Құрылтай «Мінбердің» Қоғамдық палатаға қатысты сауалына жауап берді. Жауапта журналистерді палата отырыстарына шақыру төрт адамнан тұратын Кеңестің шешіміне байланысты екені расталды. Ал палата ұсынымдарын жариялау тәртібі мен алғашқы отырыстың күні әлі де белгісіз.
Редакция сауалды 9 қарашада eOtinish порталы арқылы жолдаған. 9 қарашадағы жауапқа Құрылтайдың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, депутат Айдос Сарым қол қойған. Бұған дейін «Мінбер» Ережедегі осы нормалар туралы жазған еді.
Жауапта не айтылды?
“Мінбер” жолдаған сауалға берілген жауапта аталған құжатты Құрылтай Бюросының 2026 жылғы 5 қазандағы № 27-I ҚРҚБ қаулысымен бекітілгені айтылады.
Ереженің 31-тармағы мен 12-тармағының 5-тармақшасына сәйкес, БАҚ өкілдерін шақыру туралы шешімді палатаның Кеңесі қабылдайды. Журналистердің Құрылтай ғимаратында болу тәртібін Бюро бекіткен аккредиттеу қағидалары реттейді. Ол Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 20 тамыздағы № 367-НҚ бұйрығымен бекітілген үлгілік қағидаларға сәйкес қабылданған.
Жауапта Қоғамдық палатаның негізгі міндеттерінің бірі – жұртшылықты, саяси партияларды, үкіметтік емес сектордың, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдерін ашық диалогқа және жария талқылауға тарту екені айтылған. Алайда “ұсынымдар тұрақты комитеттерге жіберіліп, «жұмыс тәртібімен» қаралады. Жұмыс тобы мақұлдаса, олар заң жобаларын әзірлеуде ескеріледі” делінген.
Сондай-ақ, Кеңес палата мүшесін мерзімінен бұрын шығара алады (21-тармақ). Мүше өз еркімен жазбаша немесе ауызша өтініш беріп те шыға алады (20-тармақ).
Төрағаны, оның екі орынбасарын және жауапты хатшыны палата мүшелерінің ішінен Құрылтай Бюросы тағайындайды.
Қоғамдық кеңеске кандидат өтінішке өмірбаян пен кәсіби немесе қоғамдық қызметі туралы мәлімет қосады. Жауапты хатшы жаңа мүше туралы ұсыныс енгізеді, ал құрамды Бюро айқындайды. Қоғамдық кеңестің құрамы туралы ақпарат Құрылтай сайтында жарияланған.
Отырыстар жылына кемінде төрт рет өтеді. Алғашқы отырыстың күнін Кеңес белгілейді, нақты мерзімі айтылмаған.
Жауапсыз қалған сұрақтар
Жауап Ережеде жазылғанды қайталайды, бірақ ондағы нормалардың неге дәл осылай екенін түсіндірмейді. Нақтырақ айтқанда, мына сұрақтар ашық қалды:
- Неге журналистер қоғамдық палатаның отырыстарына тек шақыру арқылы қатыса алады және Кеңес қандай критериймен шешім қабылдайды?
- Отырыстар онлайн таратыла ма, стенограммасы жариялана ма?
- Палатаның ұсыныстары мен олардың тағдыры көпшілікке қалай белгілі болады?
- Кандидаттарды іріктеудің критерийлері қандай?
- Кеңес мүшесін мерзімінен бұрын Кеңестен шығарудың негіздемесі қандай?
- Алғашқы отырыс қашан өтеді?
«Мінбер» бұл сұрақтарды қадағалауды жалғастырады.
Құрылтай депутаттары Қоғамдық палатаны құру туралы шешімді 16 қыркүйекте қабылдаған. Палатада 50-ден аспайтын мүше болады, олар қоғамдық негізде жұмыс істейді.
Парақшамызға жазылыңыз
