Фото: istockphoto.com
Жастар арасында танымал тапиока шарлары қосылған сусын (бабл-ти) денсаулыққа зиян тигізіп, психикалық жағдайға кері әсер етуі мүмкін деп ескертеді ғалымдар, деп хабарлайды Tengri Health тілшісі ScienceDaily және Nutrients басылымына сілтеме жасап.
Зерттеушілердің айтуынша, маниока крахмалынан жасалған бұл маржандар топырақтағы қорғасын мен басқа да ауыр металды бойына тез жинайды. Мұндай сусынды жиі әрі көп мөлшерде тұтыну ас қорытуды баяулатып, ішек түйілуі, жүрек айну, құсу және іштің ауруы сияқты қауіпті тудыруы ықтимал. Сонымен қатар сусын компонентіндегі оксалат пен фосфаттың жоғары мөлшері бүйректе тас пайда болуына әсер етеді.
Бұл өнімнің тұншығу қаупі де жоғары. Сонымен қатар бір порцияда 20–50 грамм қант болатындықтан, ол жастар арасындағы семіздік індетіне себепші фактордың бірі ретінде қарастырылады. Алайда ең таңғаларлық жаңалық — бабл-тиді жиі тұтынудың психикаға әсері. Қытайда жүргізілген зерттеу бұл сусынды жүйелі түрде ішуді мазасыздық, депрессия, шаршау, эмоционалдық сарқылу және суицидтік ойдың артуымен байланыстырады. Дегенмен, тікелей себеп-салдарлық байланыс әлі нақты дәлелденген жоқ. Сарапшылар сусынға толық тыйым салудың қажеті жоқ екенін, бірақ оны сирек берілетін десерт ретінде қабылдап, түтікшесіз ішуді ұсынады.
Парақшамызға жазылыңыз
