«ҚазМұнайГаз» тобына кіретін «Oil Services Company» ЖШС Маңғыстау облысындағы кен орындарына жүргізушісімен бірге жеңіл көлік жалдау үшін ашық тендер жариялады. Самұрық-Қазынаның сатып алу порталындағы № 1265968 тендердің құжаттарына сәйкес, оның жалпы сомасы ҚҚС-сыз 4 192 930 967,95 теңге. Қызмет 2027 жылғы қаңтардан 2031 жылғы желтоқсанға дейін көрсетіледі.
Тендер үш лотқа бөлінген:
- Жетібай кен орны: 1,548 млрд теңге;
- Қаламқас кен орны: 1,952 млрд теңге;
- Ақтаудағы және өңірдегі «Oil Services Company» нысандары: 693,1 млн теңге.
Тендерлік құжаттамаға қарағанда, шығын жыл сайын шамамен 7%-ға өседі. 2027 жылы барлық лот бойынша 731,9 млн теңге жоспарланған, ал 2031 жылы бұл сома 954,9 млн теңгеге жетеді.
Өтінімдер 9 қарашада қабылдана бастады, соңғы мерзімі 16 қараша. Тендерге қатысу үшін компанияның осы салада кемінде бір жыл тәжірибесі болуы керек. Бұл тәжірибе бір шарт бойынша жылына кемінде 75 млн теңге көлемінде көрсетілген қызмет бойынша расталуы тиіс. Жеңімпаз ең төменгі «шартты бағамен» анықталады. Жүргізушілерге белгіленген ең төменгі жалақыдан көп төлейтін қатысушы бағасынан 5%-ға дейін, ал шағын немесе орта бизнес өкілі қосымша 1% жеңілдік алады.
Шарттың жобасында жұмыскерлерге қатысты бірнеше талап бар:
- Тапсырыс беруші ұсынған адамдарды алдымен жұмысқа алу. Тапсырыс беруші шарт жасалғаннан кейін 3 жұмыс күні ішінде мердігерге жұмысқа алынуы тиіс адамдардың тізімін жібереді. Мердігер оларды «бірінші кезекте» жұмысқа алуға міндетті.
- Жұмысқа алуды келісу. Мердігер кез келген қызметкерді жұмысқа алуды тапсырыс берушімен келісуі керек. Келіспесе, тапсырыс беруші шарттан бас тартуы мүмкін.
- Төлем тәртібі. Төлемнің 80%-ы шот-фактура ұсынылған күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде төленеді. Қалған 20%-ы мердігер жалақы мен әлеуметтік төлемдер бойынша есеп бергеннен кейін ғана аударылады.
- Төтенше жағдайға дайындық. Мердігер ереуіл немесе еңбек даулары секілді төтенше жағдайға арналған іс-қимыл жоспарын әзірлеуі керек. Мұндай жағдайда қызмет толық тоқтап қалмауы тиіс.
Qumash.kz жариялаған техникалық ерекшеліктің скриншотына сәйкес, көліктер төрт доңғалағы да жетекші пикап болуы керек. Қозғалтқышының көлемі кемінде 2600 текше см, қуаты кемінде 160 ат күші, жасы 5 жылдан аспауы тиіс. Көліктердің бірі «БД инженеріне» арналған және ол міндетті түрде сары түсті болуы керек. Ertenmedia.kz мәліметінше, барлығы 34 көлік қажет.
Осыған ұқсас тендер жазда да жарияланған болатын. Qumash.kz-тің 15 шілдедегі мақаласына сәйкес, «Oil Services Company» сол кезде 35 пикап жалдауға 4,194 млрд теңге бөлген. Басылым ол тендердің шарттары қазір осындай қызмет көрсетіп отырған «ҚазМұнайГаз»-дың басқа еншілес компаниясы Oil Transport Corporation-ға тиесілі болғанын жазған.
«Мінбер» ақпарат агенттігі «Oil Services Company» мен «ҚазМұнайГаз»-ға сауал жолдады. Сауалда компаниялардан бірінші тендердің неге қайта жарияланғанын, көліктерді сатып алмай, неге жалдауды таңдағанын түсіндіруді сұрадық. Жауап келген соң, оны жариялаймыз.
