Қазақстан Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында консулдық мекеме ашу туралы шешім қабылдады. Бұл жөнінде Ақордада Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсүхпен өткен келіссөзден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев хабарлады.
Президенттің сөзінше, тараптар екіжақты қарым-қатынастың барлық бағыты бойынша мазмұнды әрі нәтижелі келіссөз жүргізген.
– Саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өзге де саладағы ықпалдастығымызды одан әрі арттыруға келістік. Атап айтқанда, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында Қазақстанның консулдық мекемесін ашу туралы өзара келісімге келдік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге басымдық беріп отыр. Мемлекет басшысының мәліметінше, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымы өткен жылы 130 миллион долларды құрап, көрсеткіш 7,7 пайызға артқан.
– Осы орайда алдағы бірнеше жылда бұл көрсеткішті 500 миллион долларға жеткізу жөнінде меже қойып отырмыз. Ол үшін, ең алдымен, сауда-саттықтағы тауар түрін кеңейтуіміз қажет. Экономикалық ықпалдастықты тежейтін кедергілерді барынша азайту керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әсем Тугилова
Парақшамызға жазылыңыз
