Кеше Түркістан қаласы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында жедел жәрдем саласында қордаланған проблемалық мәселелерді көтерген, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының Облыстық психикалық денсаулық орталығында 37 күн негізсіз ұсталған түркістандық Мұхаммад Әділбекұлының соты өтті. Сот талапкер Мұхаммадтың талап-арызын ашық қалдырды. Бұл соттың екінші отырысы, осыдан бұрын алдын ала тыңдау отырысы 17 маусым күні өткен еді. Екінші тарап, яғни жауапкер алдын ала тыңдауға да, бүгінгі сот отырысына да келмеді. Мұхаммадтың ісі судья Асқар Бақтыбайдың қарауында.
«2025 жылдың қарашасында мен еліміздегі фельдшерлердің әлеуметтік жағдайы туралы мәселе көтердім. Мемлекеттік органдарға Egov арқылы ресми өтініштер жіберіп, әріптестеріммен пікір алмасу үшін WhatsApp тобын аштым. Біраз уақыттан кейін өмірім күрт өзгерді», – деп бастады әңгімесін Мұхаммад Өмірбек.
2025 жылғы 5 желтоқсанда «түсініктеме бересің» деген сылтаумен Мұхаммадты полиция алып кетіп, бөлімшеде 3 сағатқа жуық тергеп ұстайды. Алайда кейін Шымкент қаласындағы облыстық клиникалық ауруханаға тексеруге алып барамыз деп алдап, Шымкент қаласындағы психиатриялық ұйымға заңсыз, еркінен тыс жеткізеді. Ол кезде Мұхаммадтың қолында бұл туралы сот шешімі де, дәрігерлік комиссияның қорытындысы да жоқ болатын.
Алғашында «48 сағат бақылауда боласың» дейді. Кейін басқа талап қойылады: «Өз еркіңмен 10-15 күн жатасың. Келіспесең, сот арқылы мәжбүрлеп жатқызып, «шизофрения» диагнозын қоямыз» деп қысым жасайды. Мұхаммад қысымның салдарынан келісуге мәжбүр болады. Бірақ уәде етілген 10-15 күннің орнына осы орталықта 37 күн еркінен тыс ұсталады. Осы уақыт ішінде ол туыстарымен кездесе алмайды, «өз еркіммен емделемін» деген құжатқа қол қоюға мәжбүр болады және психиатриялық есепке қойылады.
Мұхаммадтың айтуынша, кейін бұл әрекеттердің негізі анасының арызы екені белгілі болады. Бірақ ол арыздың мазмұнымен оны ешкім таныстырмайды. Анасының айтуынша, оған да қысым жасалған.
2026 жылғы 17 сәуірде Мұхаммад Әділбекұлы Астана қаласында тәуелсіз сот-психиатриялық сараптамасынан өз еркімен, ақылы негізде сараптамадан өтеді.
«Қорытынды анық болды: сараптама қорытындысына сәйкес менде ешқандай психикалық ауытқулар анықталған жоқ. Осы арқылы өзімнің психикалық тұрғыдан толық сау екенімді ресми түрде дәлелдей алдым. Қазір бұл іс сотта қаралып жатыр. Менің жалғыз өтінішім – істің заңға сай, жан-жақты және әділ қаралуы», – деп болған жайды баяндап берді Мұхаммад.
Талапкер соттан «Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының Облыстық психикалық денсаулық орталығының 2025 жылғы 18 желтоқсандағы «клиникалық диагнозы нақтыланған сандырақты бұзылыс (F22.0) (МКБ-10)» деген диагнозымен ауруханаға жатқызған әрекетін заңсыз деп танып, есептік базадан шығарып тастауды талап етіп отыр.
«Бүгін сот отырысында бүкіл уәжімді нақты дәлелдермен дәлелдеп, баяндап бердім. Сот үнсіз тыңдады, алайда жауапкер тарап сотқа келмеді, жазбаша да жауап ұсынбады. Осыған байланысты сот жауапкердің пікірін тыңдауымыз қажет деп талап арызымды ашық қалдырды. Келесі сот отырысы 14 шілдеде өтеді», – деп бүгінгі жағдайды хабарлады Мұхаммад Әділбекұлы.
Қазіргі уақытта оған “клиникалық диагнозы нақтыланған сандырақты бұзылыс (F22.0) (МКБ-10)” деген диагноз қойылған, осы себептен ол еш жерге жұмысқа орналаса алмайды. Мұхаммад өзіне негізсіз қойылған диагнозды және есептік базадан шығаруды талап етіп, әділдік іздеп жанұшырып жүр.
ҚР Конституциясының 1-бабында «мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Қазақстан азаматын негізсіз түрде еркінен тыс психикалық денсаулық орталығында 37 күн ұстау – оның конституциялық құқығын бұзып, бостандығын шектеу. Сот Мұхаммадтың конституциялық құқықтарын қалпына келтіріп, талап-арызына әділ шешім шығарады деп сенеміз.
Анықтама үшін:
Мұхаммад Өмірбек 2017 жылы Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжін емдеу ісі, фельдшер мамандығы бойынша тәмамдаған. 2014-2015 жылдар аралығында әскер қатарында болған. Жедел жәрдем саласындағы еңбек өтілі 5 жылға жуық. Соңғы жұмыс орны – Астана қаласы ТЖМ Апаттар медицинасы орталығы «Анар» трассалық медициналық құтқару пунктінің фельдшері. 2025 жылы жедел жәрдем саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, WhatsApp топ құрып, е-өтініш арқылы мемлекеттік органдарға ресми түрде өтініштер жолдаған уақыттан бастап оған қысым көрсетіле бастаған.
Мұхаммад Өмірбектің оқиғасын Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасынан көре аласыз
https://www.instagram.com/mxm.zan.kz?igsh=MWRhOTRoa3RwbzQwbg==
Парақшамызға жазылыңыз




