//

Апта шолуы: журналиске қоқан-лоқы, бұғатталған парақшалар және сайлау кезіндегі шектеулер

39 рет қаралды
Апта шолуы: журналиске қоқан-лоқы, бұғатталған парақшалар және сайлау кезіндегі шектеулер
photo: Unsplash

Minber-Academy апта бойы журналистердің құқығына қатысты болған негізгі оқиғаларды шолуды жалғастырады. Бұл шолу 5–11 қараша аралығын қамтиды.

Аптаның басты оқиғалары

1. Наталья Садықоваға тағы да  қоқан-лоқы жасалды

BASE YouTube арнасының журналисі Наталья Садықова 6 қарашада өзіне жаңадан қоқан-лоқы көрсетілгенін хабарлады. Бұл арнаның Жапониядан қазақстандық ММА делегациясын алып келген жеке ұшақ туралы зерттеуінен кейін болды. Журналистің айтуынша, материалда аты аталған адам онымен «есеп айырысамын» деп, бұған Украинадағы адамдарды тартпақ болған. Садықова Украинада тұрады. Ол қоқан-лоқыны құжаттап, адвокат Дмитрий Моргунмен бірге Украинаның құқық қорғау органдарына жүгінді. Журналист бұл оқиғаны күйеуі Айдос Садықовтың 2024 жылы Киевте өлтірілуімен және BASE-ге жасалып жатқан қысыммен байланыстырады.

2. «Уральская неделя» басылымының Instagram парақшасы бұғатталды

4 қарашада «Уральская неделя» басылымының 219 мыңға жуық жазылушысы бар негізгі Instagram парақшасы зияткерлік меншік құқығын бұзды деген шағыммен бұғатталды. 6 қарашада ол әлі ашылмаған еді. Редакция Access Now ұйымына жүгінді, ал қосымша парақшалар қалпына келтірілді. Өткен аптада осындай шағымдармен Әділ сөз қорының, Лұқпан Ахмедияров пен адвокат Артем Асқаровтың парақшалары да бұғатталған болатын.

3. ҰҚК интернет-трафикті басқарудың жаңа қағидаларын бекітті

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 30 қазанда №133/ҚЕ бұйрыққа қол қойды. Бұйрық 4 қарашада жарияланып, 15 қарашадан бастап күшіне енеді. Енді ұялы байланыс операторлары, хостинг-провайдерлер және онлайн-платформалардың кэш-серверлеріне қосылған операторлар «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ басқаратын орталықтандырылған жүйеге қосылуға тиіс. Ресурстарды бұғаттау туралы ұлттық қауіпсіздік органдары мен медиа реттеушінің нұсқауларын осы жүйе орындайды. Әділ сөз қорының айтуынша, қағидаларда бұғаттау мерзімі де, оған шағымдану тәртібі де көрсетілмеген. Ал жабдыққа қойылатын талаптар «Қызмет бабында пайдалану үшін» деп белгіленген.

4. Орал әкімдігі бейбіт жиындар туралы статистиканы бермеді

Umarovnews басылымы соңғы төрт жылда бейбіт жиындар өткізу туралы қанша хабарлама түскенін, оның қаншасы келісіліп, қаншасына қандай себеппен бас тартылғанын сұраған. Қала әкімінің орынбасары Азамат Халелов бұл деректердің «Қызмет бабында пайдалану» грифімен белгіленгенін айтып, жауап бермеді. Медиа заңгер Гүлмира Біржанова мұндай белгі сандық деректерге автоматты түрде қолданылмайтынын және мемлекеттік орган бас тартудың себебін негіздеуге міндетті екенін атап өтті.

5. Семейлік белсенді Президентке жүгінді

5 қарашада семейлік қоғам белсендісі Ержан Амарханов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Ол өзіне жеке сот орындаушысы берген ар-намыс туралы талап арызды бақылауға алуды және Абай облысының сот жүйесін тексеру үшін комиссия жіберуді сұрады. Талап арыз Амархановтың әлеуметтік желілердегі 14 жазбасына қатысты. 10 шілдеде бірінші сатыдағы сот оны 300 мың теңге моральдық өтемақы төлеуге және жазбаларын өшіруге міндеттеген. 19 қазанда Абай облыстық соты шешімді өзгертті: жазбаларды өшіру міндеті алынып тасталды, ал өтемақы мен өкілдің шығыны 50 мың теңгеге дейін азайтылды. Сот белсенді жазбаларының көпшілігін растайтын құжаттардың бар екені анықтаған.  Ол тек «сыбайлас жемқорлық схемасы» деген тіркесін теріске шығаруы керек.

6. Блогер мерзімінен бұрын үгіт жүргізгені үшін айыппұл төлейді

Рудный қаласындағы мамандандырылған әкімшілік сот блогер Эдуард Гадульшинге ӘҚБтК-нің 102-бабы бойынша, яғни тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізгені үшін, 64 875 теңге айыппұл салды. Ол 26 қазанда Instagram-да бейне жариялап, кандидатурасын ұсынатынын айтқан, бағдарламасының үш тармағын таныстырып, қаражат жинаған. Ал мәслихат сайлауына үгіт 1 қарашада ғана басталды. Блогер айыппен келіспейтінін, бірақ шағымданбайтынын айтты.

7. Петропавлда екі стример 5 тәулікке қамалды

5 қарашада Солтүстік Қазақстан облысының полициясы TikTok-тағы тікелей эфирде балағат сөз айтқан 40 жастағы әйел мен оның 31 жастағы серігін әкімшілік жауапкершілікке тартқанын хабарлады. Соттың шешімімен екеуі де 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Журналистер неден сақ болуы керек?

Сізге қоқан-лоқы көрсетілсе, оны елеусіз қалдырмаңыз. Хаттардың, қоңыраулардың, хабарламалардың скриншотын алып, күні мен уақытын жазып қойыңыз. Полицияға арыз беріңіз де, Әділ сөз қорына немесе Құқықтық медиа-орталығына хабарласыңыз.

«Уральская неделя» оқиғасы шағым арқылы бұғаттау жалғасып жатқанын көрсетті. Аудиториямен байланысты жоғалтпау үшін бірнеше арна ұстаңыз: сайт, Telegram, қосымша парақшалар. Материалдарыңыздың көшірмесін платформадан тыс жерде сақтаңыз.

Мемлекеттік орган «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгіні сылтау етіп ақпарат бермесе, бас тартудың құқықтық негізін жазбаша сұраңыз. Негізсіз бас тартуға шағымдануға болады.

Сайлау науқаны кезінде кандидаттар туралы материалдарда сайлау заңнамасының талаптарын ескеріңіз. Дауыс беруге бес күн қалғанда қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижесін жариялауға тыйым салынады, ал 28 қараша – тыныштық күні.

Әлеуметтік желі қолданушылары неден сақ болуы керек?

29 қарашада мәслихаттарға кезектен тыс сайлау өтеді. Кандидат болғыңыз келсе, үгітті ресми мерзім басталмай тұрып жүргізбеңіз. Әлеуметтік желіде бағдарлама туралы жариялау мен қаражат жинау да үгіт болып саналуы мүмкін.

Тікелей эфирде балағат сөз айту ұсақ бұзақылық деп танылып, әкімшілік қамауға әкелуі мүмкін. Полиция әлеуметтік желілерді бақылап отыр.

Амархановтың ісі бұлтартпас айғағы бар сынның сотта қорғалатынын көрсетті. Алайда «жемқор», «схема» сияқты айыптауды білдіретін сөздерді дәлеліңіз болмаса қолданбаңыз. Сот дәл осындай тіркестерді жала деп тануы мүмкін.

Minber-Academy шолуы әр бейсенбі сағат 10:00-де шығады. Келесі шолу 19 қарашада жарияланады.

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар