///

Сөз бостандығына араша немесе Құрылтай депутаттарына ашық үндеу жасалды

74 рет қаралды
фото: Азаттық Азия телеграм каналы

Еліміздегі сөз бостандығы мен құқыққорғау саласындағы бірнеше ұйым Құрылтай депутаттарына ашық үндеу тастады. Олар «Қауіпсіздік ережесін журналистік қызметті шектеу құралына айналдырмауға» шақырып отыр. Осылайша, үндеуге қол қойған ұйымдар Құрылтай ғимаратындағы журналистер жұмыс тәртібінің өзгеруіне алаңдайтынын білдірді.

ҚҰРЫЛТАЙ КУЛУАРЫНДА ДЕПУТАТТАРҒА ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ САУАЛ ҚОЯ АЛМАУЫ – СӨЗ БОСТАНДЫҒЫН ШЕКТЕЙ МЕ?

«Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қоры, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры, MediaNet халықаралық журналистика орталығы, Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық бюроның бірлесе үндеу жасауына жаңа сайланған Құрылтай аппаратының Парламент ғимаратында журналистердің жұмыс істеуіне қатысты қойған талаптары себеп болып отыр.

Журналистердің Құрылтай депутаттарына бұрынғыдай Парламент кулуарында еркін сұрақ қоя алмайтыны туралы  Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Кальянбеков мәлімдеген еді. Оның сөзінше, ендігі жерде журналистер тек баспасөз орталығында ғана депутаттарға сұрақ қоятын болады. Бұған қоса, Құрылтай аппараты журналистердің депутаттардан сұхбат алатын орынын өз бетімен белгілеуге құқылы.

Ал, нақты мәселеге қатысты журналистер қандай да бір депутаттың пікірін білгісі келсе, алдын-ала келісіп, кездесу уақытын белгілеуі керек, болмаса жазбаша сауал жолдай алады. Дегенмен, бұрынғыша кулуарда кез-келген депутатты шұғыл сұхбатқа шақыра алмайды.

Болат Кальянбеков бұл талаптарды журналистерді аккредиттеу тәртібімен байланыстырды. Десе де, бұл талап құжат жүзінде ресми бекітілген жоқ. Сөйте тұра, 31 тамыз күні, вице-президентті Құрылтай депутаттары сайлаған күні, отырыстан соң журналистер Парламент кулуарына шыға алмай, баспасөз орталығынан қайтқан. Бұл туралы kursiv.media басылымы жазды.

Құрылтай депутаттарына ашық үндеу жасаған ұйымдарды алаңдатып отырғаны да сол: журналистердің депутаттармен жұмыс істеуі үшін ұсынылған жаңа талаптың ешбір құжатпен бекітілмеуі.

«Мұндай шектеулер журналистерді аккредиттеу жөніндегі жарияланған ережеде немесе Құрылтайдағы БАҚ өкілдерінің жұмыс тәртібін реттейтін өзге де қабылданған құжаттарда көрсетілмеген. Бұл жағдай қолданылатын талаптардың құқықтық айқындығы мен болжамдығы тұрғысынан сұрақтар туғызады. Журналистік қызметке қатысты кез келген шектеудің нақты құқықтық негізі болуы, ол ресми түрде белгіленуі және түсінікті әрі бірізді тәртіппен қолданылуы тиіс», делінген Үндеуде.

Журналистердің жұмысына бөгет туындауы мүмкін деп алаңдаған қоғамдық ұйымдар Қазақстан Конституциясы сөз бостандығына кепілдік беретінін алға тарта отырып, «Масс-медиа» туралы заңда журналистерге берілген құқықтарды еске салады. Дегенмен, «мемлекеттік орган ғимаратындағы қауіпсіздік мен объектішілік режим талаптарының болуы заңды әрі қажетті шара» екенін алға тарта отырып, бұл шаралар «журналистердің кәсіби құқықтарын және қоғамдық маңызы бар ақпаратты алу мүмкіндігін шамадан тыс шектеуге әкелмеуі тиіс» екенін еске салады.

