//

Алма. Сайлауқызы: Ұлыбританиядағы ғылыми тағылымдама жазбалары. VIII бөлім

99 рет қаралды

 Қазақстанға ковид пандемиясы келгенде сүйінші сұраған бас санитар Жандарбек Бекшин мырза айтқандай, «наконец-то!» Наконец-то, Ұлыбританияға жаз келді!..  «Астанаға көктем кеш келеді» деп жүрсек, бұл жаққа көктем мен жаз бізден де кеш келеді екен. (Ең болмаса ол жағынан алда екенбіз, шүкір).

Күн жылынып қана қойған жоқ, ысыды. Биыл Еуропаның көп елі үшін әдеттен тыс аптап ыстық болып жатқанына да куәміз. Лондонда өткен жолы тіпті +37 болғанын көрдім. (Ғаламдық жылынудың салдары болар). Бірақ біздің университет орналасқан Лидс қаласы Британ астанасынан солтүстікке қарай бес сағаттық жерде орналасқандықтан, күннің ыстығы аса сезіліп жатыр дей алмаймын. Бір-екі рет отыздың о жақ, бұ жағына барып қайтты. Таңертең-кешке әдемі салқын самал соғады. Дегенмен университеттегі дәрістеріміз, шоукейстеріміз, уоркшоптарымыз, конференцияларымыз әдеттегідей, әлі де қызып жатыр. Бұған дейін қандай ерекшеліктерді тілге тиек еткенімді жолсапар очеркімнің бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы және жетінші бөлімінен оқып (әдеттегідей, әр сөзбен сол очеркке сілтеме қосса), білім мен таным қоржындарыңызды толтыра аласыздар. Ал бұл бөлімде көкейге түйген 37-41 ерекшеліктерді баяндамақпын.

ОҚЫТУДЫҢ САН ТҮРІ БАР

Отыз жетінші ерекшелік, бұл жақтың ЖОО оқытушылары оқыту мен ғылыми зерттеу әдістерінің түр-түрін қолданады екен. Әрине, оның  бәрін бір күнде ойлап таппағаны анық. Ұлыбританиядағы ғылыми мектептің ұзақ жылдан, тіпті ғасырлардан бері қалыптасу тарихы бар. Мәселен, Лидс университетінің кітапханасындағы «Ғылым әдістері» («The method to science») деген кітапты алайық.  Авторы  Джон Сэрджент – 1622-1707 аралығында өмір сүрген ғалым. Елестетіп көріңізші, 4 ғасыр бұрын, ғалымдары ғылыми әдістер туралы еңбек жазып, оны Лондон баспаханасынан шығарып, өз әріптестерімен бөлісуді бастаған. Бірақ бұл жақтың басты ерекшелігі сол, ғасырлар бойы келе жатқан дәстүрлі, тарихи ғылыми мектептері заманауи-инновациялық әдістерді де ескеріп, бір-бірін толықтыра отырып дамиды. Сенімді дәстүр мен жаңа жолды үндестіре отырып, мақсатына жетуді құп көреді.

Студенттерді білім-ғылымға баулуда оқытудың ерекше түрлерін қолданатынын көріп жүрміз. Мысалы, experiential learning – тәжірибе жасап көру, сосын сол тәжірибені талдау арқылы үйрену. Active learning – белсенді қатысу арқылы үйрену. Сommunity-engaged learning кезінде студенттер әлеуметтік немесе қоғамдық қауымдастықпен бірге екі жаққа да пайдалы жобаларды жүзеге асырады. Ал learning community тәсілімен студенттердің  бір-бірінен үйренуіне жағдай жасайды.  Келесі бір оқыту түрі – transformative learning. Трансформациялық оқыту кезінде қасаң қағидаларды жойып, таптаурын көзқарасты өзгерту арқылы жаңа білім береді. Ал ковид пандемиясынан соң, blended learning деген жаңа әдісті қолдануды бастаған. Ол – онлайн және офлайн оқытуды біріктіру арқылы үйрену. Collaborative learning деген де бар, ол – студенттердің ортақ мақсатқа жету үшін бірлесіп, өзара әрекеттесу арқылы білімді сіңіру әдісі. Өткен жолы бір конференция түгелдей living labs тәсілін талдауға арналды. Студенттер, оқытушылар және сала мамандары нақты ортада бірлесіп жұмыс істеп, инновацияларды тәжірибеде сынау арқылы білім алып, шешім жасататын оқыту түрі екен. Сондай-ақ университетаралық оқыту түрлері қандай болады деп қызығып, Collaborative Online International Learning жобасына қатысып көрдік. (Бір айта кетерлігі, сол жобаның Лидс университетіндегі  жетекшісі – қазақ тілін білетін профессор Мартин Уорд мырза). COIL –  әртүрлі елдегі студенттер мен оқытушылардың онлайн форматта бірлесіп оқу, жобалар орындау және мәдениетаралық тәжірибе алмасу тәсілі.

