Қытайдағы этникалық қазақтардың басынан өтіп жатқан ауыр жағдай атап айтқанда – балиғатқа толмаса да, қартайса да ешқандай сотсыз қамалу, қорқыту мен қорлау, шетелге шығу құқынан айыру, жүздеген азаматтардың, әке-шешесіне баруға, көрісуге қойылған шектеулер әлемнің назарын аударып жатыр.

Тіптен, Қазақстанда туылған Қытайда ешқандай туыстары жоқ, азаматтардың да Қытайға барғанда еш себепсізден саяси тәрбиелеу орталығы деп аталатын лагерге қамалып жатқандары туралы төменде айтатын боламыз.

Әлемдік өркениеттің, адамдық құқықты басты негіз еткен адамзат қоғамында туындаған бұл жағдайды БҰҰ, Еуропа парламенті, АҚШ конгресі, Жапония мен Германия парламенті және басқа да түрлі халықаралық құқық қорғау ұйымдары жарыса жазды.

Қытайдың Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған бір топ Қытайға барып та қайтты. Қытайдың ресми ақпарат құралдары “Қазақстандағы қытай диаспорасының өкілдері келді” деп жар салды. Себебі олар Қытайда туылғандардың барлығын – өз диаспорасы ретінде қарайды, қолдайды, көмектеседі. Бірақ аталған делагацияда Қазақстанда туылған азаматтар да бар.

“Саяси үйрену лагерлері – шын мәнінде түрме. Оған түскеннің туыстармен еркін кездесу, хабарласу еркіндігі жоқ. Оқшауланған және еркіндік шектелген тәрбие орталығы. Негізі түрмеден ешқандай айырмашылығы жоқ. Бұл туралы сол лагерде отырып шыққан Қазақстан азаматтары айтып отыр” – дейді қоғам белсендісі Қыдырәлі Оразұлы.

24 тамыз. Қатар өткен екі конференция

2018 жылы 24 тамызда Алматыда Қытайдағы қазақ мәселесіне байланысты екі баспасөз жиналысы өтті.

Таңертеңгі сағат 10:00-да басталған біріншісін – “Туыстарымыз Қытайда заңсыз қамалды” атты баспасөз мәслихатын “Атажұрт еріктілері” деген атпен танымал ресми тіркелмеген белсенді топ ұйымдастырып, өткізді.

Сағат 12:00-де өткен екіншісінде тамыздың 12-19 тамыз аралығында Қытайға барып қайтқан делагация өкілдері есеп берді.

Қытайға барған Қазақстан азаматтары қамалып жатыр

Қыдырәлі Оразұлы, қоғамдық белсенді:

– Біз “Туыстарымыз Қытайда заңсыз қамалды” деген тақырыпта конференция ұйымдастырып отырмыз. Конференцияға қатысушылардың айтуынша, қазақстандықтардың Шыңжаңға барған туыстарынан қамалып жатқандар әлі бар, – дейді informburo.kz тілшісіне.

– 48 жастағы үлкен ұлым Рысхан Мағадиев тамыздың 11-і күні келініме қоңырау шалып, өзінің тауарларды алғанын, енді құжаттарының дайын болғанын күтіп жатқанын айтқан. Кейін тамыздың 12-13 күндері де қоңырау шалып, әйелімен сөйлескен. Тамыздың 14-інен бастап, еш хабар болмады. Тамыздың 17-сі күні келінім бір күндік визамен Қытайға өтіп, Қорғас шекара кеден бекетіндегі Қытай елінің құқық қорғау органының өкілдеріне жолығады. Бірақ олар ұлымның қамалғанын растағанымен, не себепті ұсталғаны туралы мәлімет бермеген, – дейді Манзия Түсіпбекова.

Маниза анамыздың айтуынша, көмек сұрап хабарласқанда, ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілдері Рысхан Мағадиевке “есірткі саудалады” деп айып тағылғанын айтыпты.

13 жастағы Есберген Жалғас бір жылдан бері әке-шешесін көре алмай отыр. Шешесі Мұхтархан Анаргүл – Қазақстан азаматы екен. Жеке сапармен Қытайға барғанда ұсталып, саяси үйрену лагеріне жіберілген.

Қырғызстаннан хабарласхан 12 жастағы Байболсын Шайырбек өзінің әкесін Қытайдың саяси үйрену лагерінен босатуын сұрап, Қазақстан Республикасының Президентіне бейнежолдау жазыпты.

Қытай түрмесіне жуықта түскен тағы бір азамат Бейсен Нұриден Қытайдан келіп 2013 жылы Қазақстан азаматтығын алған. 2017-де Қытайға шаруаларымен кеткеннен бері оралмаған. Бұл туралы баспасөз мәслихатында інісі Шәміс Нұриден хабарлады.

– 2017 жылы қаңтар айында бала-шағасымен бірге Қытай еліне туысшылап кеткен еді. Кейін Мори аудандық сақшылары төлқұжаттарын алып қойған. Биылғы маусымның 5-і күні саяси лагерге әкетті. Қамалғалы жеңгем бір рет жолығып, бір рет телефон арқылы сөйлесіпті. Бірақ ештеңе айта алмапты. Жеңгем мен інім қазір Қытайдан, кері қайта алмай отыр. “Қазақстанға хабар бердің” деп, телефонын алып қойған, – дейді ол.

Астана, 2017 жылы. Қазақстан азаматтары Қытайдағы қиын жағдайда қалған туыстарына көмек сұрап баспасөз мәслихатын өткізген болатын

Астана, 2017 жылы. Қазақстан азаматтары Қытайда қиын жағдайда қалған туыстарына көмек сұрап баспасөз мәслихатын өткізген болатын / informburo.kz

Қыдырәлі Оразұлының айтуынша, туыстары Қытайда сотталған отбасылар өте көп. Тіптен бір отбасындағы 4 адамды да саяси үйрену лагеріне және түрмеге әкеткендігін, 13 жастағы қызды әке-шешесі Қазақстан азаматтығын алғандығы үшін кепілге ұстап отырғандығын айтып зарлаған асыраушысынан айырылғандардан кеңселерінің әр күні босамайтынын жеткізді.

Бұрын қысымды Қытайдағы қандастарымыз көріп жатқанын айтып жүрсек, соңғы кездері олардың арасында Қазақстанның төл тума азаматтары мен Қазақстан азаматтығын алғандар да көбейген.

Қытайға барған делегация өкілдеріне сенбейтіндер де бар

Қазақстандық делагацияның Қытайға сапары туралы “13 тамыз күні, Қытай коммунистік партиясы орталық комитетінің Біріккен майдан департаментінің (中共中央统一战线工作部 – The United Front Work Department of CPC Central Committee) орынбасары Таң Тианшиң (Тang Tian Хing – 谭天星) Бейжіңде, Қазақстаннан келген қытайлық мұһажырлардың (Қазақстандағы қытайлар мен Қытайдан көшіп барған азаматтарды мұнда осылай атайды) делегациясымен кездесті” деп жариялаған болатын.

Қытай компартиясының Біріккен майдан департаменті – коммунистік партияның саяси, үгіт, үйлестіру және шетелдегі қытай қандастары мен елдің байланыстарын реттеп жүргізетін арнайы саяси орган.

Әр жылы дәстүрлі түрде өтетін Мұһажырлар құрылтайы аясында өткен шараны Қытайдың Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған. Аталған делагация құрамына Қазақстанда туып-өскен қазақ саясаткері Расул Жұмалы мен жазушы Жанарбек Әшімжан да болды.

Қытайға барып келген делегация мүшелері баспасөз мәслихатын өткізді

Қытайға барып келген делегация мүшелері баспасөз мәслихатын өткізді / Фото informburo.kz

Серікжан Біләш, қоғамдық белсенді: “Қытайдың жұмсақ күші туралы жақсы білесіздер. Қытай компартиясының Біріккен Майдан департаменті Қытай мен шетелдегі қытай қандастары арасындағы байланысты реттейін арнайы мекеме. Олар осы жылы шетелдегі қытай қандастарын қолдауға 100 миллион қаржы бөлгенін жариялады. Сондықтан, біздің елдегі кей азаматтарды қытай билігі сатып алған болуы немесе түрлі тәсілдермен пайдалануы ықтимал. Осы арқылы Қазақстандағы Қытайға сыни көзқарасты бәсеңдеткісі келеді. Тіптен, осындай азаматтарды, үкіметтік тұлғаларды да сатып алып, ойлағандарын істеуі де әбден мүмкін ғой. Сондықтан Қытай қаржыландыратын және қытайлық диаспора санайтын Қазақстан азаматтарынан, компанияларынан сақтану керек” – деп informburo.kz тілшісіне сұхбат берді. Серікжан “Қытайшылдар неге құтырына шабуылдауда?” деген видеожазбасын жариялады.

Серікжан Біләшұлы

Серікжан Біләшұлы / Сурет “Қытайдағы қазақ мәселесі” атты ФБ парағынан алынды

Оның үстіне “Жебеу” қоғамдық бірлестігі” – Қытайда Қазақстандағы қытай қандастарының ұйымы ретінде белгілі.

Біз осы мәселе бойынша Өмірхан Алтын ағамызды сөзге тарттық.

– Әрине азаматтардың барғандары, айтқандары өте дұрыс болды. Алайда бұл Қытай билігінің қойып отырған спектаклі болуы мүмкін. Себебі, Қытай ондағы азшылықтардың басына түскен зұлматты мойындамай отыр. Сондай-ақ шыққан шуды бәсейту үшін түрлі шаралар өткізіп отырған болуы, кейбір азаматтарды сатып алған болуы мүмкін, – дейді ол кісі.

Осы мәселе төңірегінде әлеуметтік желіде дау туындады. Мысалы, Ошыман Конан деген азамат фейсбук желісінде:

Қытайға кеткен делегация шынында кімдер үшін кетті? Осы жолғы делегация ол Қытайдағы қандастармен еш қатысы жоқ, тек Қытай мүддесіне бола ұйымдастырылған делегация, яғни жыл сайынғы Қытай сыртқы істер министрлігінің шетелде тұратын қытайшыл диаспора өкілдерін жинап, олардың өткен жылдағы Қытай үшін жасаған еңбектерін бағалап, сый-сыяпат жасап, істеген еңбектері үшін орден тағатын, əрі келесі жылы да жалғасатын, сол елдерде Қытайдың жақсы образын қалыптастыруға тиісті тапсырмалар мен міндеттер беретін үлкен идеалогиялық жиналыс” – деп жазған.

Ал, кей азаматтар қазақстандық делагацияның Қытайға барғанын қолдап, халықтық дипломатия ретінде де атап отыр.

Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы барлық тәуелсіз елде танылған

Қазақстан Конституциясының 1 бабында “Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Адам – мемлекеттің ең үлкен байлығы” деп жазылған.

Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы – адамның ажыратылмайтын құқылары мен бостандықтарын жариялаған негізгі халықаралық-құқықтық құжат. 1948 жылғы 10 желтоқсанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қабылдаған. Бұл халықараралық-құқықтық актінің міндеті – осы құжатта бекітілген адам құқылары мен бостандықтарының жалпыға бірдей мойындалуын және тиімді сақталынуын қамтамасыз ету.

Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 1 бабында “Барлық адамдар тумысынан азат және қадір-қасиеті мен құқықтары тең болып дүниеге келеді. Адамдарға ақыл-парасат, ар-ождан берілген, сондықтан олар бір-бірімен туыстық, бауырмалдық қарым-қатынас жасаулары тиіс” деп атап көрсетілген.

2 бап. Әр адам, нәсіліне, түр-түсіне, жынысына, тіліне, дініне, саяси немесе басқа да наным-сенімдеріне, ұлттық немесе әлеуметтік тегіне, мүліктік, тектік-топтық, немесе басқа да жағдаяттарға қарамастан осы Декларацияда жарияланған барлық құқықтар мен бостандықтарға алаланбай, бірдей тең ие болуы тиіс.

Сонымен қатар, ешкім де өзі тұратын елінің, не болмаса территорияның саяси, құқықтық немесе халықаралық мәртебесінің негізі бойынша және де ол территория тәуелсіз, әлде біреудің қарамағында, әлде өзін-өзі басқарушы емес немесе оның егемендігі әртүрлі нысанда шектеулі болған күннің өзінде де, алаланбауы тиіс.

Қытай БҰҰ мүшесі ретінде халықаралық қауымдастықтың алдында орындауы тиіс өз міндеттемелерін қабылдаған. Қазақстан мен Қытай арасында Сыртқы істер министрлігі, консулдық мекемелер, көші-қон құрылымдары деңгейінде екіжақты құжаттар қабылданған. Сонымен бірге Шаңхай ынтымақтастық ұйымы шеңберінде қабылданған меморандумдар туралы да көп нәрсе айтуға болады.

Бұл мәселе – Қытайдың ішкі ісі болудан да қалды

Саяси сарапшы, делагация мүшесі Расул Жұмалы 2018 жылы 23 тамыздағы “Ана тілі” газетіне берген сұқбатында: “Шыңжаңдағы 1,5 млн қандастың сол елдің заңына бағынуы керектігі біз мойындаймыз. Алайда біз бөлінген отбасылардың, көшіп келгендердің зейнетақыларының тоқтатылуына, студенттердің жағдайына, заңсыз тәрбиелеу лагерлеріне жіберілуіне, төлқұжаттарынан айырылуына қалай бейжай қараймыз?

Қытай өкіметі кезінде халықаралық қауымдастықтың алдында орындауы тиіс өз міндеттемелерін қабылдаған. Қазақстан мен Қытай арасында Сыртқы істер министрлігі, консулдық мекемелер, көші-қон құрылымдары деңгейінде екіжақты құжаттар қабылданған. Соған орай біз қандастар мәселесін талап етуге құқылымыз, екіншіден, Қытайдың заң алдында орындауы тиіс өз міндеттемелері бар.

Қытай Конституциясы бойынша барлық ұлттың құқы тең сақталып, тілдік, нәсілдік, әлеуметтік тұрғыдан кемсітілмеуі керек. Мәселен, АҚШ-қа, Еуропаға көшкен ханзу азаматтары зейнетақыларын алып, студенттеріне еш шектеу болмай, екі арада емін-еркін жүреді, ал неге этникалық қазақтардың құқы бұзылады? Ресейді, Түркияны, Германияны, өзге де елдерді қараңыз, әр қандасы үшін күресіп жатыр. Сырттағы қандастар үшін біз де алаңдаймыз” – деді.

Адам құқығы жөніндегі мемлекеттік емес ұйымдар мен Батыс елдері

– БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі конвенциясында әрбір азаматтың өзі қалаған еліне көшуіне, шекарадан емін-еркін өтуіне, оның өз отбасы мүшелерінен себепсіз бөлінбеуіне, қайда тұруды тек өзі шешуіне құқылы екені жазылған. Қытай мұндай құқықтық келісімдерге мүше бола отырып, оны өз тарапынан өрескел бұзылып отыр. Бұған Батыс Еуропа елдері мен АҚШ және адам құқығы жөніндегі мемлекеттік емес халықаралық ұйымдар жайдан-жай қарап отырған жоқ, – дейді Расул Жұмалы.

Саясаткер Арсул Жқмалі

Саясаткер Расул Жұмалы / Сурет Расул Жұмалының ФБ парақшасынан алынды

Саясаттанушы informburo.kz тілшісіне берген сұқбатында Қытайға сапары кезінде, орталық және жергілікті билік өкілдерімен кездесу барысында халықаралық конвенцияларға сай адам құқықтарының қорғалуын талап еткенін айтты.

– Бұл мәселеге қатысты үшінші тараптағы елдердің арасында АҚШ билігі Қытай үкіметінен адам құқықтарының қорғалуын жиі талап ете бастады. Егер бұл әлемнің саяси сахнасында қарқынды көтеріле беретін болса, оның арты санкцияларға жетуі мүмкін. Қытай экономикалық қуаты бар алып ел болғанымен, мұндай келіспеушіліктер оларға да керек емес. Сондықтан Қытай билігі ұлтаралық жағдайды одан әрі ұшықтырып алмауды ойлайтыны анық, – дейді Расул Жұмалы.

Қазақстан – әр қазаққа пана болады

Расул Жұмалы: “Бұл туралы Президент Нұрсұлтан Әбішұлының өзі Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайында: “Қазақстан – дүниедегі қазақтардың атамекені, тарыдай шашылған қандас­тарымызға пана болу, қорғау Тәуелсіз Елдің борыштарының бірі” деп қадап айтқан болатын. Әрине, әр ел үшін бірінші кезекте мемлекеттің тұрақтылығы қымбат, алайда бәрі заң аясында, асыра сілтеушілікке жол берілмей реттелуі керек. Қалыптасқан жағдайды шешу екі жаққа да маңызды, екі жақтың да ресми тарабы мүдделі. Бұл мәселенің ушығуы, Қытайға деген теріс көзқарастың қалыптасуы екі тараптың өзге салалардағы қарым-қатынасына сызат түсіреді. Тиісті іс-шаралардың жетіспеушілігінен бұл мәселе ушығып кетті. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бірнеше рет ресми нота да жолдады. Бірақ оған ҚХР-ның ресми жауабы өз деңгейінде берілмегендіктен қоғамдық пікір қалыптасып, елдің наразылығы өршіп, халықтық дипломатияның араласуына дейін алып келді”, – депті сол “Ана тілі” газетіне берген сұқбатында.