«Журналист алдын ала «дұрыс» депутатқа жазылып, оны арнайы белгіленген жерде күтіп, аппаратқа ыңғайлы сұрақтарды ғана қоюға міндетті емес. Бейресми коммуникациялар — парламенттік журналистиканың маңызды бөлігі. Отырыстан кейін депутаттың қасына жедел барып, нақтылау немесе қолайсыз сұрақ қою, өзекті тақырып бойынша пікір алу мүмкіндігі — демократиялық парламенттегі БАҚ жұмысының қалыпты тәжірибесі», делінген Үндеуде.

Сонымен қатар, үндеу авторлары дәл осы шектеудің парламент сайлауынан кейін, Құрылтай жұмысқа кіріскен алғашқы күндерде қолданысқа енгізілуіне алаңдайды. Бұл ережені елдің заңнамалық кепілдіктерімен сәйкес болуы тиіс екенін атап өткен.

«Біз Қазақстан Республикасы Құрылтайының аппараты мен басшылығын БАҚ өкілдерінің жұмыс істеуіне қатысты қолданыстағы ереженің ашықтығын қамтамасыз етуге және іс жүзінде қолданылып отырған тәртіпті ресми қабылданған құжаттар мен журналистердің кәсіби қызметіне берілген заңнамалық кепілдіктерге сәйкестендіруге шақырамыз», делінген құжатта.

Сонымен қатар, Құрылтай құрамына енген саяси партиялар мен фракцияларды БАҚ-пен өзара іс-қимылды күшейтуге шақыра отырып, үндеу авторлары, «БАҚ аудиториясының депутаттардың заң шығару қызметі, қабылдайтын шешімдері және Құрылтай қабырғасында әзірленіп жатқан заңдар туралы білуге құқығы бар екенін түсіну қажет» деп көрсетеді.

«Бұл ретте қауіпсіздік талаптары мен қоғамның мемлекеттік органның қызметі туралы ақпарат алу құқығы арасындағы тепе-теңдік сақталуы тиіс» деп аяқталған, «Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қоры,
«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры,
MediaNet халықаралық журналистика орталығы,
Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық бюро бірлесе жасаған Үндеу.

АИДА БАЛАЕВА ЖУРНАЛИСТІК ӘДЕПТІ САҚТАУҒА ШАҚЫРДЫ

Естеріңізге саламыз, Қазақстанда тұңғыш рет 23-тамыз күні Құрылтай сайлауы өтті. Оған елдегі 7 партия кандидат ұсынып, 5 партия 5 пайыздық межеден жоғары дауыс жинаған еді. Құрылғанына 5 ай толған «Әділет» партиясы ең көп мандат алды, 110 депутат. Қалған 4 партия 10 мен 8-дің арасында мандат алды.

«Әділет» партиясынан сайланған депутаттар құрамында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиені Дана Медеуова бар. Ол Тоқаевтың қарындасы Қарлыға Ізбастина мен дипломат Теміртай Ізбастиннің қызы, екенін жазды кейбір басылымдар.

Сонымен қатар, партия атынан сайланған депутаттар арасында Qazaqstan Ұлттық арнасының дикторы, журналист Армангүл Тоқтамұрат та бар. Алайда әлеуметтік желіде көпшілік Армангүл Тоқтамұраттың кандидатурасына қатысты түрлі пікір білдірді. Журналистің жеке баспанасы бола тұра, Dara президенттік бастамалар қоры атынан БАҚ қызметкерлеріне берілген пәтерден де бас тартпағанын көпшілік сынға алды. Сонымен қатар, осы мәселеге қатысты Армангүл Тоқтамұраттан пікір алмақ болып, сауал қойған журналиске «жауап бермеймін», деп тіл қатқан депутаттың іс-әрекеті де әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсіп, тіпті кей қолданушылар журналистің ар-намысына тиетін пікірлер жаза бастады.

