///

Мағжан: “Мен жастарға сенемін”

1109 рет қаралды

Астана. 31 желтоқсан. 2013 жылды Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазуға лайық себептер жеткілікті. Бұл жолда қоғамның ілгері қадам басуына жастардың қосқан үлесі орасан. Осыған орай, өнерімен, білімімен, дарынымен Қазақ елінің халықаралық аренадағы беделінің артуына үлес қосқан жастардың бірқатарын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Мадияр Мамырбеков

Талдықорғандық мектеп оқушысы Мадияр Мамырбековтың ерлігі дүйім қазақ жұртына өнеге. 2013 жылдың сәуір айында Алматы облысындағы Қаратал өзенінен екі баланы аман алып шыққан оқушының ерлігін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазғаны белгілі. «Бар болғаны суға кеткен екі баланы шығарғаным болмаса, аса бір ерлікке санамаймын бұл әрекетімді. Менің орнымда кез келген азамат осылай істер еді» – деп кішіпейілділік танытуы түсінген жанға ой салары анық. Яғни, ешуақытта жеке бастың қамын ойламай, әрдайым бауырларымызға жәрдем беруге дайын жүру керектігін үйретті оқушы жастың бұл ісі. Мадиярдың ерлігі елеусіз қалған жоқ. Қала әкімі Ермек Амантайұлы оқушыға «Талдықорған қаласының құрметті азаматы» атағын өз қолымен табыстады.

Геннадий Головкин

2013 жыл – бокс дегенде ішкен асын жерге қоятын қазақтың маңдайы жарқыраған жыл болды десек жаңылмаймыз. Қарағандылық боксшы Геннадий Головкинді тізімнің басына шығаруымыздың себебі айтпаса да түсінікті болар. Бір жылдың ішінде төрт бірдей қарсыласын нокаутпен жеңген жерлесіміз Қазақстандағы бокс деңгейінің жоғары дәрежеде екенін әлемге паш етті. Отандасымыздың кәсіби боксқа өткен 7 жылдың ішінде жалпы саны 28 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті, оның ішінде 25 кездесуді нокаутпен аяқтаған.

Нұрлан Әлімжан

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы кімді болмасын қызықтыратыны анық. Оның туып-өскен ортасы, білім алған ордасы, қызмет жолы кітап беттерінде басылып жүр, алайда, Мемлекет басшысы жайлы көркем фильм түсіріп, халықтың назарына ұсыну енді ғана қолға алынып келеді. Алғашында президентіміздің рөлін сомдауға бірқатар өнер адамдары тырысып көрді. Алайда, елбасының бейнесін мейлінше шебер әрі шынайы орындап шыққан Нұрлан бауырымыз халықтың ықыласына бөленіп, Нұрсұлтан Әбішұлының өз қолынан «Жас қыран» сыйлығын алды.

Жансая Әбдімәлік

Чехияның Брно қаласында «Czech Tour» сериясы бойынша өткен шахмат турнирінде талай елдің үздіктерін тізе бүктірген Жансая Әбдімәлік қарындасымыз бұл тізімнен орын алуға әбден лайық. 13 жасар дарынды қыз 14 елден келген 69 шахматшының арасынан суырылып шығып, әлемнің үздік шахматшыларының тізіміне енді.

Марат Әбиев

Ақтөбе қаласының тұрғыны 24 жасар Марат Әбиев «Forbes Казахстан» журналының есебі бойынша, 100 қазақстандық миллионердің тізіміне енген. Марат «Қазақстан арманы» атты тырнақалды туындысында ешқандай тамыр-таныстың көмегінсіз, тіпті, жоғары білімсіз-ақ жетістікке жетуге болатынын жазып шыққан. Жас миллионер жүріп өткен жолын кітап бетіне түсіріп, замандастарымен табысқа жетудің жолдарымен бөліскен.

Димаш Құдайбергенов

Ыстықкөл жағалауында алғаш рет өткен «Мейкин Азия» халықаралық жас орындаушылар фестивалінде жерлесіміз Димаш Құдайбергенов бас жүлдені иеленіп, еліміздің абыройын асқақтатты. Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов сынды жезтаңдай әнші ағаларымыздың ізін жалғап келе жатқан жас дарын иесінің алғашқы жеңісі емес – бұл. Қазақстанда өткен бірқатар ән сайыстарында да үздіктер қатарында жүрген Димашты танымал жастардың тізіміне қосқанды әбден орынды болар деп шештік.

Бұл тізімді әрі қарай жалғасақ, қазақ арасынан шыққан небір дүлдүл әншілер мен қоғамға еңбек сіңірген белгілі саясаткер жастарды, әлемдік ареналарда ел намысын жыртып жүрген спортшыларды тізбектеуге болады. Жоғарыда аттары аталған танымал жастар қоғамның назарына ерекше ілігіп, атқарған істерімен өнегелі бола білгендер деген оймен өз рейтингімізді жасап көрдік.

Ғабит ҚАРАБАЙ, Baq.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар