Филиппин аралдарының астанасы Манила қаласында Қарашаның 5-7 күндері Азияның Медиа ақпарат және коммуникация орталығының ұйымдастыруымен (Asian Media Information and Communication Centre – AMIC) “Қоғамдық сенім, қоғамның үні: Қоғамдық басқарудағы коммуникацияның рөлі” (Public Trust, Public Voice:The Role of Communication in Public Governance) тақырыбында Азиядағы медиа саласында еңбек етіп жүрген ғалымдардың басын қосқан халықаралық конференция болып өтті.
Осы конференцияның “Азаматтық журналистика, Тергеу журналистикасы, қоғамдық қызмет медиасы және басқару” (Citizen Journalism, Investigative Journalism, Public Service Media, and Governance) сессиясына қатысып, зерттеуімізді таныстырудың сәті түсті.
Оңтүстік-Шығыс Азияға түңғыш рет саяхаттаудың сәті түскендіктен Филиппин аралдары туралы азды-көпті көргенімді “Мінбер” оқырманына бөліскім келіп отыр. Бұған дейін Филиппин аралдарына жасаған саяхатым туралы екі мақала жарияланды. Бірінші және екінші бөлімді көрсетілген сілтемелер бойынша оқи аласыз.
Бұл бөлімде мен Филиппин аралдарын испандықтар үш жүз жыл билеп төстесе де, халық неге ағылшын тілінде сөйлейтіндігіне және елдегі тілдік ахуал мен тілдік саясат туралы сөз қозғамақпын.
МӘДЕНИЕТ ИСПАНДЫКІ, ТІЛІ АҒЫЛШЫН. НЕГЕ?
Достарымыз Даззл мен Луиз Интрамуростағы жаяу саяхатымыз аяқталғаннан кейін мені бір этноресторанға алып келді. Ресторанның негізгі мақсаты сырттан келген туристерге филиппиндік ас мәзірін таныстыру және мәдениетін паш ету екен. Филиппиндіктердің басым көпшілігі Христиан дінінің католик бағытын ұстанатындықтан, мұнда католик шіркеулері өте көп.

Сол себепті болар, халықтың музыкасына өнеріне, тіпті салт-дәстүріне Испан мәдениеті дендеп енген.
– Біздің тіпті сөйлеу тілімізде испан тілінен енген сөздер де көп. Әніміз де, биіміз де, салт-дәстүріміз де испандармен біте қайнасып кеткен, – дейді Луиз.
Бірақ испандықтар жергілікті халыққа білім нәрін себуді мақсат етпеген. Мектеп салмаған, жазу үйретпеген. Ал халықтың өзінің де тарихи жырлары, ауыз әдебиеті, фольклоры туралы мәлімет жоқ.
Жергілікті халық испандықтарды колонизатор, америкалықтарды бостандық пен ағартушылыққа қол жеткізуші құтқарушы ретінде бағалайды екен.
Оның үш түрлі себебі бар. Филиппиндер Испанияның колониясынан құтылып, тәуелсіздігін жариялауға Испан-Америка соғысының ықпал еткенін мысал етеді.
Екіншіден, ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде Филиппинді Жапон милитаристері басып алған. Төрт жыл жапондықтардың қол астында болған оңтүстік-шығыс Азиядағы аралдардың басына шынымен қауіп төнген көрінеді. Филиппиндіктерді бұл қасіреттен Америка солдаттары құтқарған екен. 1945 жылы аралдарды қоршап, жапондықтарды әуеден де, теңізден де шабуылдап, аралды тастап шығуына мәжбүр еткен. Филиппиндіктер осы тарихи оқиғаны аса мақтанышпен әрі Жапондарға деген ыза-кекпен баяндайды. Әсіресе, Интрамурос қамалындағы бір жертөледе 600 адамның бір ай жарықсыз, сусыз, ассыз қоршалып, аяусыздықпен қинап өлтірілгендігін жыр ғып айтады. Сол құрбандарға арналған арнайы ескерткіштері де бар екен.
Үшіншіден, бұған дейін алфавиті, жазуы болмаған, түрлі тілде (диалектіде емес) сөйлеген филиппиндіктерге білім әкелген, халықты ағартып, мектеп салған, алфавит жасаған да америкалықтар көрінеді.

– Егер, филиппиндіктердің әлемдік қауымдастықта орны бар болса, ол америкалықтардың арқасы, – дейді Даззл.
Филиппин аралдарының халқы 175 тілде сөйлейді. Өз бетімен өмір сүрген, өзара байланысы болмаған халықтардың ортақ тілі де жоқ. Ең үлкен арал халқы сөйлейтін филиппино тілі (tagalog) қазір ағылшын тілімен бірге мемлекеттік тіл саналады. Мектептерде филиппино тілі міндетті пәндердің бірі. Алайда, мектептегі білім толығымен филиппино тілінде емес. Тек жекелеген пәндер ғана филиппино тілдерінде оқытылады. Олар: Филипино тілі мен әдебиеті, әлеуметтік ғылымдар (Araling Panlipunan — тарих, география, азаматтану), құндылықтар тәрбиесі (Edukasyon sa Pagpapakatao) және еңбек/өнер пәндері.

Математика, жаратылыстану ғылымдары (физика, химия, биология), информатика және ағылшын тілі секілді пәндер ағылшын тілінде. Дегенмен, бастауышта білім негізінен филиппино тілінде үйретіледі. 1–3 сыныптарда оқыту ана тілінде (Mother Tongue-Based Multilingual Education) жүреді. Егер мектеп Манила немесе тагалог аймағында орналасса, бастауыш сыныпта барлық пәндер дерлік филипино (тагалог) тілінде өтеді. Ал 4-сыныптан бастап жоғарыда аталған қостілді жүйеге көшеді.

Алайда, Филиппинде жоғары оқу орындары, заңнама, бизнес және медицина толықтай дерлік ағылшын тілінде жұмыс істейді. Сондықтан мектептер оқушыларды бірден ағылшын тілді ортаға дайындайды.
Кешкі астан қайтып келе жатып, Луизден:
– Ағылшын тілінің барлық салада үстемдік етуі сіздерді толғантпай ма? Филиппино тілінің болашағына деген алаң жоқ па? – деп сұрадым.
– Керісінше, 175 тілде сөйлейтін елді біріктіруші бір фактор керек. Ол – ағылшын тілі деген жауап алдым. Өйткені, елдегі саясаткерлер осы түрлі тілді қару ретінде қолданады. Саяси науқан кезінде түрлі саяси кампаниялар елдің әртүрлі тілде сөйлейтінін пайдаланып, түрлі өңірдің халқын бір-біріне қарсы қояды. Бұл филиппиндерді біріктірудің орнына, ыдыратып жатыр, – дейді ол.
БАТЫС ФИЛИППИН ӘЛДЕ ОҢТҮСТІК ҚЫТАЙ ТЕҢІЗІ?
Ертеңінде таңымен Tagaytay демалыс орнына жол тарттық.
Тағайтай (Tagaytay) — Филиппиннің Лусон аралындағы Кавите провинциясында орналасқан танымал таулы курортты қала. Ол Филиппин астанасы Маниладан оңтүстікке қарай шамамен 1,5 сағаттық жерде, биік жотада орналасқандықтан, елдің «Екінші жазғы астанасы» саналады.

Филиппиндіктер үшін бұл аймақ Батыс Филиппин теңізінде орналасқан, алайда Қытайдың бұл аймаққа деген өз мүддесі бар. Сол себепті де олар Оңтүстік Қытай теңізі ретінде тануды талап етеді.
Манила билігі Филиппиннің батыс жағалауындағы суларға (соның ішінде Спратли аралдарының бір бөлігі мен Скарборо рифіне) егемендік құқығын айқындау үшін «Батыс Филиппин теңізі» атауын ресми түрде енгізген. 2016 жылы Гаагадағы Халықаралық сот БҰҰ-ның Теңіз құқығы жөніндегі конвенциясы негізінде бұл аймақтың Филиппиннің экономикалық аймағына жататынын растады.

Бейжің «Оңтүстік Қытай теңізі» атауы ғасырлар бойы қалыптасқан жалпыға ортақ географиялық термин екенін алға тартады және теңіздің басым бөлігіне («Тоғыз сызық» картасы бойынша) тарихи құқығы барын мәлімдейді. 2016 жылғы халықаралық сот шешімін Қытай мойындамайды.
Бұл аймақта әйгілі Тааль жанартауы орналасқан. Ол — әлемдегі ең кішкентай белсенді жанартаулардың бірі (биіктігі небәрі 311 метр), үлкен Тааль көлінің ортасындағы аралда орналасқан, ал жанартаудың өз кратерінің ішінде тағы бір көл және оның ортасында Vulcan Point деп аталатын титтей арал бар.
1572 жылдан бері бұл жанартау қырыққа жуық атқылаған. Ең жақындағы оқиға 2020 жылдың қаңтарында болды, әрі күл бағаны 10–15 шақырым биіктікке көтерілді. Осы оқиғадан кейін жанартау аралы «тұрақты қауіпті аймақ» деп жарияланып, туристердің аралға баруына тыйым салынған.
![]()








