Фото: Спортты дамыту дирекциясы
Үндістанның Дели қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстанның әйелдер құрамасы семсерлесудің сапы (шпага) сайысынан тарихи жетістікке қол жеткізді.
Владислава Андреева, Ирина Бакалдина, София Николайчук және Дарья Самоделкинадан құралған біздің төрттік қола медаль үшін өткен тартысты сында Сингапур құрамасын 42:39 есебімен жеңіп, үшінші орынды иеленді. Бұл біздің қыздардың Азия біріншілігінде сонау 2013 жылдан бері, яғни араға 13 жыл салып қол жеткізген алғашқы командалық жүлде.
Жүлдеге барар жолда отандастарымыз Таиландты 45:22 есебімен тас-талқан етіп, ширек финалда Азияның мықты командасы Жапонияны 45:42 есебімен қапы қалдырды. Тек жартылай финалда ғана Оңтүстік Кореяға есе жіберді.
Жалпы, бұл биылғы Азия чемпионатындағы Қазақстан құрамасының жалғыз олжасы емес. Бұған дейін ерлер құрамасы сапы сайысынан алтыннан алқа тақса, әйелдер арасындағы жекелей сында Ирина Бакалдина Азия чемпионы атанған болатын. Сонымен қатар Руслан Курбанов жекелей сында қола жүлде алса, қылышпен семсерлесуден ерлер командасы да үздік үштікке енді. Осындай толайым табыстар елімізде семсерлесу спортының деңгейі өте жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді.
Парақшамызға жазылыңыз