Осы тұста, Мәдениет және ақпарат экс-министрі Аида Балаева әлеуметтік желіде жазба жариялап, «тұрғын үй мәселесі бойынша түрлі алыпқашпа әңгімелер мен орынсыз пікірлер айтылып, мұның соңы буллингке ұласып бара жатқаны байқалатынын» атап өтті.

Министр жазбасында, «Алғашқы жылдары журналистерге пәтерлер редакциялар ұсынған тізімдер бойынша берілді. Кейінгі жылдардан бастап бүгінге дейін пәтерлер тұрғын үй беру қағидаларына сәйкес, меншігінде жылжымайтын мүлкі жоқ сала қызметкерлеріне ғана беріліп келетінін», айтқан.

Сонымен қатар, «кәсіби журналист жұмысының басты өлшемдерінің бірі – журналистік әдепті сақтау» екенін ескертіп, «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабы 4-тармағының тармақшасына сәйкес, кәсіби әдеп нормаларын сақтау – журналистің міндеті», екенін еске салды. Сонымен қатар, «барша журналисті бұзғаны үшін тиісті шаралар көзделген аккредиттеу қағидалары мен іс-шаралар регламентін ғана емес, кәсіби әдеп нормаларын да сақтауға» шақырған еді, сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

ҚАЗАҚСТАНДА ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ҚЫСЫМ КҮШЕЙДІ МЕ?

Осы тұста, елдегі соңғы оқиғаларды саралай отырып, Қазақстанда журналистерге қатысты қысым күшейді ме деген сауал туады?

Өйткені, журналистердің түрлі бап бойынша сотқа тартылуы және әлеуметтік желінің бұғатталуы жиілеп келеді. Бірқатарына тоқталып өтсек.

18-тамыз күні «Orda» басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнәр Бажкенова 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған «көрінеу жалған ақпарат тарату, бөтеннің мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу» айыптары тағылған болатын. 1–қыркүйек Гүлнара Бажкенова негізін қалаған «Orda.kz» сайты өз жұмысын тоқтатты. Медианың қазіргі меншік иесі, бұл қадамды қаржылық қиындықтармен байланыстырып отыр.

Сонымен қатар, Алматыдғы «Көкжайлауда»  тау-шаңғы кешенінің құрылысы барысында, қызыл кітапқа енгізілген ағаштардың кесіліп жатқаны туралы әлеуметтік желіде жазып, курорт құрылысына қарсы пікір айтқан журналист, эко-белсенді Аруна Ортай 15 тәулікке қамалғаны туралы ақпарат тарады.

Ал, құрылтай сайлауы алдында Құқықтық медиа-орталық директоры Диана Окремова мен Media Qoldau қызметін басқаратын Гүлмира Біржанова жеке Facebook аккаунттары бұғатталғанын хабарлаған болатын.

Тәуелсіз журналист Вадим Борейко қаржылық қиындыққа тап болғаны туралы жалған ақпарат таратылып, күдікті сілтемелер жарияланған еді.

Бұдан бөлек,  шілде айында журналист, саяси шолушы, «Ахуал Сегодня» YouTube-арнасын жүргізетін Азамат Омаров әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздырды деген күдікпен қамауға алынып, YouTube-арнасы бұғатталған болатын.

«Ара-медиа» YouTube арнасының авторы Руслан Ербота «Qazaqstan» арнасының шағымы бойынша бірнеше видеосын YouTube әкімшілігі өшіргенін хабарлады.

Сонымен қатар, «Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қорының дерегінше «Просто-журналистика» жобасының авторы, журналист Лұқпан Ахмедьяров «қасақана жалған ақпарат тарату» бабы бойынша «қорғануға құқы бар куәгер» статусында. Журналисті полиция шақыртпағанымен, оның шоттары бұғатталған, шетелге шығуына тиым салынған.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Дзюдодан ел чемпионаты басталды

Орал қаласындағы «Жайық Арена» спорт кешенінде дзюдодан ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Ел біріншілігінің алғашқы