///

Хасен Оралтайды Анкарада еске алды

1298 рет қаралды

Анкара қаласында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының штаб-пәтерінде қазақ қаламгері Хасен Оралтайды еске алу конференциясы өткізілді. Бұл шара Түркиядағы қазақ диаспорасының көрнекті өкілдерінің бірі, жазушы-журналист, қоғам қайраткері Хасен Қалибекұлының туғанына 80 жыл толуына және қайтыс болғанының 3 жылдығына орайластырылды.

Хасан-Оралтай
Жиынға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев, елшілік қыз­меткерлері, Түркияның саясат және мәдениет қайраткерлері, ТҮРКСОЙ халық­аралық ұйымының шақыруымен Қа­зақ­станнан арнайы келген ғалымдар Мәмбет Қойгелдиев, Нәбижан Мұхамет­ханұлы, Тұрсын Жұртбай, Жарылғап Бейсенбайұлы және Германия мен Түркиядағы Хасен Оралтайдың туыстары, қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. 1933 жылы туған Хасен Оралтай шетел­дегі қазақ диаспорасының көрнекті өкілі, тарихшы, публицист, түрік, қазақ, ағыл­шын, неміс тағы басқа тілдерде жа­зылған еңбектердің авторы екенін оқырман қауым жақсы біледі. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (1994 ж). Қазақ халқының тарихына, этнографиясына, әдебиетіне, саясат мәселелеріне арналған түрік тілінде жазылған «Қазақ түріктері» (Измир, 1961 ж), «Ұлы түрікші Мағжан Жұмабайұлы (Измир, 1965 ж), «Шығыс Түркістан тарихындағы басты мәселелер» (Ыстамбұл, 1975 ж), «Коммунизммен шай­қас» (Измир, 1965 ж) кітаптарының авторы. Ол кезінде Мәжит Айтбаевтың «Абылай» дас­танын және өлеңдерін (1971 ж) түрік тіліне аударып, тұңғыш рет «Қазақша-тү­рік­­ше» сөздік бастырды. Түрік халық­тарының тарихи тағдырына арналған ма­териалдар жарияланатын «Ұлы Түрік елі» журналын (17 сан) өз қаржысына шы­ғарып тұрды (1962-1986ж.ж). Ыстам­бұл­да 1973 жылы Алаш қозғалысына, Алашорда партиясына, Алаш өкіметіне дұрыс баға берілген «Алаш» кітабын басып шығарды. Шығыс Түркіс­тан­дағы қазақтардың еркіндік жолындағы күресі жайлы өмір шежіресін баяндаған «Елім-айлап өткен өмір» атты әйгілі кітабын жазды. Хасен Оралтай 1988-1995 жылдары «Азаттық» радиосының қазақ бөлі­міне басшылық етті. 1986 жылы Жел­тоқ­санның қанды оқиғалары тұсында дүниежүзіне дабыл қағып, жазықсыз қара­ланған қазақ ұлтын қорғау туралы үн көте­ріп, дүниежүзілік қоғамдық пікір қалыптас­тырды, сөз сөй­леді, мақалалар, кітап жаз­ды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақ­стан­ның тәуелсіздік жариялағаны туралы хабарды бүкіл әлемге бірінші болып тарат­ты.

Атақты қазақ қайраткеріне арналған конференцияның ашылу рәсімінде сөз алған ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов «Хасен Қалибекұлы – ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлерінің азаттық күресін шетелде жалғастырушы, ұлт рухын қорғаушы күрескерлердің бірегейі еді» деп қорытындыласа, қайраткердің қарындасы, ғылым докторы Мәриям Хәкім «Ардақты ағамыз Хасен Оралтайдың өмірінің соңғы кезеңіне дейінгі жазған еңбектерінің барлығы қазаққа, ұлтқа пайдалы, қазақтың өткені мен келешегі үшін өзекті мәселелерге арналды» деді.Конференция аяқталған соң Хасен Оралтайдың өмірлік жары Хадиша Хәкім және жазушының ұлы Жәнібек Хәкім қайраткердің рухына арнап Хатым Құран оқытып, арнайы ас берді.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

aikyn.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі