///

Ғалым БОҚАШ: «ЕРДОҒАННЫҢ АВТОРИТАРИЗМІ»

741 рет қаралды

erdogan 1Түркия Тайып Режеп Ердоған мен оның «жұмсақ исламдық бағытта­ғы» деп сипатталатын Әділет және даму партиясы билік құрған соңғы оншақты жылда көршілерінің түсіне де кір­мейтін экономикалық өсуге қол жеткізді. Бірақ дәл осы үкімет кейбір көршілері армандай да алмайтын дә­­режеде секуляризм (кемализм) не­гізінде құрылған республикада за­йыр­лы тұрғындардың наразылығын ескерместен саяси ислам принциптерін орнықтыра бастады. Қазіргі Анкара экономикалық либерализм мен еуропалық интеграция жолынан бас тартпайтынын байқатты. Бірақ баспасөз бен интернет еркіндігі бойынша тізім соңындағылардың бірі болып тұр.
«Араб көктемі» тым асқынып кет­кен әлеуметтік-экономикалық проб­ле­малардың саяси дағдарысқа ұласуы еді. Ал «Таксимдегі» ағаштарға араша түсу әу бастан тоқ қоғамның саяси қарсылығы ретінде көрінді.
Түркиядағы наразылықтың «Араб көктемінен» несі бөлек? Әуелі соңғы он­ шақты күн ішінде әлемдік БАҚ-та тұ­рақты тіркеске айнала бастаған төмен­дегі түсініктерге зер салып байқалық.

«ЕРДОҒАННЫҢ АВТОРИТАРИЗМІ»

«Секулярист және еркін ойлы тү­рік жастары мен азшылықтардың қар­сылығын туғызған Ердоғанның автори­та­ризмі» туралы жазбаған әлемдік БАҚ қалмады. Бірақ осы «авторитаризмнің» нақ белгілерін сипаттап бергендер жоқтың қасы. Түрлі комментарийлер мен сараптамаларда мынадай үш мы­сал жиі ұшырасады.
Соңғы бес-алты жыл ішінде «Ер­до­ған үкіметін астыртын түрде секулярист интеллигенцияның қолдауымен төңкеріп тастамақ болды» деп айыпталған 200-ден астам жоғары лауазымды әскери басшы мен қызметкер қамауға алын­ды. «Ергенекон ісі» аталып кеткен осы қылмыстық істің аясында 100-ге тар­та журналист «терроризмді на­си­­­хаттағаны үшін» және түрмеге жа­был­­ды. Осы се­бепті, Түркия үкіметі ха­лық­аралық ұйым­дардың бағалауы бойынша интернет пен баспасөз ер­кіндігін шектеуші сөз бос­тандығы дұшпандарының бірі атанған. Бұл – «Ердоған авторитаризмінің» бірінші мысалы.
Соңғы жылдары елдегі этни­ка­лық һәм саяси азшылық – күрд бел­­сенділеріне қысым жасау күрт күшейді. Осы топтың бірқатар өкілдері «Ергенекон ісіне қатысы бар» деген желеумен «терроршы» ретінде қамауға алынып жатыр. Бұл – «Ердоған автори­та­ризмінің» екінші мысалы.
«Таксимнен» басталған наразылық акциялары кезінде Ердоған үкіметі бір­ден полицияның күшіне сүйенді. Де­монстранттарға жас ағызатын газ бен су шашылды. Бүгінге дейін төрт адам (біреуі – полицей) жүрегі ұс­тап, көлік астына түсіп және төбелес кезін­де жарақат алып қаза тапты. Бұл – «Ердоған авторитаризмінің» үшінші мысалы.
«Ергенекон» үшін жапа шегіп қуда­ла­нып жатқан БАҚ өкілдері туралы бірінші мысалға қайта оралайық. Түркиялық тәуелсіз журналист Мұстафа Ақжолдың (Mustafa Akyol) биыл EuropeanVoice басылымына айтқан мына бір бейтарап пікіріне еріксіз назарым ауды. Түрік журналисінің сөзінше, Ердоған үкіметі терроризммен күресте авторитарлық әдіс қолданады, қатып-семіп қалған құқықтық менталитетті өзгертуге тал­пын­байды. Түркия «либералдық емес де­мо­кратияға» (illiberal democracy) қа­рай бет бұрған, «әділ сайлау өтсе де, аза­маттық құқықтар қорғала бермейді». Бірақ журналист 2002 жылдан бері билік құрған Ердоған үкіметі тұсында «адамды азаптау мен сот шешімінсіз кісі өлтірудің біржола жойылғанын» да ескерткен. Расында да Түркияның қазіргі саяси тарихы туралы Батыста жарияланып жатқан барлық дерлік зерттеулерге сенсек, үш рет үкімет құрған Ердоғанның алдыңғы екі мерзімі ке­зінде демократия нығая түскен. Ал 2011 жылы үшінші мәрте қайта сай­ланған соң Ердоған жоғарыда айтылған тұтқындауларға жол берген.
Қысым көріп жат­қан күрд аз­шылы­ғы ту­ралы екінші мы­сал­ға ойысайық. Бұл мәселеге үңілу ке­зінде биыл нау­рыз­да түрік үкіметі мен қамаудағы жер­гі­лікті сепаратист күрд­тердің жетекшісі Абдулла Оджаланның арасында жасалған бітімді еске алмауға және болмайды. «Күрд жанжалы» басталған 1984 жыл­дан бері бірінші рет күрдтердің саяси жетекшісі жақ­таста­рын Түркия тер­риториясында қарулы ұрыс қимыл­дарын тоқ­татуға шақырды.
Демонстранттарды күшпен тарату­ға қатысты үшінші мысалға келейік. Меніңше, авторитаризмнен ада Ба­тыс елдерінің өзінде наразылық та­ны­ту­шы­ларды тарату үшін полиция жас ағы­­затын газ бен су шашу әдісін қол­да­нады. Мысалы, антиглобалист және ан­тикапиталист демонстранттарды улы газ бен резеңке оқ атып қуа-қуа өл­­шеусіз тәжірибе жинаған бір ғана Женева полициясының өзі біршама елге дәріс бере алар еді. Сол себепті, әлі резеңке оқ ата қоймаған түрік поли­циясының қазіргі реакциясы жұртты жаппай тітіркендіріп тастады деп айту қиын.
Өз басымды одан гөрі қаттырақ тітіркендірген жайт басқа еді. Ол – Ер­доғанның соңғы екі аптадағы ритори­касы. Саясатына сәл наразылық та­ны­та қалған жұрттың талап-тілегін жан-жақты зерттеп алмай тұрып, ең бі­рінші асығыс-үсігіс мәлімдемесінде-ақ «тонаушы», «терроршы», «бүлікші», «на­шақор», «алқаш» деп үкім шығарып тастау авторитарлық режимде тұратын адамдар үшін соншалықты таныс саяси мінез-құлық. Басында «Таксимдегі» қарсылық акциясын «Тахрир» толқуынан гөрі «Оккупай Уолл-Стрит» (Нью-Йоркте болған демонстрация) қозғалысымен салыстыруға бейім тұрған едім. Тү­рік Премьер-министрінің үзілді-ке­сілді қатаң риторикасы керісінше әсе­р ту­дырды. Сол себепті, Ердоған Түр­кия­да­ғы шашыраңқы шерулерді «Араб көктемімен» салыстырмауға ша­қырған сайын сондай пікірдің қалыптасуына өзі себеп болғанға ұқсайды. Халықтың басым көпшілігінің қолдауына ие саяси жетекші дәл осылайша қуыстана қорғануға көшеді деп ойламаған едім.
Бірақ араб әлеміндегі автократтар мен диктаторлардан бір айырмашылығы – түрік премьері он бірінші күні болсын демонстранттардың өкілдерімен жүзбе-жүз кездесуге мақұл екенін білдірді. «Ше­ру­ге шыққандардың барлығы тонаушы» деген әуелгі сөздің орнын «демократиялық жолмен наразылық танытушыларды бұ­зақылыққа бұрып әкеткен бүлікші эле­менттер» туралы жаңа пікір басты. Қар­сылық акциялары кезінде интернет пен әлеуметтік желілер жаппай шектеліп, я жабылған жоқ. Стамбул мэрі Twitter арқылы демонстранттардың халін біліп, кешірім сұрап жатты.
Әлбетте, 100-ге тарта журналист пен 200-ден астам офицерді және бір­қа­тар этникалық азшылық өкілдерін «үкі­метті заңсыз төңкермек болды» де­ген конспирацияға ұқсас ащы ішектей со­зылған қылмыстық іс аясында ұзақ мер­зімге түрмеге жабу қандай да бір өркениетті елге жараса қоймас. Поли­ция­ның шектен тыс күш қолдануына ерік беру де адам құқықтарына қатер төндіретін жайт. Бірақ билеуші партиясы әділ сайлау арқылы үкімет құратын, адам азаптау мен сотсыз жазалауды бол­дырмай тастайтын, «күрд жанжалы» сияқты күрделі мәселені реттеудің жо­лын табатын және демонстранттарға қар­сы ары кетсе жас ағызатын газ бен су шашатын «авторитаризм» кейбір Таяу Шы­ғыс және пост-советтік елдердегі азаматтық қоғамның арманы емес пе?

«ТҮРКИЯДАҒЫ ИСЛАМИЗАЦИЯ»

Тайып Режеп Ердоған басқаратын Әділет пен даму партиясының «жұмсақ саяси Исламды жамылып» Ататүрік негізін қалаған секуляристік республиканы «қайта исламдандыруға тырысып жат­қа­ны» туралы айтылатын пікірлер мен бол­жамдар да көп. Соңғы екі аптадағы наразылық шаралары кезінде бұл тақы­рып жиі қозғалатын болды. Тағы да соңғы екі апта ішінде әлемдік БАҚ-та ең көп ұшырасқан төмендегі екі мысалға көз жүгіртейік.
• Түрік үкіметі «Таксим» алаңындағы шоқ ағашты кесіп, Осман империясы кезіндегі тарихи ескерткішті қалпына келтірмек. Былайша айтқанда, мұсыл­ман­дық тарихын насихаттайтын тағы бір ес­керт­кіш тұрғызбақ.
• Әділет пен даму партиясы елде ішім­дік сатуды одан ары шектей түсетін заңды қабылдатпақшы. Бұл заң жобасын түрік парламенті мақұлдап үлгерген.
Ердоған үкіметінің Стамбулдың еуро­па­лық бөлігінде орналасқан «Таксим» алаңындағы шағын парктің (сквер десе де келер) орнына османлы кезеңіндегі әскери ғимаратты қайта тұрғызу туралы жоспарына таңданатындай ештеңе жоқ. Сек­улярист түріктердің соңғы саяси қар­сылық акциясына шартты себеп бол­ған да осы жоба еді. Бұл – Әділет және даму партиясы жетекшісінің Ос­ман империясы туралы кез келген ес­телік­ті ұлттық мақтаныш тұтатын діни консервативтік электоратының алдында өте табиғи және түсінікті түрде саяси ұпай жинау әрекеті. Кезінде өзі мэрі болған Стамбул халқының арасында дәл осы жобаға қатысты сауалнама жа­салып Ердоғанның жақтаушылары ба­сым түссе, таңқалуға болмас. Бұл қала­да жасыл желектің аз екені рас. Ол тұрғыдан «Таксимдегі» ағаштарға араша түскен демонстранттарды қолдамайтын жан жоқ шығар. Бірақ шеруге шыққандардың көпшілігі ағаштардың тек сылтау болғанын, гәптің бәрі саяси және басқа да азшылықтардың «Ердоғанның авторитаризмі мен исламизациясынан шаршағанында жатқанын» айта бастады. Ондай жағдайда наразы секулярист түріктерге дәл осындай ұйымшылдықпен және белсенділікпен келесі сайлауға қатысып, дауыс беруге кім кедергі? Өткен сайлауда кім кедергі болған?
Әділет және даму партиясы сайлау­шы­ла­рының алдында танымалдығын арт­тыра түсу үшін тұрақты түрде жүргізіп келе жатқан тағы бір кампания – түрік жастарын ішімдіктің зиянды ықпалынан құтқару. Ердоғанның өз сөзімен айтқанда: «Тақуа мұсылман буынын қалыптастыру». Бұл саяси науқан да Ататүрік құрған зайыр­лы республика идеалдарын қолдаушы, Осман империясын өз тарихының ең жарқын кезеңі деп санай қоймайтын секулярист түріктердің шамына қатты тиді. Жеке бостандығына қол сұғу бо­лып көрінді. Ішімдік сатуды шектейтін заң жобасы бойынша 22.00-06.00 ара­сында алкоголь өнімдері мүлдем са­тыл­мауы тиіс, арақ-шарап дүкендері ме­шіттер мен мектептерден кем дегенде жүз метр алыс орналасуы керек, ал телеар­налар кез-келген кадрдегі ішімдік ыдыстарының жазуларын көмескі етулері қажет. Бұл заңды мақұлдау кезінде түрік парламентінде зор айғай-шу туды. Оппозициялық депутаттар залдан мүлдем шығып кетті. Соған қарамастан дауыс беру нәтижесі қабылданды. Жуық арада бұл заң жобасына Президент Абдулла Гүл қол қоймақшы. Бір ескеретін жайт, бұған дейін алкоголь өнімдеріне арналған салық түрі көбейіп, олардың теледидардағы жарнамасына біржола тыйым салынып, тіпті «Түрік әуе жолдарының» кейбір ұшақ­та­рында ішімдік берілмейтін болған. «Мұсылман бауырлар» сияқты исламдық партия билік басына келген Египеттің өзінде мұндай қатаң шектеу жоқ. БАӘ туралы ештеңе айтпаса да болады. Ал Түркияда түнгі он мен таңғы алты арасында ғана ішімдік сатпау саясатының «тақуа жас буын» қалыптастыруға қалай үлес қосатынын және мұсылман әлеміндегі ірі туризм орталығының бюджетіне қа­лай әсер ететінін Әділет және даму пар­тиясының идеологтары ғана жақсы білуі тиіс.
Түрік үкіметінің бұл реформаларын талдау кезінде бірқатар халықаралық БАҚ барлық кінәні «секулярист азшылықтың құқығын аяққа таптаушы Ердоғанның әсіре діндарлығына» аударады. Түркия сияқты мұсылман әлеміндегі ең қатты модернизацияға ұшыраған елде бір ға­на адамның діни принциптері тұтас мем­лекеттік саясатты қалыптастыруға ықпал етеді деп тұжырым жасау қисынсыз болар еді. Егер сайлаушылардың ба­сым көпшілігі діни консерватизмнің жақтаушылары болмаса, Ердоған да бұлай еркін қимылдай алмас еді. Әлемдік БАҚ-тың назарына көп іліне бермейтін бір фактор – жалпы ішкі өнімі соңғы 20 жылда еселей өсіп, әлемдегі экономикасы ең ірі 20 елдің біріне айналған Түркияда экономикалық әлеуетпен бірге мұсылмандық тарихы мен османлы мәдениетін қастер тұтатын қа­лыпты ислам жақтаушыларының да күрт көбейгені. Ал мұндай электораттың қолдауынан айырылмау үшін Ердоғанның орнындағы кез-келген прагматик саясат­кер Ататүріктің секуляристік республика туралы өсиеттері мен Еуропа Одағының саяси-экономикалық талаптарын прио­ритет көрмес еді. Ердоған үшін Түркиядағы әрбір діни қауым мен діни топ мүшесінің дауысы маңызды. Бұл елге барған сайын бір байқаған нәрсем – ортодоксы болсын, нақышбандысы болсын, махмұдшысы болсын, сүлейменшісі болсын, нұршысы болсын, я гүленшісі болсын, Әділет пен даму партиясының жетекшісіне деген ыстық ықыласын білдіріп жатады. Түркиядағы сиырдың бүйрегіндей қырық бөлек, қырық пышақ исламдық топтардың барлығының дерлік көңілін табу – Ердоғанның көп жазыла бермейтін тағы бір жетістігі. Кең тараған бір конспирация бойынша Түркия Премьері, теолог Фетхуллаһ Гүленнің мү­риді ретінде сипатталады. Бәлкім, Гүлен құрған жартылай діни, жартылай зайыр­лы, сүнниттік-модернистік білім беру жүйе­сінің («Фатих», «Хизмет» және «түрік лицейлері» деген аттары бар) Әділет пен даму партиясы ұстанатын «жұмсақ Ислам» саясатына сырттай ұқсастығы осындай мифтің тууына түрткі болған шығар. Түркиядағы діни ахуал мен ішкі саясатты білетін адам бұл болжамның қисынсыз екенін айтар еді. Өйткені, Ердоған қандай да бір діни топқа, я тарихатқа ашық жа­қын­дап кеткен күні өзі арқа сүйеген тұтас исламдық электораттың елеулі бөлі­гінен бір-ақ күнде айырылатынын жақсы біледі.
Өзінің алдында өткен Түркия Пре­мьер­лері сияқты Тайып Режеп Ердоған есінен шығармайтын ең маңызды фактор – қит еткен авторитаризмді де, ашық исламизацияны да адым аштырмай ауыздықтай қоятын, ту сыртынан көз алмай қадағалап тұрған «секуляристік республика құндылықтарын қорғаушы» түрік армиясы. 1960 жылдан бері төрт мәрте төңкеріс жасаған әскер басшылығы азаматтық үкімет дағдарысқа ұшыраған сәтте саясат сахнасына шыға келуге қашан да болсын дайын тарап. Ердоған исламдық электоратқа қалай иек артса, «Таксим» алаңына шыққандар да зайырлы қоғам OLYMPUS DIGITAL CAMERAпринциптерінің сақталуына кепілдік беруші әскерді дәл солайша сүйеу көреді. Сол себепті, соңғы жарты ғасырда үкімет басына сайланған сайын алған дауысы көбейе түскен алғашқы партияға айналған «Әділет пен даму» біржола үстемдік орната ма, әлде әскер мен әлеуметтік желіге сүйенген секуляристер заң аясында өз бостандықтарын қорғап қала ма, ол арасын болжап білу және қиын. (2-суретте Ғалым Боқаш, Мінбердің жеке қорынан)

дереккөз: “Қазақ әдебиетінен”

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі