Жат жұртта жүріп ұлты үшін

726 рет қаралды
2

Халық мұрасы сан қырлы. Соның бiрi – ән-күйi. Сонау ХХ ғасырдың басында жат жұрттық Затаевич о шетi мен бұ шетiне ұшқан құс жеткiсiз қазақ даласын аттылы-жаяулы аралап жүрiп, халқымыздың мың әнiн жинап бастыруы тек қазақ халқы үшiн ғана емес әлем мәдениетiне қосқан ұлы үлес болғандығын бiлемiз. Әрине, қазақтың ән-күйi 1000 әнмен шектелiп, сарқылып, таусылып қалмағаны, оның саны одан әлденеше есе асып түсетiнi, ал А.А.Затаевич болса сол ән-күй атты ұлы дариядан қасықтап қана құйып алғаны күмән тудырмаса керек.

Қазақ халқы тарихи зұлматтардың кесiрiнен жер жүзiне тарыдай шашырады. Қазiргi күнде Қазақстандағы қазақ ұлтының қақ жартысына тең келерлiк алаш баласы әлемнiң қырықтай елiнде жүр. Демек, қазақ халқының мәдени-рухани байлығының да қақ жартысы шетелдердегi қандастарымыздың қолында, солардың тұрған жерiнде деген сөз. Ал сол бүтiннiң жартысын iздеп, жиып-терiп, атажұртпен қауыштырмайынша, мәдени-рухани мұраның толықпайтыны белгiлi.
Жат жұртта өмiр сүрсе де ұлты үшiн қызмет қылып,оның бағзыдан қалған бай рухани-мәдени мұрасын қиын-қыстау тағдыр кешiп жүрiп жинап, хат-қағазға түсiрiп, зерттеп, зерделеп шама-шарқынша мәдениетiмiзге салмақты үлес қосқан бiрегей табанды тұлғаларымыз аз болмаған. Сондай бiртуарлардың бiрi – халқа iшiнде (моңғол) iшiнде жүрсе де өмiр бойы қазағым деп өмiр сүрген – Қабыкей Ахмерұлы.
Иә, «тауда жүрiп,таста өскен, ағайыннан басқа өскен» қандастарымыздың арасынан осындай айтулы азаматтар көрiнiп жатса, бұған еш күмәнданудың, көзге iлмеудiң қажетi жоқ. Қайта солардың iстеген еңбегi, жасаған туындылары арқылы әлем қазақтарының қордалы байлығын бiр ортаға тоғыстыру абзал.
Бұл тұрғыда Дүние жүзi қазақтары қауымдастығы қыруар iс тындырды. Қ. Ахмерұлының Алматыда шығармашылық кешiн ұйымдастыруға Мәдениет министрлiгiмен бiрiге отырып, қолдау көрсеттi. Бұл шараға қазақтың Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспатар оркестрi қатысты.
Қабыкей 1924 жылы Моңғолияның Қобда аймағының Бұлғын өлкесiнде дүниеге келедi. Бұл Баян-€лгий қазақ аймағы құрылмаған, ел iшiнде халық революциясы жаңадан жеңiп, Моңғол өз тәуелсiздiгiн жариялаған жыл.

Қабыкейдiң балалық шағы қазақтың қаймағы бұзылмаған көшпелi өмiр салты, Алтайдың арғы бетiндегi аумалы-төкпелi, абыр-сабыр заманға тап келедi.
1937-1938 жылдары қанды қол, қаскөй саясат елдiң сорпа бетiне шығарларын шетiнен ұсап, отай бастайды.
800 жылқы айдаған ел iшiнде «бай» атанған әкесi Ахмердi ұлы Қызырмен бiрге қосақтап алып, Қобда түрмесiне апарып, «халық жауы» деп атып тастаған. Сонда Қабыкей ел аузына iлiнiп, «домбырашы бала» атанып жүрген бозбала екен.
Мыңғырылған малдан көктiң басын тырс еткiзiп жұлар тұяқ, қораға үрер ит қалмаған зарлы заман келедi. 6 жасынан домбыра үйренiп, ойын-тойдан қалмай еркiн өскен Қабыкейдiң жанына бұл оқиға қатты соққы болады. Қыр басына шығып Қабыкей «қу тақтайын» (домбыра) құшақтап зарлайды. Қаңырап қалған төскейге телмiре қарап, қурай сыбызғысын сызылта сұңқылдағаннан басқа не iстесiн?! Иә, қабырғасын қарс айырып, iшiн өрттей шалған қайғы мен қасырет, сары уайым, сағыныш, мұң мен нала көкiрегiне күй болып ұялап, ендiгi жерде домбыра шанағы мен сыбызғының өңешiне құйылса керек. «Әке мейрiмi», «Сағыныш» күйлерi осының айғағы. Күй тiлi көңiл жұбанышына, күй – шеменiн жiбiтiп, шерiн тарқатар серiгiне айналды. Әпкесi Күлжiк пен Жұқа атадан аман қалған жалғыздың жадын халық күйлерiмен күптеп, әндерiмен әрледi. Аталас ағасы сол 1938 жылдың құрбаны Тұрфаннан оқыған Нұртаза молладан сабақ алып, қара танып, намазға жығылғаны болмаса, қайда барса да «халық жауының тұқымы» деген қаңқу қыр соңынан қалмады. Онымен қоймай 1943 жылы аулы айдауға түсiп, ағайын-туыстан ажырады. Айдаудағы азып-тозған елдiң басын көшкен азапты тағдырын бейнелейтiн, анда-санда ғана өзiмен iштескен жанға арнайы шертiп беретiн «Аңыраған» күйiн шығарған.

