Фото: gov.kz
Оқу-ағарту министрлігі биыл мектеп бітіруші түлектер үшін «Алтын белгі» төсбелгілерін дайындауға қанша қаржы жұмсайтыны белгілі болды.
PROTENGE телеграм арнасының мәліметінше, ҚР Оқу-ағарту министрлігі 8 мыңнан астам «Алтын белгі» төсбелгісін дайындауға 231,3 млн теңге жұмсамақ. Тапсырысты Монета сарайы мамыр айының соңына дейін орындауы тиіс. Бір төсбелгінің құны 27 695 теңгені құрайды. Соңғы үш жылда «Алтын белгі» айтарлықтай қымбаттаған. Ал 2023 жылы оның бағасы 16 520 теңге болған.
«Алтын белгі» иегерлерінің саны да көбейіп келеді. Мәселен, 2024-2025 оқу жылында 7420 түлек «Алтын белгі» құрмет белгісін алды, биыл бұл көрсеткіш 8000-нан асып отыр. Бұл өзгеріс білім сапасының артуымен немесе бағалау жүйесіндегі жаңартулармен байланысты болуы мүмкін.
Қоғамда «Алтын белгі» марапатының маңызына қатысты түрлі пікірлер айтылып жүр. Әсіресе, ата-аналар мен оқушыларды оның жоғары оқу орнына түсуге қаншалықты әсер ететіні қызықтырады. Министрлік өкілдерінің түсіндіруінше, бұл төсбелгі иелеріне грантқа түсу кезінде арнайы жеңілдік берілмейді. Тек талапкерлердің ұпайлары бірдей болған жағдайда ғана «Алтын белгі» иесіне басымдық ұсынылады.
Сандуғаш Жаилганова
Парақшамызға жазылыңыз
