Алматыдағы «Целинный» заманауи мәдениет орталығында «Himoya: Ана тегінің қуаты, киелі байланыс» атты халықаралық көрме ашылды. Жобаға Орталық Азия мен әлемнің өзге өңірлерінен 21 суретші қатысып, тарихи жад, ұрпақтар сабақтастығы, әйелдердің мәдени мұраны сақтаудағы рөлі және отаршылдықтың салдары туралы туындыларын ұсынды.
15 қазанда ашылған көрмені халықаралық куратор әрі зерттеуші Наташа Гинвала ұйымдастырған. Жоба 2027 жылғы 4 сәуірге дейін жалғасады. Экспозицияға арнайы әзірленген жаңа жұмыстармен қатар бұрын жасалған өнер туындылары да енгізілген.
«Himoya» сөзі бірнеше тілде қорғаныш, пана, қамқорлық мағыналарын білдіреді. Көрменің негізгі идеясы да осы ұғымдармен байланысты. Ұйымдастырушылар өнер арқылы ата-бабадан қалған білімнің бүгінгі қоғамдағы орнын, оның ұрпақтан ұрпаққа қалай жеткізілетінін көрсетуге ұмтылған.
Көрмеде әйелдер арқылы жалғасатын туыстық байланысқа, халықтың рухани дүниетанымына және жергілікті дәстүрге ерекше назар аударылған. Суретшілер түркі халықтарының көне наным-сенімдеріне, сопылық, зороастрлық және бақсылық дәстүрлерге сүйене отырып, мәдени мұраның қазіргі өмірмен байланысын қарастырады.
Жоба аясында отарлау саясатының жергілікті халықтардың тіліне, салт-дәстүріне және мәдени бірегейлігіне тигізген әсері де қозғалады. Өнер туындылары арқылы тарихи жадының әлсіреуі, мәдени құндылықтардың жоғалуы және оларды қайта жаңғырту мәселелері талқыланады.
Көрмеге қатысушылар қатарында қазақстандық суретшілер Алмагүл Меңлібаева, Нара Бейбіт, Зарина Мұқанова, Еламан Мұхтархан және өзге де халықаралық өнер өкілдері бар. Экспозицияда Нара Бейбіттің «Жеті басты ана туралы аңыз», Гүзел Зәкірдің «Қайсарлық дәмі», Ахмед Омардың «Нұр шашқан фалангалар» атты жұмыстары да ұсынылған.
«Целинный» заманауи мәдениет орталығының көркемдік директоры Әлима Қайраттың айтуынша, бұл жоба орталықта 2021 жылдан бері талқыланып келе жатқан мәселелердің жалғасы саналады. Оның пікірінше, тарихи жад тек жазба құжаттарда сақталмайды. Адамдардың күнделікті әрекеті, әдет-ғұрпы, дене қимылы мен отбасылық тәрбиесі де өткен ұрпақтың тәжірибесін кейінгі буынға жеткізеді.
Көрменің кеңістіктік безендірілуін Diogo Passarinho Studio әзірлеген. Жобалаушылар бұрынғы кеңестік кинотеатр ғимаратының тарихын ескеріп, оны тарихи мұра мен заманауи өнер тоғысатын кеңістік ретінде қарастырған.
Айта кетейік, «Целинный» орталығының негізі 2018 жылы қаланған. Мәдени мекеме 2025 жылы жаңғыртудан өткен бұрынғы кинотеатр ғимаратында ашылды. Орталық Қазақстан мен Орталық Азиядағы заманауи өнер жобаларын қолдауға бағытталған.
Бегім КӨКТҮРІК
Парақшамызға жазылыңыз
