әйтейдегі жағдай – жай ғана қоқыс мәселесі емес. Бұл ауыл тұрғындарының денсаулығына, қауіпсіздігіне және психологиялық ахуалына тікелей әсер ететін кешенді проблема. Желмен тараған иіс пен қалдықтар қоршаған ортаға зиян келтірсе, қаңғыбас иттердің көбеюі қосымша қауіп тудырып отыр.

Ресми органдар белгілі бір шаралардың қолға алынғанын айтқанымен, тұрғындар нақты нәтиже көрмей отырғандарын жеткізеді. Уәде етілген жобалар әлі жүзеге аспаған, ал экологиялық жағдай уақыт өткен сайын күрделене түскендей.

Ауыл халқы үшін бұл мәселе тұрмыстық қолайсыздық деңгейінен әлдеқашан асып кеткен. Бұл – таза ауада өмір сүру құқығы, қауіпсіз ортада бала өсіру мүмкіндігі және болашақ ұрпақтың денсаулығы туралы мәселе.

Амина Мелдебек

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Айзат Рақыш: Марқакөл монологы  (әңгіме)           

                                                                     Туған өлкем – Марқакөліме арнаймын.                                                                                                          Автор Жазғы мөлдір аспан маған телміріп, мен көкке емініп,