Британдық ғалымдар бағалау тәсілдерін де қайта қарап жатқанын да көрдік. Бұрын «assessment of learning» принципі жұмыс істеген, яғни бағалаудың мақсаты оқудың нәтижесін көрсету мен өлшеу ғана болған. Ол “Студент не үйренді?” деген сұраққа жауап беретін. Енді  мұнда оның орнына «аssessment for learning» деген жаңа ұғымды бекітіп жатыр. Ол жерде бағалау – оқытудың бір бөлігі. Оқу процесінің басында, ортасында да жүре береді. Сол арқылы «Студент қалай жақсырақ үйрене алады?» деген сауал басты мәнге ие болады.

Ең бастысы, осы оқыту әдістерінің бәрі не нәрсеге қызмет етеді дейсіз ғой? Британдықтар университеттік білімді жай ғана кәсіби дағды беру деп түсінбейді. Жоғары білім – одан да кең, одан да биік әрі терең ұғым. Ауқымды дәрежеде аналитикалық ойлауды үйрету. Ал жақында ғана, 30 маусым күні «Университет білімін трансформациялау» кітабының авторы, Ланкастер университетінен келген қонақ Dr. Пол Эшвин білім беру мен зерттеу ешқашан бір ғана «дұрыс модельге» немесе «әмбебап дағдыға» сүйенбеуі керектігін, керісінше әртүрлі көзқарасқа пен тәжірибелік жағдайға ашық болуы керектігін қадап тұрып айтты.

ӘР ЗЕРТТЕУ БОЛАШАҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУГЕ ТИІС

Отыз сегізінші ерекшелік, бұл жақтың жазылмаған заңы бойынша, зерттеп жатқан әр тақырыптың болашақ үшін мәні болуы керек. Сол себепті әр танымал ғалым, әр жас зерттеуші жасаған презентацияның соңына «Future Directions» немесе «Next Steps» деген слайдтар қосып, келешекке қатысты жоспарымен міндетті түрде бөліседі. Британдықтар үшін ғылым – жүйелі, үздіксіз, нәтижеге бағытталған процесс. Сондықтан да Ұлыбританияда студент шақтан бастап ғылымға баулиды, оқытушылармен бірлікте презентация жасатады. Өйткені сабақтастыққа зор мән береді. «Сен әлі бакалаврдасың, ал ғылыми тақырыппен магистратураға барып жатсаң айналысарсың», деп ысырып қоймайды. Панельдік сессияға спикер ретінде қатыстырып, көпшілік алдында ғылыми пікірін айтуға баулиды. Презентация жасауға батылы бармаған немесе баяндамасы таңдалмаған жас зерттеушілер идеясын көрсеткен ғылыми постер дайындайды. Осылайша ғылымға «алғашқы қадамдар» (baby steps) жасатады.  Конференциядағы үзіліс кезінде, басқа ғалымдар сол ілінген постер жанына барып, авторының түсіндірмесін тыңдайды. Осылайша студент, магистрант, докторантты ғылым жолында кезең-кезеңімен баптап, сөйлетіп, жасатып, жазғызып, талдатып, жауап бергізіп, жариялатып, әбден «пісіріп» алған соң, ғылыми дәрежесін алған кезде, кәдімгідей өз жолы бар зерттеушіге айналады екен.

Ең бастысы, әр таңдалған ғылыми тақырып өткен шақтың кілтипанын анықтап алуы шарт. Яғни сол тақырыпты қаузаған алдыңғы авторларды талдап, шеше алмаған түйткілді табу. (Әрине, сілтеме жасай отырып). Содан кейін ғана өзекті зерттеу сұрағын күн тәртібіне шығарып, сол кем-кетікті толтыруға немесе басы ашық сұраққа жауап табуға ұмтылыс басталады.

Бір қызығы,  бұл жақта ғалымдарды жасына қарап жіктемейді. Жасына қарап сөз бермейді. Жасы үлкен ғалымдар болса да, өзекті ойымен жарқырап тұрған  жас зерттеушілерге бірінші етіп сөз бере береді. Ғалымдар арасындағы өзара құрмет өзара мәдениет өте қатты дамыған. Бір профессор екіншісіне қызмет етуге ұмтылып тұрады, ешқандай менменсу, сасық көкірек жоқ. Қарапайым. Кішіпейіл. Білімді.

СЫНИ ОЙЛАЙ БІЛМЕГЕН АДАМНАН ҚАЙРАН ЖОҚ

Отыз тоғызыншы ерекшелік, британдық жоғары білім жүйесінің түсінігінде сыни ойлай білу – академиялық ортадағы адамның ең басты дағдысының бірі. Сыннан қорықпайды. Қайта конструктивті сынды жаны қалап тұра ма дедім. Өз-өздеріне қатты сындарлы. Өздерін келемеждей де алады, өзінің кемшін тұстарын ашық айтады, қателесіп кетсе, кешірім сұраудан ешқашан арланбайды. Рефлеския жасап, кем-кетігін айқындап, бағдарын түзеп отырады. Ықтимал сын-қатерлерді  батыл айтып, сараптайды. Сондықтан да болар, әр өткізген іс-шарасы біткен соң, кюар арқылы шағын сауалнаманы толтыртқызып, «Алған оң немесе теріс әсеріңізді, ұсынысыңызды жазыңызшы…» дейді де жүреді. Жақында Александр Ротард атты профессор конференциядағы баяндамасын жасап болып, “Пікіріңізді, ойыңызды, сұрағыңызды өте жоғары бағалаймын!” деп жазғанслайдпен аяқтауы сол сипатының айқын көрінісі болар.

Өткен жолы оқытушыларға арналған шоукейсте бір әріптес: «Креативтілік пен сыни ойлай білуді ұштастырған жерден инновация туады» деді. Шынында да көңіл аударарлық, құнды пікір екен. Бұл жақта ойлаудың төрт түріне ерекше мән береді, соларды дағды етіп қалыптастыруға тырысады: 1) Сыни талдау арқылы ойлау – ақпаратты бағалау, дәлелдерді тексеру, күмәндану, логикалық қорытынды жасау. 2) Нормативті ойлау – құндылықтарға сүйене отырып ойлау немесе ереже, норма бойынша қалай болуы керектігін анықтау. 3) Креативті ойлау – қалыптан тыс ойлауарқылы жаңа идеялар мен балама шешімдер ұсыну. 4) Болашақ тұрғысынан ойлау – болашаққа бағдарлану, ықтимал сценарийлерді қарастыру, ұзақ мерзімдегі салдарды да бағалау. Бірақ ең бірінші орында бәрібір сыни ойлау екені күмәнсіз.

Мәселен, сынның бірнеше деңгейінен өтпесе, ғылыми зерттеуің жарамсыз деген сөз. Ғылыми орта «peer review» қағидатына негізделген. Одан өтпеген жұмыс жоғары стандартқа сай деп санала алмайды. Ғылыми жобаларды қаржыландырушылар да жабық зерттеуді ұнатпайды. Егер ғылыми зерттеу тұжырымын мақалада жариялаған соң, оған көп сілтеме жасалса,  сол ғылыми идея өміршең деп саналып, қаржы құйылады. Ал реплика жасауға жарамайтын, жалған нәтижеге негізделген ғылыми мақалаларды «Retraction watch» сияқты арнайы сайттарға салып, әшкерелеп отырады. Бұл жақтағы ғылыми мақала тек ғылыми шындықты тексеру тетігі ғана емес. Ол – бедел, мансап, миссия және кәсіби мәртебе құралы. Технологиялық дамудың қозғаушы күші ме дерсің. Сол себепті де Ұлыбританияда ғылым мен технология ерекше ашық әрі өте жылдам дамып жатқан болар. 

МУЗЕЙ КӨП, ОЛ ДА ЗЕРТТЕУ АЛАҢЫ

Қырқыншы ерекшелік, Ұлыбританияда музей, галереялар өте көп. Оның ішінде белгілі бір салаға арналған тақырыптық музейлер баршылық. Ал ең бастысы, солардың 90%-ы тегін. Дегенмен, donation, яғни қолдау жарнасын беремін десеңіз, ұсынылатын сомма 5-10 паундты  құрайды. Оны нақты ақшамен арнайы жәшіктерге сала аласыз немесе кюар арқылы онлайн аударуға болады. Бұл жақтың әр қаласында ондаған музей бар. Ал осы сегіз айда өзім арнайылап барып, аралап көріп үлгерген бірсыпырасын тізіп шығар болсам, келесідей тізім шығады: British Museum (Лондон), Natural History Museum (Лондон), Science Museum (Лондон), Design Museum (Лондон), Victoria and Albert Museum (Лондон), Museum of Science and Industry (Манчестер), People’s History Museum (Манчестер), Manchester Art Gallery (Манчестер), Bodleian Library (Оксфорд), Oxford Castle & Prison (Оксфорд), Royal Armouries Museum (Лидс), Leeds City Museum (Лидс) және Leeds Art Gallery (Лидс).

 Олар Ұлыбританияның мәдениетін, ғылымын, өнерін, технологиясын, әскери тарихы мен өркениетінің дамуын таныстыратын ең беделді ұйымдар саналады. Тіпті көне кітапханасы, ескі қамалы болса да, соның ішінде де музей экспонаттары болады. Тарихты сөйлетіп қойған. Тікелей мағынасында. Әр экспонаттың жанында интерактивті тақталар, баяндағыш экрандар және «Түртіп көрші!», «Ұстап көрші!» деп аталатын иммерсивті тәжірибе сыйлайтын үлгілер тұрады. Түрлі экспиремент жасайтын интерактивті панельдер де қойылған. Мәселен, Манчестердегі Адамзат тарихы музейінде өндірістік революция кезінде кәсіподақ басшылары киген қара қалпақтарды киіп көрсек, Лондондағы табиғат тарихы музейінде түрлі тау жыныстарынан бағалы тас жасап көру тәжірибесіне қатыстық. Сондай-ақ әр музейде күніне бірнеше рет тақырыптық шоулар ұйымдастырады. Мысалы, Манчестердегі Ғылым музейіндегі сондай шоуда ғылыми ойжұмбақтар жасырылса, Лидстегі Әскер тарихы музейінде Англияның бірнеше ғасыр бұрынғы темір сауытты сарбаздарының айқасына арналған қойылымды тамашаладық.

 Әр музейдің ерекше жайлы асханасы мен тақырыптық бұйымдар, кітаптар сатылатын дүкені болады. Қай музейге барсаңыз да, оқушылар толып жүреді. Ұстаздарымен бірге келіп, шу-шу етіп өріп жүрген төменгі сынып оқушыларын да, қолдарындағы жұмыс дәптерін әр бұрышта зор ынтызарлықпен толтырып  тұрған жоғары сыныптың жекелеген шәкірттерді де көп кездестіресіз. Алғашқы динозаврлардың қаңқасының жанында және алғашқы алып компьютерлердің  айналасында солай үй тапсырмасын жасап жатқан оқушыны жиі көрдім. Ең қызығы, әр музейде балалар бұрышы бар, ол жерде іші пысып кеткен балақайлар отыра қалып, асыр салып ойнай алады, алып және мамық  леголар құрастырады немесе келген музейінің тақырыбына сай боямақ бояп жатады. Әр музейдің кіреберісінде бесікарбалар сіресіп тұрады ғой. Бір жасынан бастап-ақ балаларында музейге келу мәдениетін қалыптастырып жатқаны деп түcіндім. Осылайша  туған тарихына, жалпыадамзаттық құндылыққа және ең бастысы, ғылымға  баулиды. Шынайы, дәлелді, өзекті білім арқылы.

РЮКЗАК АРҚАЛАУ МӘДЕНИЕТІ

Қырқына шыдадыңыз, қырық біріне де шыдаңыз. Британияның келесі ерекшелігі сол, бұл жақта күнделікті өмірде бәрі дерлік рюкзак (backpack) арқалап жүреді. Он адамның тоғызы солай жүреді десем қателеспейтін шығармын. Бірде үндістандық профессорымыз оның менталитетінде жағдайы жақсы адамның өз сөмкесін өзі көтеруі сын екенін айтып қалды. Ал бұл жақта керісінше, рюкзаксыз адам біртүрлі сияқты. Қарапайым студенттен бастап, даңқты профессорына дейін жолдорбасын арқалап кетіп бара жатады. Шағын «сумочка» ұстап сызылған қыздарды кездестіру қиын. Бірақ қызғылт, күлгін, ойыншық ілінген рюкзак арқалаған бойжеткендер жетерлік. Әдетте рюкзак ішінде ноутбук, қойын дәптер, қаламсап және су жүретінін байқадым. Ең қызығы, оны арқалаған сол жандардың көбінің киімі классикалық үлгіде ғой. Менің таң қалғаным, бұл жақтың көшеде қол жайып тұрған қайыршысы да рюкзакпен жүреді екен.  Ал саяхатқа шықса, сол күнделікті ұстайтын арқа сөмкесінен екі еседей үлкен «нән» рюкзактарын (rucksack)толтырып алады. Оның ішіне тау-тасты аралағанда төсейтін төсенішіне дейін сыйып кететінін қайтерсіз.

Айтпақшыдай, су демекші, Ұлыбританияның әр университетінен немесе ғылыми көрме өтетін әр павильонынан тегін, таза су құйып алатын фильтрлі құрылғыны оңай табасыз.  Ол жағынан еш қиналмайсыз. Рюкзактан құтыңызды шығарып, сол нүктеден тәп-тәтті және тап-таза суды құйып алыңыз да, сіміре беріңіз. (Біздің де барлық университетке сондай сүзгіден өткен ауызсу құйып алатын бекеттерді жаппай орналастыру керек-ақ). Ал біздің Лидс университетінің асханаларында сонымен қатар лимон, лайм, апельсин немесе жалбыз салынған сулар да қойылған.  Ерекше дәмі бар су ішемін деген студент сол сулардан да тегін құйып ала алады. Мұны қамқорлықтың, қолжетімділіктің және салауатты өмір сүруге үндеудің жарқын көрінісі деуге болатын шығар. Жалпыбритандықтар –  көбірек су ішіп, көбірек таза ауа жұтып, көбірек жүгіріп, денсаулығын күтетін жандар.

СҰЙЫЛЫП БАРА ЖАТҚАН ҰРПАҚ

Ал енді әдеттегі дәстүр бойынша, бұл жақтың қандай кемшін тұстары бар деген тұсқа да келдік. Тұрақты оқырмандарым жақсы біледі, жолсапар очеркімнің әр бөлімінің соңында не нәрсесінен бойды аулақ ұстаған жөн деп ой толғайтыным бар. Соңғы халықаралық бағалауларға сүйенсек, Ұлыбританияның экономикасы – әлемдегі ең ірі экономиканың бірі. Жалпы ішкі өнімі бойынша әлемде 5-орында тұр. Халық саны шамамен 70 миллион адам, ол көрсеткіш бойынша  да артта емес, әлемнің 22-орнын алып тұр. Бірақ бір кері жағы сол, қаншалықты бай елде тұрса да, ішінара енжарлық, қайыршылық және нашақорлық проблемасын көруге болады. (Айлығы жетпесе, үйдің жалдау ақысының қалғанын мемлекет төлеп береді дегенге сүйеніп алып, жақсырақ жұмысқа тұруға ұмтылмайтындар да жетерлік екен). Сондай-ақ психологиялық ауытқуы бар, қамқорлықсыз қалған адамдардың қоғамдық орындарда кір-қожалақ болып, дабырлап  жүруі сескендірмей қоймайды.

Негізі, Ұлыбританияда ұзақ уақыт бойы әрбір жаңа буынның тұрмыс деңгейі алдыңғы буыннан жоғары болып келген дейді. Алайда қазіргі кезде алғаш рет жас ұрпақтың экономикалық мүмкіндіктері ата-аналарына қарағанда шектеулі болуы мүмкін деген алаңдаушылық күшейіп отыр. Яғни буынаралық прогресс баяулап қалған. Британ қоғамында бұл мәселе “generational decline” (ұрпақтың құлдырауы) деп айтылады.Оның себептерінің қатарында тұрғын үй бағасының шарықтауы, жалақы өсімінің баяулауы, білім алу құнының артуы және жұмыс нарығының тұрақсыздануы бар.

   Тағы бір парадоксы, тұрақты даму, қоршаған ортаны қорғау деп жиі айтылса да, өздері бір реттік ыдыстар мен бұйымдарды өте жиі қолданады екен.  Қағаз, пенопласт, пластик пен алюминий қалбыр тым көп. Өте көп. Кез келген тамақ сататын орын, мейлі ол университеттің асханасы болса да, ең алдымен: «Іште ішесіз бе, әлде сыртқа алып кетесіз бе?» деп сұрайды. Қалау еркіндігі деп жүріп, қоршаған ортаны өте көп қоқыспен толтырып жатқанын көру алаңдатпай қоймайды. Оның үстіне қалдықты жолға лақтыра салатындар көп болғандықтан, көше бойында үйілген, тапталған, домалаған қаңылтыр банкалар мен пластиктерге бір қарап, терең күрсініп қойып, кете бересің…

Әзірге осы. Алда екі бөлім қалды. Келесі жазбамды күтіңіз, құрметті патша көңілді оқырман!

Алма Сайлауқызы,

PhD ғылым докторы, “Болашақ” бағдарламасының

 «500 ғалым» ғылыми тағылымдама стипендиаты

Лидс университеті, Ұлыбритания

Сурет автордыкі

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар