Фонограммаға тиым салу керек пе?

1430 рет қаралды
7

Қазіргі концерттердің барлығы фонограммамен өтеді. Фонограммасыз, табиғи дауыспен ән шырқайтын әнші де аз, оны жазып алатын аппаратура да тапшы. Сол себептен, халықты алдау басым болып барады. Концертке бардың не, теледидардан тамашаладың не? Айырмашылығы аз. Қазір Парламентте фонограммаға тиым салу туралы әңгіме ауық-ауық көтеріліп қояды. Бірақ, нақты нәтиже байқалмайды. Осы ретте біз әншілеріміздің бірнешеуін әңгімеге тартып, бірнеше сауал қойған едік:

1. Фонограммаға тиым салу туралы заң қабылданып жатыр, осыған әнші ретінде көзқарасыңыз?
2. Шоу – бизнесте жүрген біздің жұлдыздарымыз жан-жақты көп іздене бермейді. Не себептен біздің жұлдыздарда ізденіс аз?
3. «Екі жұлдыз» телешоуы туралы пікір – көзқарасыңыз. Жалпы шоуды қолдайсыз ба? Ұнайтын, ұнамайтын тұстарын айтып өтсеңіз.

RozaРоза Әлқожа, әнші:
1. Ондай заң қабылданса қабылдансын, қарсылығым жоқ. Заң қабылданған жағдайда сахнаға шынайы даусы бар әншілер шығатын шығар. Бәрібір де фонограмма адамға ләззат сыйламайды. Сонда барып шынайы өнер, шынайы дода болар еді. Мұндайда кімнің кім екені анықталатын болады.

2. Біздегі әншілердің көбі не істерлерін білмегендіктен, амалсыздан гастрольге шығып, тойға барып жатыр. Қазір байқасаңыз әншілеріміз көп нәрсеге селқос қарайды. Өйткені, бізде жандандыратын шоу бағдарламалар жоқ, сол себепті қызық емес. Тіпті біздің әншілерге сұраныс та жоқ. «Екі жұлдызды» алып қарасаңыз, мынау қатысады, мынау қатыспайды деп өздері таңдап алады. Анда санда бір байқаулар болып тұрады. Оның өзінің соңы әділетсіздікпен аяқталады. Бір «Дудар-ай» бар, оған да өздері іріктеп шығарады.

Мен жай көрермен ретінде айтатын болсам, баламен үйде отырған уақытта жақсы бір бағдарлама көре алмаймын. «Кеш жарық» дейміз, оның өзін санамалап айтамыз. Мысалы, мен Ақтөбеге барғанда ол жақтағылар біз спутниктен Ресейдің әншілерін қараймыз. Қазақтың арналарын қарамаймыз да, әншілерін танымаймыз да, дейді. Қай өңірді алып қарасаңыз да, Ресейдің шоу бағдарламаларын көріп жатады. Бізде оларға сай келетін қазақи бағдарламалар жоқ. Барлығын әншілерге жауып қоюға болмайды, мәселен, «Қоңыр» тобы өзінше бөлек болып шығып жатыр. Ізденіс үстінде жүрген, таңдауға болатын әншілерімз, құдайға шүкір баршылық.

3. Бізде «турасын айтып, туғанына жақпайды» деген бар. Мен «Екі жұлдыздың» бірінші маусымы шыққан кезінде, өзімнің сыни пікірлерімді айтып, біраз аға, әпкелеріме жақпай қалғаным бар. Ол кезде орыс тіліне көп мән берілетіндігі жайлы, оған қатысатындардің екеуі де шынайы жұлдыз болу керек деген болатынмын. Сонда көптеген журналист ағаларымыз менің пікіріммен келіскен болатын. Әрине, мұндай бағдарламалар бізге керек. Жоқтан бар жасау үшін. Біздегілер тың дүниелер жасаудың орнына, көшіруге әуеспіз. «Қазақстан» телеарнасын Ғалым Доскен басқарып тұрған кезде қазақы бағдарламалар көп болатын. «Қыз қуу», «Алтын сақа», «Ән мен әнші» көрерменді бірден тартып алып кететін. Қазір сондай ізденіс жоқ. Радиода да сол баяғы бағдарламалар. «Екі жұлдыз» табиғи дауыспен айтылатын болғандықтан, көрерменді тартады, сол себепті де рейтингісін жоғары бағдарлама. Сондықтан оған қарсы бірдеме айта беруге де болмайтын шығар. Халықты алдай алмайсың, кейінгі жұптарды көбі танымайды. Мықты әншілер бар, олар жақсы орындайды. Жалпақ шешейлікті қойып, Қазақстанда болып жатқаннан кейін, осыларды пайдаланып қазақтың тілі, әні насихатталса екен деп тілеймін.

519322543Қарақат Әбілдина, әнші:

1. Өте дұрыс. Әншілерге пайдасы зор. «Ән айтсаң, жаныңды жеп айтасың», дейді. Ән айтқан кезде маңдайыңнан бір шым-шым тер шығып, алпыс екі тамырыңнан қан жүріп, жан дүниеңмен, бүкіл тұла бойыңмен сезініп айтасың. Сөйтіп өнер көрсетіп тұрып, өзіңді тыңдап отырған көрерменге ұялмай қарайсың. Ән айтып тұрғанда, әніңді сезіне отырып, соны тыңдып отырған халықтың жүрегіне жетізе алсаң соған қуанасың. Сол кезде көптеген жүректерді тебірентіп тұрып, өсесің. Ол дегенің бір ғажап дүние. Сол кезде ғана сен өзіңе лайықты көрермендердің қошеметіне ие боласың. Шын мәнінде кімнің кім екені, қай әншінің қандай деңгейде екендігі, қай жүйріктің қалай шабатындығы сол жерде анық көрініп қалады. Өйткені, өз өнеріңе сай қошемет, құрметке ие боласың. Ал енді оған ешқандай мүмкіндік жасалмаған болса, мәселен, табиғи дауыста ән айту үшін өте мықты аппаратура болу керек. Ондай жағдай жасалмай, табиғи дауыста ән айт деудің өзі қате. Өйткені, сен қанша жерден керемет әнші бол, мұндай жағдай жасалмаса, сен өз мүмкіндігіңді көрсете алмайсың. Бұл өнер адамына өте ауыр тиеді. Мұндай қастандық жасауға тағы болмайды. Сондықтан да мемлекет тарапынан сондай заң қабылданып жатыр екен, онда сондай жағдай жасалып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Ондай екі жақты керемет мысалға жаңағыдай фонограммасыз айтыңдар деген талапқа әншілерде сай болады. Бастау жақсы, мен қолдаймын.

2.Бізде шынын айтқанда бәрі кеш дамып жатыр. Негізі біз еліктегіш халықпыз, біреудің істеп берген дүниесін қайталай салғанға, жеңіл дүниеге бейімбіз. Бірақ, көпке топырақ шашуға болмайды. Әрине, іштерінде тың идеясымен, өзіндің бет бейне келбетіменен, өзіндік бір дауыс ерекшелігіменен, не болмаса басқа бір ізденіс қабілеттерімен келіп жатқан өнерпаздарымыз жоқ емес бар. Кейбіреулердің даусы бәрі керемет болғанымен, жағдайының жоқтығына, қолының ққысқалығынан әттеңаймен жасалмай жатады. Мысалы, «шын таланттылдардың бар кінәсі олардың бастықпенен, байдың баласы болмағандығында» деген әңгіменің жан бар. Тағы мынадай дүниені байқауға болады. «Шын дарындылар өшпейді» деген, сондықтан да біздің қоғам, мемелекет шынайы таланттарға көбірек мән беріп, іздеу салып, қолдарынан келгенше қолдап, демеп жіберсе. Мен ойлаймын, сол кезде біз өсеміз. Сол кезде шынайы өнер болады. Ал қолында билік бар, қалталы азаматтар өнерге мүлде қатысы жоқ адамдардың ән айтып кетуінің белең алуына ықпал жасап отыр. Олардың соншалықты ұялмағандығы ғой енді. Мүлде әнге қатысы жоқ, даусын компьютер арқылы келтіріп , үстіне бар тәуірін жылтыратып киіп алып, сахнаны бермей жүргендерді де көресің де, міне біздегі мәдениетті жағдайы осындай. Неге біз осыған жол береміз? Сондықтан да осындай әншілер белең алып жатқанда шын таланттардың кімге керегі бар деп қаласың? Ізденудің де керегі жоқ, өйткені, бізде басқа мәселелер өзекті болып отыр. Қайсысы жұлдыз, қайсысы жұлдыз емес. Соны анықтап алуымыз керек. Бізде бәрі жұлдыздар. Осындай мәселелерді іріктеп алмай жатып іздену қайдан болады?

3. Бұл шоу деген демалыс күндері көрермендердің көңілін көтеру мақсатында жасалады. Шоу болғаннан кейін жеңіл түрде болу керек. Дегенмен, идеясы жақсы. Десе де, іріктеу мәселесіне көбірек көңіл бөлу керек. Баға беріп отырған қазылар алқасын да өте жоғары талғаммен іріктеп отырғызу керек. Іріктеп отырған адамдар мықты болу керек. Өздерінің пікірлері, көзқарастары, сөздері нақты, айтқан кезде сенетіндей болу керек. Өйткені олар елдің атынан сөйлейді. Оларды көріп отырған сан мыңдаған көздер, сол кісілердің сөздерін дөп басып айтатындай қазылар болу керек. Шынымды айтсам, қазыларға көңілім толмайды. Өмірінде түк бітірмеген, халықтың көңілінен шықпаған адамдар былайша айтқанда, қанша күндеп, айлап дайындалған дайындықтарын жоққа шығарып, әділ емес баға беріп жатады. Сондай да, халықтың ойын дөп басып айтатын қазылар алқасы болса екен дейсің. Қайталау болғанмен де, біздікі талпыныс. Мұндай бағдарламалар көбейе берсін. Өйткені, бізде көп емес, бәрі санаулы. Тіпті жоқтың қасы. Көбейсін, әр түрлі болсын, сонан соң біздің әншілер шыңдалады, өседі. Артық, кем тұстарын түзейді. Мұндай шоулар әсіресе, өнер адамдарына өте қажет. Ал енді оның қаншалықты деңгейде өтіп жатқандығы туралы айтқым келмейді. Жақсы өткенін мен де қалаймын, егер жақсы, әділ болса, көрген көз тойып, барлық көрермендерді баурап алып кететін болса. Сонда шоу дегеннің мақсаты орындалады. Ал енді сол арнаны келесі арнаға ауыстырып жіберсең, онда мақсаттың толық орындалмағаны, көрермендерді өздеріне тарта білмегені. Үлкен керемет талғаммен істегенде ғана көрерменді баурап, соның ішінде отырасың. Сонда адамдар еріксіз дауыс бере бастайды. Әрі қолдан жасалмауы керек. Бәрі табиғи, жанкүйерлері де шынайы болу керек. Шынайы нәрсе сезіліп тұрады. Ең бастысы, көрерменді, елді, баға беретін халықты алдай алмайсың.

timthumb
Саят Медеуов, әнші:

1.Былайша айтқанда, фонограмма дегеніміз – үнді тазалау. Ол жалғыз біздің Қазақстанда бар емес, барлық мемлекетте бар дүние. Оны біздікілер неге сонша шамданып қиналып кетті. Оның бір адам баласына тиіп жатқан зияны жоқ. Мысалы, фонограммамен барлығы айтып жатыр. Былай тыңдасаң да сол дауыс. Оның бір артық жері артық жерлерді, кем кетіктерді тазартып тастайды. Былай айтқанда, жолды тегістегенмен бірдей. Сондықтан бұл жерде фонограмманы алып тастағанда Қазақстан сүттен ақ, судан таза, әншінің бәрі керемет болып кетеді дегенге өз басым сенбеймін. Оны екінің бірі айтады. Мысалы, сізде ән айтуыңыз мүмкін. Неге біз тиым салуымыз керек? Айта берсін. Бұдан біздің қазақтың әні өліп, болмаса жоқ болып кетіп жатқан жоқ. Керісінше, мен ойлаймын, қазақтың әні бұл заңмен қала ма, записьпен қала ма, әлде ел аузында қала ма кейінгі ұрпаққа жақсы ән қалса екен деймін. Ал енді фанагарамма деп кез келген дүниені жазып беріп емес, жақсы дүниелерді жазып қалдырсақ, кейінгі ұрпаққа Мұқағали ағамыз айтпақшы: «біздерді де жоқтайтын жан болса, шаң басқан архивтерден табылармыз». Сол сияқты, бізде архивке жақсы үн қалдырмасқа. Ал енді, сонша фонограмма деп оны қарап әспеттейтіндей ештеңе керек емес, біздің қазақтың одан да асқан мәселесі көп қой. Соны шешіп алсақ жақсы болар еді. Ел бірлігі, жер бірлігі тұрғанда осы депутаттар фонограммаға сонша бас қатырмай-ақ қойсыншы. Жандарын қинап, ол өзі әнші адам әнін айтып жүреді. Ал әнші еместері фонограммамен бүгін айтады, ертең шығып өз жөнімен кете береді. Шын өнер адамдары өздері қалады. Сондықтан да меніңше, ат шапанын жауып, ақша төгіп, жиналыс жасап бастарын қатырмай-ақ қоятын дүние. Одан мәселе шешілмейді. Онан да біздің Қазақстанның мәселесін шешу үшін басқа тірліктермен айналысса жақсы болатын еді. Қазақстанның ақшасын алып шетелге қашып кетіп жатқандар бар, неге сол ақшаны қазақтың өнеріне салмаймыз немесе неге оны қиналған жандарға бермейміз?
Одан кейін фонограмма телевиязиялық бағдарлама түсіргенде керек. Өйткені онда таза болу керек. Ал оны халық түсіне ме? Депутаттар оны түсіне ме? Ал егер шын фонограмма мәселесіне келетін болса, барлық жағдайды жасап беріп, аппаратураны сай қылып, кез кедген жердегі пкустиканы әдемілеп жасап берсе, онда мен депутаттарға қазақтың өнеріне жағдай жасады деп риза болап едім.
2.Адам қанша ізденсе де, шатасады. Шатаспайтын адам болмайды. Мысалы мен ешкімді қайталамадым деп айта алмаймын. Жалпы өнердің өзі жарыс. Егер де қазіргі жастар шықпаса, біздің көрінбеуіміз мүмкін еді. Олар да шығу керек. Олар да біздің өкшемізді басу керек. Бұл да аялдамаға мінген сияқты өзі, бір аялдамадан мінеді, бір аялдамадан түсіп қалады. Одан соң біреу келеді. Сол сияқты бұл өнердің кемесі, біреу мініп жатыр, біреу түсіп жатыр. Ол жаппай барлығымыз әр түрлі стильде болуымыз керек деп айта алмаймын. Мысалға мен өзімді қалыптасқан әншімін деп айта алмаймын. Мен де қайталадым.
3.Жалпы ұнайтын жерлері бар, сахнаны әрлеуі, түсірілімі жақсы өтіп жатады. Ал өкпелейтінім, мысалға біз әншілерге ренжиміз, әнін дұрыс айта алмады деп. Қайтып айтады? Қасындағы жұбы айта алмаса. Мәселен, мықты бір жүйрік бір ат бар да, сол жүйріктің артына бір месті байлап қойса, ол жүгіре ала ма, жүгіре алмай ма? тура сондай жағдай істеді де біздің «Екі жұлдыз». Айта алмаса да шығып жатыр. Бұл бір жағынан біздің әншілеріміздің қателігі. Алдымен әр әнші өз жұбын үніміз сәйкес келе ме, айта аламыз ба, айта алмаймыз ба деп тексеріп шығу керек еді. «Екі жұлдызға» өкпем жоқ, шаққан адамдарға өкпелімін. Бұл әншейін нәрсе емес, бұл жарыс, жарыс болғаннан кейін сен қасыңдағы адамның етегінен тартып тұрмай, керісінше көтеруің керек. Ал жасалып жатқан дүние дұрыс, қолдаймын!

Айзат Әбдісамат, ҚазҰУдың студенті.

Парақшамызға жазылыңыз

7 Comments

  1. Мына Саят бауырымыз қызық екен. “Фонограмма дегеніміз – үнді тазалау” дейді. Құдайым-ау, бұл елді алдау дегеніміз ғой. Осылай жаман үндерін жаппай “тазалап” елден ақша жинап жүрген алаяқ әріптестерін ақтап жүрмек пе?

  2. “Фонограммамен қарға да ән салады, бірақ оған кім тамсанады” деген сөзі бар еді студент Олжас Қасымның. Расында солай. Компьютердің “құдіретімен” бұлбұлға айналып, халықтың “ыстық ықыласына” ие болып жүргендер қаншама. Саят ағамыз “фонограмма – үнді тазалау” дейді. Бұл дұрыста шығар: Телевизияға әніңді айтып шығу үшін – толық тазаланған, сапалы нұсқасы керек. Ал егер фонограмманы алып тастайтын болса, эстрадаға араласып жүрген қанша “талантты” тазалап тастайтыны анық. Ән салғанда дауысы алысқа кеткен Әмірелердің талантына талас жоқ деген пікірлерді талай оқығанбыз. “Шіркін, Әмірелердің дауысы ай десеңші” дей алмаймыз көзбен көрмеген соң. Алайда дауым жоқ. Көмейіне бұлбұл ұя салған, қазақтың маңдайына біткен тума талантты қазақ елі мойындауы тиіс. Дәл осылай мойындата алатын жастар да жоқ емес арамызда. Бәлкім, фонограмма – заман талабы шығар. Қазір оны бүкіл әлем қолданады. Пайдасы да жоқ емес. Өз әніңді қашанғы тірі дауыста айтып таратасың. Фонограмманы алып тастау үшін, бас сахнамыз Республика сарайында акустика мәселесін де қолға алу керек деп “зарлаған” жандардың үні Құдайдың құлағына жетті ме, білдей екі жылға Республика сарайы жөндеу үшін жабылыпты. Әйтеуір екі жылдан соң “баяғы жартас – сол жартас” болып тұрмаса болғаны.
    Шын мәніндегі талант болса, жанын жеп тұрып, жанды дауыста ән салғанға не жетсін! Тірі дауыста ән айтқызатын жобалар жалғасын тапса, шын даралар бәйгеде алғы шықпақ. Ал бағыт бүгінгісінен өзгермейтін болса, дауысы бары да, жоғы да қою шаңның ішінде жүре бермек. Бәріне уақыт таразы. Нақ арғымақтар алға озып, “алдап жүргендер” артқа жылжымақ. “Жаппай жанды дауыспен шырқаңдар” деген бұйрық енгізілген жағдайда ғана.

  3. Шынында да, Қазақстанда не көп? Әнші көп. Барлық әншілерге топырақ шашудан аулақпын. Алайда, бізде түк дауысы жоқ, табиғи талант емес жандар әнші болып кете барады. Сөйтіп, Бибігүл Төлегенова, Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева сынды жезтаңдай әншілеріміздің тырнағына да татымайтын әншісымақтар қасиетті қазақ сахнасының шырқын бұзады. Мен де, сол фонограммаға түбегейлі қарсымын! Нағыз тума талант “Үнін тазаламай-ақ” әнші болып халқын сүйсінте алады. Саят аға, Роза, Қарақат апайлардың өнерін мойындаймын! Сондықтан Айзат, фонограммаға тәуелді “Әншісымақтардан” пікір алу керек еді. Бұл заңға олар не дер екен?

  4. Фонограмма дауысты тазарту емес, ол халықты алдау. Қазіргі таңда саны көп, сапасы жоқ әншілер өте көп. Сондықтан да бұл заңның шығуы оңды екен. Қазақ сахнасы тазарып әншінің әншісіқалатын болды.

  5. “Шамаң келсе Шаманы айт” дегендей, жанды дауысыпен ән айта алмағандар, тыңдарманын алдама-ақ қойса болар еді. Дауысың болмаса, әнде атаңның басы бар ма?

  6. Фонограмма жасау бір бөлек, оны сауатты пайдалана білу бір бөлек. Біздің кейбір әншілеріміздің даусы бір жақта, ауызы бір жақта жыбырлап жатқанын көрсем қаным қараяды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Арыс саңлағы – Солтікен

Алғашқы арыста 1975 жылы күз. Қытайдың Шыңжаң өлкелік балуандар командасына Алтай, Тарбағатай, Іле, Қашқар, Қотан, Ақсу,