Қытайдағы мәселе Қытай коммунистік билігінің солшылдыққа бет алғанын білдіреді

Қытайдың ресми билігінің жауабы бойынша, ” Қытай өкіметінің экстремизм мен сепаратизмге қарсы күресті күшейтуі себеп болған”. Бірақ әзірге ондай қылмыспен сотталған қазақты көре алмай отырмыз.

Ал Германиялық құқық қорғаушы, Азаттық радиосының бұрынғы тілшісі Өмірхан Алтын informburo.kz тілшісіне берген сұқбатында бұнымен келіспейді. Қытай билігі Коммунистік жүйенің солшылдығына бет алды деп есептейді.

– Бұл – коммунистік режимнің жемісі.

Шын мәнінде Қытай – аяқталмаған империя. Себебі, Қытайда ешқашан демократиялық күш жеңіске жеткен жоқ. 1911 жылғы Қытай жеріндегі алғашқы демократиялық сілкініс – Сұн Жоңшан (Sun Zhongshan) басшылық еткен төңкеріс 1949 жылы құлады. ҚХР құрылғаннан кейін әлем халқы олар ақырындап адамдық құқықты негіз еткен демократияға беттейді деп үміттенді, сенді. Алайда, бұл үміт ақталмады.

Партия дегеннің өзі белгілі мүдделес топтардың біріккен ұйымы екенін білесіздер. Қытай Компартиясы өз биліктерінен айырылып қалудан қатты қорқады. Сол себепті, осындай сұмдықтар болып жатыр.

Өмірхан Алтын Құрылтай кезінде журналистерге сұхбат берді

Астана, 2017 жылы 23 маусым. Өмірхан Алтын Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы кезінде журналистерге Қытайдағы қазақтардың қиын жағдайда қалғаны туралы сұқбат берді / Фото informburo.kz

Ши Жинпиң (Xi Jinping) билік басына келгеннен кейін билік “партияның беделін арттыру және партия басшылығын тіктеу” деген мақсатпен қайтадан солшылдық бағытқа оралды, – дейді ол informburo.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Коммунистік жүйенің ауруы күшейіп барады

– Ал компартия билігін орнықтыру үшін ешқандай адамдық құқық ескерілмейді. Себебі, коммунистік жүйеде саясат заңнан жоғары тұрады. Екіншіден, коммунистік жүйе күшті негізге алады. Мысалы, Қытайдың алғашқы төрағасы Мау Зыдоң ( Mao Zedong) “мылтықтан (күштен) билік туады” деп жариялаған болатын. Сондықтан, олар кез келген билікті және күшті партияны қорғауға бағыттаған.

Кешегі Кеңес Одағындағы партиялық биліктің қалай орныққанын, қалай күйрегенін білесіздер. Сондықтан Қытайдағы азшылықтарға, дін өкілдеріне жасалып жатқан қиянат кейбір қытай азаматтарын да шарпып жатыр. Бұл – Қытай компартиясының билігінің әлсіреп, қорықаннан істеп отырған қадамы.

Бұндай билікті орталықтандырып, қорғанымпаздыққа бет алған кезде партияның билігін нығайту үшін фашизімге беттеуі мүмкін. Кей кезде күйрейді немесе тоталитарлық жүйе қалыптасады. Бұл – тарихтан келе жатқан шындық, – дейді Өмірхан Алтын.

Қытай билігі Ши Жинпиңнің билігін шектей бастады

Шілденің соңғы күні Бидайхы (Bidaihe) қаласында Қытайлық Саяси Кеңестің жабық жиналысы өтті. Аталған жиналыста Ши Жинпиң мырзаның бір бөлім өкілеттілігін Үкімет басшысы Ли Кычияңға (Li Keqiang) бергені мәлім болды. Атап айтқанда ғылым-технология саласы мен экономикалық міндеттемелерге енді үкімет басшысы жауап береді.

2018 жылы Бидайхы. Қытай орталық саяси кеңестің жиналысы Ши Жинпиңнің кейбір міндеттерін Үкімет басшысына берді

2018 жылы Бидайхы. Қытай орталық саяси кеңестің жиналысы Ши Жинпиңнің кейбір міндеттерін Үкімет басшысына берді / Коллажды youtube.com сайтындағы видеодан алып жасаған informburo.kz

Қытай билігінің әлемдік аренада қарсылыққа ұшырауы, АҚШ-пен арадағы экономикалық текетірестегі әлсіздігі, БҰҰ-ның жалпыға бірдей адам құқы мәселесіндегі шудың күшеюі партия басшылығына – Қытай төрағасы Ши Жинпиңнің беделіне ауыр нұқсан келтіргені белгілі. Егер Қытай билігі бұндай қадамдарды жалғастыра берсе, тек қытай халқына ғана емес адамзат қоғамына қауіп әкелуі мүмкін. Сол үшін Қытайдың Орталық Саяси Кеңесі Ши төрағаның билігін біртіндеп шектеп, партия беделін түсірмеу мақсатында жаңа қадамдарға баруы мүмкін. Мұндай мазмұндағы сараптамалар мен жазбалар әлеуметтік желілерде де көбейіп кетті.

“Қытай Қазақстаннан сескене бастапты”

Расул Жұмалы тағы да сол “Ана тілі” газетіне осы 23 тамызда берген сұқбатында: “Осы жолғы сапар барысында менің түсінгенім – Қытай тарапы тым артық қадамдарға барып жатқанын сезе бастаған секілді. Мұнда бірнеше ішкі фактор – қауіпсіздік, қатынау, бірізділік, тәртіп, жүйеге келтіру мәселесі бар. Біз осы сапарда біраз жағдайға ресми биліктің көзін жеткізгенімізбен, кейбір талаптарымыз орындалмады. Мәселен, тәрбиелеу лагерлерін көру, қазақ зия­лыларымен кездесу деген секілді.

Шыңжаңдағы жағдай соңғы жарты жылда халықаралық деңгейде талқыланып жатыр, тіпті БҰҰ-ның мінбесінен айтылды. Себебі Қытай өз заңдарын ғана емес, БҰҰ-ның адам құқықтарына қатысты халықаралық конвенцияларды да бұзып отыр. Бір ғана ресми соттың үкімінсіз бас бостандықтарынан айырудың өзі үлкен жанжалға әкелуі ғажап емес. Мұндайға үшінші бір мемлекеттердің араласуы қауіпті. Олар дамып келе жатқан Қытайды әлсіретуді, кіші ұлттардың басындағы қайшылықтар есебінен халықаралық деңгейде ұпайларды түгендеуді көздейді. Олар Шыңжаңдағы немесе Тибеттегі жағдайларға жаны ауырып отырған­дықтан емес, өздерінің саяси мүдделері бар. Сол себепті Қытай тарапы да бұл жағын ойламай жатқан жоқ” – дейді.

Жаң Ханхуй: Қазақстанның Қытай үшін стратегиялық орны маңызды

Делагация мүшесі, астаналық кәсіпкер Азат Кәрім де өз ойларымен informburo.kz тілшісімен бөлісті:

– Біз Бейжіңде Сыртқы істер министрлігінің, Орталық Бірлескен майдан министрлігінің басшыларымен кездестік. Кездесу кезінде Қытайдағы қазақтардың аталмыш “саяси үйрену лагерлерінде” көріп жатқан қорлығын және екіге бөлініп, асыраушысынан айырылған отбасылар туралы, Қытайға барып қайта алмай қалған студенттердің жағдайын, Қазақстан азаматтығын алған зейнеткерлердің зейнетақысының тоқтатылуы қатарлы мәселелерді ашық жеткіздік.

Кездесуге мұрындық болған Қытай сыртқы істер министрлігінің кеңесшісі, Қытайдың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Жаң Ханхуй (Zhang Hanhui) мырза бастаған ведомство өкілдері түсіністік танытты. Ол “Қазақстан – Қытайдың өте маңызды серіктесі. Стратегиялық көршісі. Сондықтан мәселені шешуге тырысамыз” деп Қазақстан халқының алаңдаушылығы Қытай билігін де ойландыратындығын айтты.

Қазір көршілері Қытайдан бас тарта бастады. Мысалы, Қытай мен Жапония арасындағы Балықшы аралы дауы, Филлиппин елімен араздық басылар емсе. Қытайдың оңтүстік теңіз жағалауындағы мәселесіне АҚШ-тың араласа бастағаны белігі. Тіптен, Малайзия елі де “елдегі экономикалық жағдайдың қиындауына байланысты” Қытайдың “Бір жол – бір белдеу” бағдарламасы аясында басталған жобалардан шыққанын хабарлағанын білесіздер. Үнді елі тіптен Қытаймен араз. Пәкістан да Қытайдың су электрстансасын салу жоспарынан бас тартты. Ауғанстанда АҚШ әскери базалары бар. Ал Қытай билігі Ресейді елдің көп жерін тартып алған шапқыншы ретінде қабылдайтыны Қытай тарихында ашық жазылған. Бұл тұрғыдан алғанда Қытайдың ең сенімді әрі маңызды қақпасы ретінде Қазақстанның орны өте маңызды. “Бір жол – бір белдеу” бағдарламасының ең негізгі бөлегі де Қазақстанннан қалыс қалмайды.

Оның үстіне, Қытайдың Қазақстанда өте үлкен экономикалық мүддесі бар екенін білесіздер. Мысалы, мұнай-газ, кен өндірісі саласында. Сол себепті, Қытайдағы қазақ мәселесінің туындауы да қатты алаңдатады.

Саяси науқанның жаңа кезеңі басталады

Делагация мүшесі, кәсіпкер Қазипа Мұхаметқали бізге айтқан әңгімесінде Шынжаңда өткен кездесуде Шынжаңның ведмоства өкілдерінен “Қытайдағы қазақтарға қолданып отырған мұндай жағдай қашанға дейін жалғасады?” деп сұрағанын жеткізді.

– Шынжаң сақшы мекемесінің өкілі “Бұл екінші кезеңнің соңғы жылы. Бірінші кезең – реттеу (2016), екінші кезең – тұрақтандыру (2017-2018), ал үшінші кезең – орнықтыру кезеңі. Ол бес жылға жоспарланған” деп жауап берді, – дейді ол.

Астана, 2015 жылы. Қытайдың Қазақстандағы экс-елшісі Жаң Ханхұй Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті

Астана, 2015 жыл. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың Қазақстандағы сол кездегі елшісі Жаң Ханхұйды қабылдады / Сурет google.com сайтынан алынды

Қазипа Мұхаметқалидың informburo.kz тілшісіне айтуынша, Жаң мырза бір кездесуде “Қазақ-Қазақстан мемлекетінің негізін құрайтын ұлт. Ол жаққа бізден көшіп барған қазақтар – екі елдің ортақ байлығы. Екі елдің достығының кепілі. Біз оны терроризмнен, басқадан бөлек қоямыз. Бұдан кейін Солтүстік Шыңжаңда, үш аймақта кеден қызметін оңтайландырамыз. Кедендік тексерулер азаюға тиісті, әлі көптеген жеңілдіктер беріледі” депті. Тіптен, АҚШ-пен арадағы сауда кикілжіңінен кейін соябұршақ егуді, ауылшаруашылық жағынан байланыс жасауда Қазақстанға сүйенгісі келетіндерін де жасырмаған.

Бейжіңдегі кей мансаптылар “асыра сілтеушілікті” мойындап, ал Шыңжаң үкіметі нақты қадам жасауға дайынбыз деп отыр

Делегация мүшесі, бұрынғы заңгер Алма Қалиева ханымның informburo.kz тілшісіне айтуынша, өздері қойған сұрақтарға жауап берген Бейжіңдегі Сыртқы істер министрлігінің кеңесшісі Жаң Ханхуй мырза да Шынжаң жақтағы шаралар барысында төменгі орындарда асыра сілтеушіліктердің кеткенін мойындаған және делегация мүшелеріне Шынжаңға барғанда қаймықпай ашық айтуды тапсырыпты.

Естеріңізге сала кетейік, делегация мүшелерімен Шынжаңның Партия төрағасының күнделікті істер жөніндегі орынбасары Жаң Чүнлиң (Zhang Chunling) бастаған басшылары мен ведомство басшылары қатысып, сұрақтарға жауап берді. Алайда олар саяси лагерлерге баруға, халықпен кездесіп, сұқбаттасуға мүмкіндік бермеді. Автономиялы ауданның мекеме басшылары мәселені реттеуге тырысатындарын ескертіпті. Тіптен, арнайы құжат та шығарып қойдық деп көрсеткен. Алайда аталған Құжаттың қашан, қалай атқарылатыны әлі белгісіз екен.

“Қытай үкіметі өз уәдесін берді, бірақ уәдесін орындайтын кезін айтпады”

Қытайдың Қазақстандағы елшілігі мұрындық болған делегациялық топтың қатарында болған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының бас хатшысы Рақым Айыпұлы informburo.kz тілшісіне берген сұқбатында Қытай үкіметінің асыра сілтеумен жазықсыз қамалған қазақтардың барлығын босатуға уәде бергені жайлы мәлімдеді.

– Қытай сыртқы істер министрлігінің орынбасары асыра сілтеушілік бар екенін, нақты қылмыспен ұсталмағандардың бәрі босатылатыны туралы айтты. Ол өзі Шыңжаңға барып, жағдайды бақылауға алатынын да білдірді, – дейді Рақым Айыпұлы.

Баспасөз маслихатына келген Рахым Айыпұлы

Баспасөз маслихатына келген Рахым Айыпұлы / Фото informburo.kz

Рақым Айыпұлының айтуынша, Қытай үкіметі уәде бергенімен бұл мәселенің нақты қанша уақыт ішінде шешілетіні туралы айтпаған. Бірақ түсініспеушілікті қалыпқа келтіруге көп уақыт кетпейді деген.

Қытайдан делегация келеді

Бұл туралы Қытайға барып қайтқан делагация мүшелері хабарлап отыр. Алдағы қыркүйек айында Астана мен Алматығы Қытайдың Шыңжаң өлкесінің өкілдері келіп, нақты зардап шеккен халықтың арызын тыңдамақшы екен.

– Бұл өкілдер халықтың арызын қабылдап, мұң-мұқтажын тыңдайды. Олар Қытайдың Қазақстандағы елшілігімен бірлесе отырып жұмыс жасаймыз деп отыр, – дейді Алма Қалиева бізге берген сұқбатында.

Алма ханымның айтуына қарағанда, аталған делегацияны Шынжаң өлкесінің саяси мәлихат кеңесінің басшысы Нұрлан Әбілмәжін бастап келеді деп күтіліп отыр.

Қазақстан Қытайға қарсы атылатын жебеге айналмасын

Расул Жұмалы АҚШ үкіметі Қытайдың көрші елдерімен түсініспеушіліктерін өз мүддесіне пайдалануы мүмкін екенін айтады.

– Кезінде Тибетпен де осылай болған. АҚШ билігі – Далай Ламаның қорғаушысы болып, Қытайға сес көрсеткен. Америкалықтар аз ұлт өкілдерінің басына түскен жағдайды Қытайға қарсы жебе ретінде пайдаланған. Екі ортада кіші мемлекет тек жемге айналуы мүмкін. Бұл жағын да біз ойлануымыз керек, – дейді белгілі саясаттанушы informburo.kz тілшісіне.

“Қытайды зерттеу орталықтары керек”

Расул Жұмалы Қазақстанда Қытайдың ішкі жағдайын танып-білетін ресурстың жоқтығын айтады.

– Бізге Қытайды зерттейтін стратегиялық орталықтар керек. Екі ел арасындағы кез келген саяси не экономикалық шешімнің шығуынан бұрын оның Қазақстанға қаншалықты тиімді екенін анықтайтын тәуелсіз орталықтар жоқтың қасы, – дейді саясаттанушы.

Қытаймен арадағы қатынас қалай реттелуі керек?

– БҰҰ-ның Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы аясында халықаралық қауымдастықтармен, ұйымдармен, елдермен бірлесе отырып шешілуі керек. Қазақ билігі нақты қадамдар жасау керек деп санаймын. Қазір Кей елдер бір азаматы үшін күресіп жатыр. Ал Қазақстанның ондаған азаматтарының құқы тапталып, отбасылары екіге бөлініп ойрандалып, жүздеген, мыңдаған қандастарымызға рақымсыз жауыздық жасалып жатқанда үнсіз қалу елдікке де, азаматтыққа да, адамгершілік принципке де жатпайды, – дейді Өмірхан Алтын 25 тамызда informburo.kz тілшісіне берген сұқбатында.

– Қазақстандағы Қытайдың елшісі болған Жаң Ханхуй кезінде Бейжін сарайындағы бір жиналыста “Қазақстан Қытайға мәселе тудырса, ол – тактика. Ал Қытай Қазақстанға мәселе тудырса, ол – стратегия” дегені бар. Ал біз Қытайдың бұл стратегиясының қандай деңгейде екенін алда көре жатармыз. Ең маңызды екі елдің халқы қиналмай, құқы тапталмасын, арадағы достық сақталуы тиісті

 Бейсен Ахметұлы ,  Жолдас Өрісбай

www.informburo.kz