Басты қағида бірінші жариялау емес, зиянды азайту

Қорғаныс министрлігінің Telegram арнасы 24 қыркүйек түскі сағат 13:57-де Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде 19 сарбаздың суға батып (кейін бұл ақпарат 17-ге өзгерді – ред), олардың 9-ы қаза тапқанын, үшеуі аман-есен құтқарылып, қалған 7 адам іздестіріліп жатқанын мәлімдеді. Осыдан кейін елдегі ақпарат құралдары Каспий теңізіндегі қайғылы оқиға туралы жарыса жазды.

«Кез келген қайғылы жағдайда журналистердің ең бірінші ескеретін нәрсесі – зиянды азайту» дейді медиасарапшы Есенгүл Кәпқызы. Оның сөзінше, медиалар негізінен ақпаратты бірінші болып таратуды мақсат еткен.

«Кейбір медиа қайтыс болған өрімдей жастардың аты-жөнін, бәрін таратуға тырысты. Жарыса тарату – әлі бұл қайғы туралы естіп-білмеген ата-ана, жақыны, туғандарының жүрегіне қаншалықты қайғы салып жатқанын түсінбеу», – дейді ол.

Сарапшы кейбір БАҚ-тың марқұм сарбаздардың есімі арқылы әлеуметтік желідегі аккаунтынан, бұрынғы жаңалықтардан суретін алып, бірге жариялауға ұмтылуы да осы этика талабын ескермеуден туғанын айтады.

Бұл тұрғыда Қорғаныс министрлігінің қаза тапқандарды естірту барысы да қоғаммен байланыс әдебі тұрғысында үлкен сұрақ тудырды. Бұл тікелей журналистерге қатысы жоқ оқиға екенін ескерте кетейік.

Дегенмен қазаны естірту кезінде я қаза тапқан адамның суретін жариялайтын сәтте оның ет жақындарының психологиялық күйзелісін ақпарат таратып отырған журналист ескергені абзал.

Осындай қайғылы жағдайларда тілші қоғам мүддесі мен жеке өмірге қол сұқпаудың шекарасын айқындай білу керек.

«14 адам қаза тапты. Қоғамның ақпаратты білу құқығы бар. Бір емес, бірнеше адамның қазасы жүйелі кемшіліктің көрінісі болуы мүмкін. Бірақ осы жағдайдың фонында бірнеше ақпарат құралы марқұм баланың бірінің әскерден келу құрметіне алдын ала тойға шақыруының суретін таратты (1, 2, 3). Сол кезде оның әке-шешесіне қаншалық салмақ салатынын, жүрегін қаншалық ауыртатынын ойлаған жоқ. Бұл жерде “мұны таратудың қажеті қаншалық?” деген сұрақ менің көкейімде тұрды», – дейді Есенгүл Кәпқызы.

BBC агенттігі редакциялық саясатында бұл туралы «қайғылы оқиғаларды жариялағанда қоғамдық мүддеге сай толық әрі дәл ақпарат беру қажеттігін адамдарға жанашырлық таныту және жеке өмірге негізсіз араласпау қажеттігімен теңестіруіміз керек» деп келтірген. 

Жеделдік пен ақпараттың дәлдігі. Қайсына басымдық береміз?

Жеделдік пен ақпараттың дәлдігі арасында қайсына басымдық берілуі керек деген сұрақ журналистер үшін үнемі талқы тудырады. Күнделікті ақпарат кеңістігінде материалы көп оқылған, видеосы көп көрілген медиа ұйымдар ықпал мен танымалдыққа ие болатыны белгілі. Бірақ бұл көрсеткішке журналистік стандарттарды ескермей, бірінші болып ақпарат тарату арқылы қол жеткізу абырой әпермейді.

Бұл мәселені Reuters агенттігі этика кодексінде «дәлдік – жұмысымыздың өзегі, ақпаратты бірінші болып жеткізу – міндетіміз, бірақ ең бастысы – оны дұрыс жеткізу» деп түсіндіреді.

«Оқиға болды. Енді журналистердің мақсаты осы оқиғаға байланысты сыни талдау, сыни баға беру қажет еді. Бірақ бізде желіде тараған тексерілмеген ақпараттарға сүйеніп ақпарат тарату қатты белең алды», – дейді Есенгүл Кәпқызы.

Ол «медиалардың бір тобы көп жағдайда әлеуметтік желіде қандай ақпарат тараса, соны таратумен айналысты» деп бағамдайды.

«Оқиғаға ауа-райының бұзылуы себеп болды деген ақпарат көп тарады. Бірақ ауа райының дұрыс болған-болмағандығын тексеруге тырысқан журналистер болды ма деген сұрақ туындайды. Яғни, ресми ақпарат болсын, балама ақпарат болсын, кез келген деректі басқа да дереккөз арқылы тексеруге деген талпыныс болуы керек», – дейді сарапшы.

Қазақ медиасында әскери-теңіз күштерінің сарапшыларына сұрақ қойып, қайғылы оқиғаның себебі мен салдарына үңіліп, талдау ұсынған журналистер де болды.

«Қайғы трафик пен оқырман жинау құралына айналмауы керек»

Сарапшы медиада эмоция тудыруға әуестік барын айтады. Дәстүрлі медиамен қатар әлеуметтік желідегі пабликтер де қолданушылар назарын ұстайтын осы нәрсеге басымдық береді дейді.

«Адамдардың эмоциялық күйзелістерін, соны үлкен кадрлармен көрсеткенді жақсы көреміз. Медиа этика бойынша мұндай жекелеген көріністерден көрі символикалық мәнге ие ауқымды суреттерді, ауқымды нәрселерді, кадрларды көрсеткен дұрыс», – дейді Есенгүл Кәпқызы.

Қаралы оқиғадан хабар таратқан журналист күйзеліп отырған адамнан сұхбат алу әдебін де сақтай білуі қажет. Күйзеліп отырған адамнан едел-жедел сұхбат алып, таратып жіберу де белгілі бір деңгейде сұрақ тудырады.

Есенгүл Кәпқызы «адам эмоциялық жағдайын бағамдай алмайды, қайғы үстінде сұхбат беруге келісу шынайы келісім болып саналмайды» деген халықаралық медиа тәжірибесін алға тартады.

«Адам өзіне-өзі келгеннен кейін, аздап есін жинағаннан кейін ғана оны сұхбатқа тартуға болады. Ал өзі күйзеліп отырған адамнан барып сұхбат алып және оны таратып жіберу – этикаға қайшы нәрсе», – дейді ол.

Сондай-ақ «масқара жағдай», «қорқынышты сұмдық», «сенсациялық өлім» деген сипаттағы эмоциялық сөздер қолданудан аулақ болу қажет. Ол оқиғаның фактілік мазмұнын күшейтпейді. Керісінше, журналистік материалды артық әсірелеуден сақтайды.

Билік коммуникациясы ресми деректің өзгеруін уақтылы түсіндіре алды ма?

24 қыркүйекте түсте шыққан қаза тапқандар туралы ақпараттағы деректер кешкі есепте өзгерді. Маңғыстау облыстық әкімдігі теңіз толқыны 19 емес, 17 адамды алып кеткенін нақтылады. Егер мән берсек, Қорғаныс министрлігі күндізгі мәлімдемені «алдын ала ақпаратқа сәйкес» деген ескертпемен таратқан. Ал кешкі мәлімдеме «нақтыланған деректерге сәйкес» деген түзетумен берілді. Бірақ Қорғаныс министрлігі ақпараттың неге өзгергенін түсіндірген жоқ.

Медиасарапшы «ресми ақпараттағы қайшылықтарды журналист өзі анықтауы керек» деп санайды. Ол тізімнен екі адамның кему себебін елдегі БАҚ дер кезінде мәселе етіп көтере қоймағанын байқағанын айтады. Ақпарат беруші тарап себебін түсіндірмеді, ал таратушы тарап неге екенін уақтылы сұрап, мәселе етіп көтере қоймады. Бұл жағдай әлеуметтік желіде сұрақ тудырып, сенбі-жексенбі күндері «екі сарбаз із-түссіз кетті ме» деген сұрақ туды.

Есенгүл Кәпқызы «бұл сауалды азаматтық қоғамның өкілдері, сол балалардың туған-туысқандары көтергеннен кейін журналистер қимылдай бастады» дейді. Дүйсенбі, 28 қыркүйекте Қорғаныс министрлігі бұл сұраққа қатысты мәлімдеме таратып, тізімнен сызылған екі сарбаз оқу-жаттығу кезінде жағалаудағы тапсырманы орындағанын айтты.

Маман бұл жағдай дағдарыс коммуникациясы жете дамымағандығын көрсетті деп есептейді. Ол оқиға болған жерде немесе орталық Астанада журналистер үшін тұрақты түрде брифиң ұйымдастырылмағанына да назар аударады.

Оның сөзінше, тұрақты түрде ақпарат таратпағаннан кейін, ресми ақпарат ұзақ үзіліспен жаңарғандықтан, жұрт түрлі қауесетке, жалған ақпараттарға сене бастап, соны таратуға бейім болады.

Қорыта айтқанда, қаралы оқиға туралы журналистік материалдың бағасы оның қаншалық әсерлі немесе тез шыққанына қарай қойылмайды. Оған қаншалық дәл, тексерілген, түсінікті және жапа шегуші тарап шекарасын сақтап жазылғаны ғана өлшем болады. Сондықтан сауатты, кәсіби журналист мұндай жағдайда бұл деректі кім растады, ақпарат өзгеруі мүмкін бе, тек дәлелденген нәрсені айтып тұрмын ба, фото немесе видео қоғамға қажетті ақпаратты бере ме, қаза болған адамның туыстарының жеке кеңістігін бұзбаймын ба деген сұрақтарды қоюы қажет.

Сана Ақылбек

Дереккөз: Factcheck.kz

Басты беттегі сурет: Magnific.com