Әр сайдың түкпiр-түкпiрiнде қадау-қадау қалған қара шалдарды iздедi. Қайсыбiрiнен күй үйренсе, қайсыбiрiнен күй тарихын естiдi. Алтай қазақтарында жақсы сақталған бiр өнер, ол домбырашы қандай бiр күйдi тартпас бұрын сол күйдiң шығу тарихын, не сол күйдiң тууына себеп болған аңыз-әңгiмелердi тыңдаушы жұртқа майын тамызып отырып айтып барып күйдi тарта жөнеледi. Сонда әлгiнде ғана естiген әсерлi әңгiмеңiз ендi күй тiлiнде айна қатесiз сөйлей жөнеледi де күйдiң бүкiл-ырғақ, тербелiс толқындарымен сан құбылған иiрiмдерi жаны жүйеңiздi шарлап кетедi. Халықтың осы дәстүрiн қалтқысыз жалғастырушы Қабыкей бұл тұрғыдан келгенде асқан шежiрешi сынды шешiледi. Өзi бiлетiн, әрi өзi орындайтын бүкiл күйдiң шежiре баяны көкейiнде сайрап тұрған күй сандық, күй шежiре дерсiз. Оның өзi тудырған күйлерi де ойдан, қиялдан емес, шынайы өмiр деректерiне халықтың аңыз, әңгiмелерiне негiзделедi.
Бiр мысал: Ахмерұлы өз туындысы «Аққу» күйiн тартпасбұрын бүй дейдi: «Баян-Өлгий аймағының Тұлба сұмынында (аудан) «Суық көл» деген көл бар. Ерте кезде сол көлге көктемде келiп, жаз жайлап, күзде балапандарын ертiп жылы жаққа қайтып кететiн екi аққу болыпты. Бiр жылы әлгi көлен құс аулап жүрген бiреудiң атқан оғы топшысын үзiп кетедi. Күз өтiп, қыс таяғанша аққудың жарасы жазылғанымен ұша алмайтын болады. Ал, оның серiгi болса, жолдасын қиып кете алмай, мұз қатқанша, екi балапанымен жанында болады. Ақыры бiр күнi сау аққу қос балапанын iлестiре көлден көтерiлiп ұшады да жаралы жолдасының төбесiнен неше айналып қаңқылап ұшып, неше рет төмендеп құрық мойынын көкке созып емексiп отырған серiгiнiң үстiне төнiп келiп қимай-қимай амалсыздан аспандай-аспандай көзден таса болады.

Жаралы аққу қыс бойы көлдiң бiр шетiнде өмiрiн өткiзедi. Сонда оның қыс бойы шыр айналып жүзген жерi үй орнындай болып қатпаған екен дейдi. Жазғытұрым оның серiгi бар құстың алдымен жетедi. Оның қаңқылдаған зарлы дауысы жер өмiрден естiген сыңар аққу бiр қанатымен судың бетiн шапақтап асыр салады. Қаңқылдай ұшып зарығып жеткен жолдасы келген бойда сыңарымен қауышып, екеуi айқаса кетедi. Сонда бiрiн-бiрi шексiз сағынып, қатты қысқандары сонша қос аққудың айқаса оралған мойындары мәңгiлiк ажырамай, сол жерде жан тәсiлiм еткен екен».
Осыдан кейiн күй қоңыр дауыспен баяу басталып, су сыңғыры құс үнiмен ұласып думанды бiр шақ келедi де кенет мылтық дауысы бүкiл мамыражай тыныштықты бұзып мұңлы да зарлы үн, сағыныш сазы, жүрек қылын тап басып, әлгiнде ғана тыңдаған бүкiл көрiнiс көз алдыңыздан өтiп, көзiңiзге ерiксiз жас әкеледi.
Қабыкей күйлерi сан қырлылығы мен ұлттық колоритi басым, тыңдаушысына демде әсер етiп, бiрден баурап алатындығымен ерекшеленедi. Ол «Аққу», «Аққу көлi», «Сары ала қаз», «Сөңкiл көл», «Асау күртi», «Құлжагер» қатарлы халық жүрегiне жол тауып, кең тараған 40-тай күйдiң авторы.
«Бөбегiм», «Сауыншы апай», «Жастар жалыны» қатарлы 25 ән жазған сазгер.
Қабыкей Ахмерұлы 1956 жылы орнаған Баян-Өлгий аймақтық ұлттық музыкалық драма театрға орналасып, сонда 1 жылдық көркем өнер курсын бiтiредi. Сан қырлы талантымен көзге түскен ол 1958 жылы Алматыға аттанады. Осында оқыған бiр жылы оның өнердегi өмiрiне үлкен бетбұрыс әкеледi. Қажығалиев Шамғон дирижерлiк өнерге баулыса, Есқалиев Әзидолда Қазақстан күйлерiн, ал Тiлендиев Нұрғиса нота үйретедi. Қабыкей қазақстандық ұстаздарынан аз уақытта көп бiлiм алуға бар күш, қабiлет-қарымын жұмсайды. Елiне музыкалық бiлiмдi, түрлi аспаптарды меңгерген, шебер дирижер болып оралады. Отыздан астам жыл аймақтық ұлт аспаптар оркестрiне дирижерлiк етедi. Ол халқымыздың ән-күйлерiнiң сыртында 200-ге жуық әлем және моңғол композиторларын шығармаларын оркестрге түсiредi.

1960 жылы Ұланбатыр қаласында өткен қазақ өнерi мен мәдениетiнiң 10 күндгiнде Қабыкейдiң шығармашылығы жоғары бағаланып, «Алтын жұлдыз» орденiн омырауына тағады. Сол жылы Моңғолия Композиторлар одағына тұңғыш мүшелердiң бiрi болып iлеседi.
Қабыкей халық мұрасын қауым қадесiне жаратуда қажымай-талмай ұзақ жылдар бойы тер төгiп келедi. Соның нәтижесiнде Моңғолия қазақтарының ән-күйлерiн жинап, нотаға түсiрiп, 1965 жылы «Моңғолия қазақтарының халық әнi» деген атпен 50 ән, 1972 жылы «Ән» деген атаумен 80 ән, 1977 жылы «Домбыра, сыбызғы күйлерi» деген атпен 120 күй, 1984 жылы 328 әндi жинақтап, жеке-жеке кiтап етiп шығарады. Ол туралы өнер зерттеушiсi Қ. Сақай «Халық күйлерiн жинағанда оған қатысты аңыз, тарихи оқиғалармен қатар авторларын, күй туралы әңгiме шерткен өнер адамдарының аты-жөнi, тұрағына дейiн хатқа түсiрiп, күйлердiң түрлi варианттарымен қоса нотаға түсiрiп, тасқа бастыру үлкен зерделiлiк келешектi ойлаған көрегендiк» деп жазды.
Халқымыздың осыншама мәдени-рухани қазынасын техникалық мүмкiндiгi мешеу ортада жүрiп ұрпағына өшпестей етiп қалдыруы Қабыкейдiң аса жанкештi халық өнерiне деген көл-көсiр махаббатының айғағы болса керек.
Даулескер домбырашы әрi сыбызғышы, күйшi-композитор, зерттеушi-ғалым, дирижер-ұстаз Ахмерұлы Қабыкей 1975 жылы «МХР-дың еңбек сiңiрген артисi» атағына ие болады. Сондай-ақ, ол Моңғолияның «Озат мәдениет қызметкерi». Белгiлi жазушы, ғалым Ақселеу Сейдiмбек өзiнiң «Күй шежiре» кiтабында (Алматы: КАМДС – Яссауи, – 1992 ж) «Қабыкейдiң халқымыздың ән-күйiн жинап, нотаға түсiрiп, жарияауда сiңiрген еңбегi зор» деп бағаласа, 2000 жылы Алматыда «Қазақ күйлерiнiң тарихы» атты Т.Мерғалиев, Сәрсенбай Бүркi, Орынбай Дүйсендердiң кiтабы жарық көрдi. Осы кiтапта Ахмерұлының еңбектерiнiң кеңiнен пайдаланылуы алыста жүрген ағайындардың аса бай асыл қазыналарының қазақ халқының өнер дариясына келiп қосылып жатқанының жарқын белгiсi. Алайда, халқымыздың мәдени мұрасын ұрпақ кәдесiне жаратуда, жат елде жүрiп 600-ге жуық халық әндерi мен күйлерiн жинап нотаға түсiрген Ахмерұлы Қабыкей еңбегi мемлекет тарапынан еленiп тиiстi бағасын алмай жатқаны, әрине, елдiгiмiзге сын.

Қабыкейдiң осы хатқа түскен ән-күйлерi жинағын, жинаққа енбеген соңында тапқандарын және өзiнiң туындыларын қосып, бұрынғы басылымдардағы кеткен кейбiр кемшлiктердi түзеп, күдiксiз, кiршiксiз етiп, қайта Қазақстанда жаңғыртып шығарса.
Атамекеннен алсыта ұзақ жылдар бойы өмiр сүрген қазақ диаспорасы мен жалпы қазақ рухани-мәдени мұраларының бiр-бiрiнен айырмашылығы аз болғаны мен белгiлi дәрежеде ерекшелiгi болуы да заңды нәрсе. Сондықтан да шетелдегi мәдени мұраларымызды Қазақстанда насихаттау, зерттеу, зерделеу, халық игiлiгiне жарату керектi. Қазiргi күнде атақты әншiлерiмiз Роза Рымбаева, Бекболат Тiлеуханов, Жанар Айжанова, т.б. орындап жүрген Моңғолия қазақтарының халық әндерi ел iшiне кеңiнен тарауда. Кейбiр орындаушылар бiлместiк салдарынан автордың елге белгiлi туындыларын халық атынан орындап жүрген жайлар да кезiгедi. Қабыкей туындылары Қазақстанда жарық көрген жағдайда мұндай келеңсiздiктер болмас едi.
Қабыкей Ахмерұлы – қазақ диаспорасының қайраткерi, Қазақстанда танылуға тиiстi, бiр басы зерттеуге тұрарлық тұлға. Бұл да назардан тыс қалмаса деймiз.
Ахмерұлы Қабыкей 1992 жылы Алтайдың арғы бетiнен атажұртына мәдени-рухани байлығымыздың аса мол қорын арқалап келдi. Қазiр Алматы облысы Алакөл ауданының Ақжар ауылында тұрады. Құдайға шүкiр, қазiр де тың, ширақ. Келесi жылы 80 жасқа толады. Қазақ халқы үшiн, оның өнерi үшiн бар ғұмырын сарп еткен Қабыкейдiң осы мерей тойын «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберiнде ел болып ескерiп, құрмет көрсетсек, оған үкiмет атынан Мәдениет министрлiгi тарапынан қолдау жасап жатса нұр үстiне нұр жауар болса керек.
Қ:Ахмерұлының бейнетқорлығы, болмыс-бiтiмi, мiнез-құлқы, халқына деген сүйiспеншiлiгi, ұлт өнерiне деген iлтипаты, iстеген iсi бүгiнгi һәм келешек ұрпаққа үлгi-өнеге, сабақ болары сөзсiз.
Б.БӘМIШҰЛЫ

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Мұндай тұлғалар қазақ үшін қашанда қажет.Неге атаулы мерейтойын ұйымдастырмасқа!”Әр қазақ менің жалғызым” дегендей,балам деп тұрар ұлт болмасақ,ұлтым дейтін ұлдарымыздың ұжданын түсіріп алуымыз ықтимал.Ұждан дейміз-ау,келер ұрпаққа ұлағат болып қалар,мұрағат болып қалар тұлға мен мәдени мұра қалдыруымыз қажет емес пе?Жүз жылда бір-ақ рет туатын жүрегіне жүз мың қазақтың жүрегін сыйдырған біртуар ұлыларымызды ұлықтамағанда,кімді ұлықтамақпыз?Марапатты да мандатқа қарап беретін мына заманда,мәңгүрттенудің аз-ақ алдында тұрсақ та,бірлігі бекем,мақсаты бір халық емеспіз бе?!… Мақтауды да мандытқанына қарап айтайықшы!

  2. Міне, нағыз ұлтқа, қазаққа ғашық азамат. Қазақтың талан-таражға түскен ән-күйін жинап теріп, отанына, келер ұрпағына жеткізу үлкен ерлік. Неге құрмет көрсетілмеске! Елім деп еңіреп, қазақ үшін қажалып жүрген азаматтардың өкшесінен теуіп, кеудесінен итергенше құшағымызға қысып, қолын алмаймыз ба? Қабыкей ағаның әндері мен күйлерін эстрада жұлдыздары үлкен сахналарға алып шығатын болса көрермен көңіліне жол табары анық.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар