«Махаббат ол…»: Жетісу театры қыз алып қашу мен таңдау еркіндігі мәселесін сахнаға шығарды

90 рет қаралды
«Махаббат ол…»: Жетісу театры қыз алып қашу мен таңдау еркіндігі мәселесін сахнаға шығарды
фото: Б.Римова атындағы академиялық драма театры

Алматыда Жетісу облысының Бикен Римова атындағы академиялық драма театры «Махаббат ол…» концерт-спектаклін ұсынды. Актерлердің өмірлік оқиғаларына негізделген қойылымда махаббат, отбасылық жауапкершілік, қыз алып қашу, ер мен әйелдің қоғамдағы орны және адамды сырт келбетіне қарап бағалау мәселелері көтерілді.

16 қарашада Б. Омаров атындағы «Жас сахна» театрында қойылымның екі гастрольдік көрсетілімі өтті. Режиссер Бәзіл Сұлтанғазы сахналаған туындының алғашқы премьерасы қараша айының басында Талдықорғанда ұсынылған.

Концерт-спектакльде музыка, би және актерлік ойын арқылы бірнеше адамның өмірлік оқиғасы баяндалады. Сахналық көріністерде ғашықтық сезіммен қатар ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, достық, сағыныш, қамқорлық және отбасындағы жауапкершілік тақырыптары қамтылған.

Актерлердің өмірлік оқиғасы сахнаға шықты

Қойылымның негізіне дайын драмалық шығарма емес, актерлердің жеке өмірінде болған оқиғалар алынған. Режиссер Бәзіл Сұлтанғазының айтуынша, шығармашылық топ сол оқиғаларды көркемдік тұрғыдан өңдеп, біртұтас қойылымға біріктірген.

«Бұл спектакльдің ерекшелігі – мұнда ешқандай драматургтің қолтаңбасы жоқ. Әр актер өзінің басынан өткен шынайы оқиғасын баяндайды. Біз сол оқиғаларды сахналық тұрғыда көркемдеп, біртұтас қойылым етіп жасадық», – дейді режиссер.

Бәзіл Сұлтанғазының аталған пікірі Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жариялаған ақпаратта келтірілген.

Актерлердің жеке тәжірибесіне сүйену арқылы қойылымда махаббат ұғымы кеңінен қарастырылған. Әр көріністе адамдар арасындағы қарым-қатынас, қабылданған шешімдер мен олардың салдарына назар аударылады.

Қыз алып қашу мәселесі заң тұрғысынан да өзекті

Қойылымда қозғалған әлеуметтік мәселелердің бірі – қыз алып қашу. Жетісу облысының мәдениет басқармасы жариялаған мәліметке сәйкес, спектакльдің бір көрінісінде қыз тағдыры мен отбасылық құндылықтар, соның ішінде алып қашу мәселесі көтерілген.

Қазақстанда 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап некеге тұруға мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Қылмыстық кодекстің 125-1-бабына сәйкес, күш қолдану қатері немесе бопсалау арқылы некеге мәжбүрлеу екі жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғуы мүмкін. Ауырлататын мән-жайларға байланысты жаза күшейтіледі.

Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 125-бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес, адам ұрлаған тұлға жәбірленушіні өз еркімен босатқан жағдайда да қылмыстық жауапкершіліктен автоматты түрде босатылмайды.

Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше, заңнамалық өзгерістер адам ұрлау мен некеге мәжбүрлеуге қарсы құқықтық қорғауды күшейтуге бағытталған.

Осыған байланысты қыз алып қашу мәселесін қарастырғанда адамның еркін келісімі мен жеке бостандығы басты орын алады.

Махаббат тақырыбы арқылы қоғамдық мәселелер қозғалды

Қойылымда ер мен әйелдің қоғадағы орны, адамды сырт келбетіне қарап бағалау және отбасы мүшелерінің бір-біріне жауапкершілігі де көрсетілген. Әртүрлі өмірлік жағдайлар арқылы адамдар арасындағы сенім, сыйластық және жеке таңдау мәселелері қарастырылған.

Концерт-спектакльдің идея авторы – театр директоры, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі Ерлік Жуасбек. Қойылымның композиторы – Сұлтан Тұрсынбеков, хореографы – Айжан Құнанбаева, қоюшы-суретшісі – Сырым Орманбаев. Жарық қоюшы Еламан Ахметов, редактор Айғаным Айтмұхан және арт-менеджер Айдана Сембекова шығармашылық топ құрамында жұмыс істеген.

«Махаббат ол…» концерт-спектаклінде махаббат адамның жеке сезімімен қатар оның отбасы мен қоғам алдындағы жауапкершілігі арқылы бейнеленген. Қойылымның әлеуметтік мазмұны әсіресе қыз алып қашу, еркін келісім және адамды сыртқы келбетіне қарап бағалау мәселелерімен байланысты. Осы тақырыптар арқылы Жетісу театры көрермен назарына күнделікті өмірде кездесетін қарым-қатынас мен қоғамдық қайшылықты ұсынды.

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Бегім Көктүрік

Бегім Көктүрік — журналист. 2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тамамдады.

Маманданатын салалары: тіл, мәдениет, әлеуметтік мәселелер, зерттеу журналистикасы, медиасауат.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Бақытбек Бәмішұлы: Сараман жолы

Сараман жолы Алматыда Ұлттық кітапханада академик Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Сараман жолы» атты “Атамұра” баспасынан жарық көрген (Президенті