/

Аннаға орын бұйырама екен?

1150 рет қаралды

Жаз жақындаған сайын альбионның тұманы жер-жаһанды шарпып келеді. Шілде айында барша әлемнің назары Британ аралдарына аумақ. Көк байрақтарын түйіп-буып отырған біздің спортшыларымыз Олимпиада ойындарына тәуелсіз тарихында бесінші рет аттанбақ. Оғландарымыз аристократтардың қалың ортасынан алтын орып алуды аңсайды. Әзірше қалтада 60 жолдама бар. Лицензиялық турнирлер жалғасып жатқанын ескерсек, жолдамалар саны әлі де көбейе түседі деген ойдамыз. Жолдама көбейсе үміт те артады. «Лондоннан алтын алады-ау» деп сенім артып отырған спортшыларымыз да баршылық, шүкір… Оларға тек сәттілік тілеп іштей қолдаймыз. Спортшыларымыз Англияның астанасын тек жұдырықпен яки қара-дүрсін күшпен бағындырмақ емес (Бокас пен күрес), биыл Анна Алябьева сынды айдай сұлу көркем гимнасшымыз жолдама иеленіп, Лондонда өнерінің сұлулығын паш етпек. 18 жасар Анна Алябьева «ақырын жүріп анық басып» әлем гимнастикасының элитасына еніп келеді. Өнеріндегі ілгерілеу оның көрсетіп жүрген нәтижелерінен байқалады.



Қазақ көркем гимнастикасының ханшайымы атағын абыроймен қорғаған Әлия Юсупова өткен екі Олимпиадада тамаша өнер көрсеткен. Алайда төрешілердің бұйрегі Ресей спортшыларына бұрып тұратын әдеті бар емес пе. 2004 жылы Афиныда өткен Олимпиадада Әлиямыз қай спортшыдан кем болды? Анна Бессоновадан ба, әлде Ирина Чащинадан ба? Кабаева жайлы сөз қозғамай-ақ қойдық жарайды. Ол кезде Алинаның тасы өрге домалап тұрды. Әлия әлгі қыздардан еш кем болмаған. Юсупова жалпы есепте 103,975 ұпай жинап төртінші орында тұрақтаған, естеріңізде болса. Ал Бейжің Олимпиадасында төрешілер біздің қызымызды тіпті бесінші орынға түсіріп тастады. Азияда теңдессіз гимнасшымызға бір де бір Олимпиадалық медаль бұйырмады, өкінішті… 2006 жылы Индияның Сурате қаласында өткен Азия біріншілігінде бірден 8 алтын медаль иеленген. Сонда Олимпиаданың медалі Әлияны қалайша айналып өтеді деген сұрақ туындайды. Кабаева, Канаева, Юсупова, – бәрі белгілі жаттықтырушы Ирина Виннердің қол астында жаттыққан. Виннердің гимнастикадағы беделі өте мықты. Мұны бәрі біледі. Мүмкін, Олимпиаданың чемпиондары төрешілер емес, Виннер таңдайды ма деген ой келеді кейде. Бүгінгі күні Әлия 27 жаста. Күллі әлемді сұлулығына тәнті еткен Шымкенттің қызы әйелдік табиғатынан ажырамай отбасын құрып өмірге нәресте әкелді. Алайда өз ісінен алысқа кете қойған жоқ. Әлия Шымкент қаласында көркем гимнастиканың қыр-сырын үйрететін екі мектеп ашып өзі сонда балаларды жаттықтырады. Әлия үлкен спорттан кеткенде еліміздегі көркем гимнастикасы құрдымға кеткендей елестеген. Құдайға шүкір, апкенің ізін басар сіңілілер өсіп келеді. Отандық гимнастикада жаңа жұлдыз көкке көтеріліп келе жатыр. Астаналық Анна Алябьева Лондон олимпиадасына жолдама алды. Аннаның мойнына үлкен жүк артылғандай. Бір жағынан жерлесі, бір жағынан бой түзеп өскен тәлімгері – Әлия Юсуповадан кем болмау. Бір сөзбен, әпкесінің қолынан алған «эстафетаны» үзбей жалғастыру керек.

Өкінішке қарай, 2011 жылы Монпельеде өткен әлемдік додада Анна үздіктер қатарынан көріне алмады. Есесіне Лондондағы «Уэмбли» спорттық аренасында өткізілгін лицензиялық жарыста жерлесіміз табысты болды. Сарапқа салынған 5 жолдама үшін әлемнің түкпір-түкпірінен 25 қыз таласты. Жарыстың бас жүлдесін Дарья Кондакова иеленді. Бірақ ол лицензияны одан бұрын алып қойғандықтан жолдама екінші орын алған жерлесіміз Аннаға табысталды.

Алябьева Мәскеуде жаттығып жүр. Көркем гимнастиканы түсінетін әр жанкүйерге аты таныс Ирина Виннердің қолында. Анна шығыршықпен жаттығу жасағанды жақсы көреді. Ал таспамен онша дос емес екен. Снарядты қанша бағындыруға тырысқанымен 6 метрлік таспа біресе шашқа жармасып бірде төбеге ілініп қап ырқына көнбеді. Шеберлік жаттығу арқылы келеді. Ал Анна мұны біледі. Сондықтан алдағы жарыстарда Алябьева ең ыңғайсыз құралдарын да ұршықтай иіріп төрешілерінен тек жоғары ұпайларды алады деген сенімдеміз.

Үш ел Лондонға толық құраммен аттанады. «Толық құрам» дегенде құрамаға екі-ақ спортшы кіреді. Оның өзі үлкен жетістік. Негізгі тартыс Ресей, Беларусь, Украина арасында қызбақ. Әзірбайжан, Өзбекстан, Қытай, Италия, Австрия, Польша, Болгария, Корея сынды елдер бір-бір спортшыларына үміт артады. Солардың қатарында біз де бармыз. Лондон олимпиадасынының басты фавориты – Евгения Канаева. Өйткені, Евгения жаттығудың жалғыз түрінен ең жоғарғы 30 ұпайды иеленген бірегей спортшы. Оның жерлесі Дарья Кандакова Еуропа мен әлем чемпионы. Барлығы да Ирина Виннердің шекпенінен шыққандар. Бұл жолы қалай болар екен, Аннамызға орын бұйыра ма екен. Көрелік…

 Олжас НҰРАЗХАН 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері