Құрманғазы оркестрі «Qurmangazy: Next Cover Concert» атты ерекше форматтағы концерт ұсынды

120 рет қаралды
Құрманғазы оркестрі «Qurmangazy: Next Cover Concert» атты ерекше форматтағы концерт ұсынды
Дереккөз: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі 93-концерттік маусымы аясында тыңдармандарға тың музыкалық форматтағы «Qurmangazy: Next Cover Concert» концертін ұсынды. Жоба дәстүрлі музыка мен заманауи орындаушылық бағытты тоғыстырып, көпшілікке танымал музыкалық шығармаларды қазақтың халық аспаптары арқылы жаңаша өңдеуде жеткізді.

Атап өтерлігі, мұндай жаңа форматтағы музыкалық жобаны еліміздегі ұлттық аспаптарға негізделген кәсіби оркестрлер арасында алғашқылардың бірі болып Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі жүзеге асырып отыр. Кешке ұлттық оркестрмен бірге Қазақстан эстрадасының танымал орындаушылары Дана Сәбит, Диана Исмаил, Абик Жексен, Аружан Данышпан, Асқар Рысбек, Әбіл Жұма, Гүлнар Көшенова және Ғабит Бибасұлы қатысты. Концертте халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Нарын Қажығали мен Әділбек Мақсұт дирижерлік етті.

Концерт Сүгірдің «Ыңғай төк» күйімен ашылып, оны оркестр дирижер Нарын Қажығалидың жетекшілігімен орындады. Одан кейін сахнаға көтерілген Гүлнар Көшенова «Дариға жүрек» әні мен «Же вью» шығармасын шырқады. Абик Жексен дирижер Әділбек Мақсұттың жетекшілігімен «Қайран менің жүрегім» әнін орындаса, кейін «Shape of My Heart» хитін халық аспаптарының сүйемелдеуімен жаңа қырынан ұсынды. Аружан Данышпан «Гүлсезім» және «Аяла сен мені» әндерін, Әбіл Жұма «Ауылым» әнін орындады.

Әлемдік эстраданың танымал туындылары да ұлттық аспаптар үнімен ерекше реңкке ие болды. Дана Сәбит Adele-дің «Skyfall» әні мен «I Will Always Love You» балладасын шырқады. Ғабит Бибасұлы дирижер Әділбек Мақсұттың жетекшілігімен «Sorry Seems to Be the Hardest Word» әнін орындап, Асқар Рысбекпен бірге «Perfect» әнін ұсынды. Асқар Рысбек сондай-ақ «Сағындым сені» әні мен «Фуникули-фуникуля» шығармасын орындады. Диана Исмаил «Сені кездестіргелі» және «Кездесер» әндерімен көрермен ықыласына бөленді. Сонымен қатар Әділбек Мақсұт дирижер Нарын Қажығалидың жетекшілігімен «Река любви» шығармасын ұсынды.

Бағдарламада оркестрдің өз орындауындағы аспаптық туындылар да орын алды. Құрманғазының «Адай» күйі, дирижер Нарын Қажығалидың жетекшілігімен «Көроғлы», Фредди Перреннің «I Will Survive» шығармасы, Әділбек Мақсұттың жетекшілігімен «Adagio» тыңдармандарға жаңаша өңдеуде жетті. Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі «Ұмытылмас күн» әні болды: дирижер Әділбек Мақсұттың жетекшілігімен бұл әнді залдағы көрермендер оркестрмен бірге орындады. Концерт «Тико-тико» шығармасымен аяқталды.

«Qurmangazy: Next Cover Concert» жобасы ұлттық музыкалық мұраны сақтай отырып, оны заманауи форматта насихаттауға, халық аспаптарының мүмкіндіктерін кеңінен танытуға және оркестрдің шығармашылық ізденістерін жаңа бағытта дамытуға бағытталған маңызды бастама болды. Дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырған бұл кеш ұлттық аспаптардың кез келген жанрдағы шығарманы еркін игере алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Бегім Көктүрік

Бегім Көктүрік — журналист. 2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тамамдады.

Маманданатын салалары: тіл, мәдениет, әлеуметтік мәселелер, зерттеу журналистикасы, медиасауат.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар