///

ЕЛІМІЗДІ ӨЗГЕРІСТЕР КҮТЕДІ

802 рет қаралды

«Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді» дейді Шәһкәрім Құдайбердіұлы. Мен де еліміздің таяу болашағына қатысты өзімше «ақыл көзімен» қараған кейбір ойларыммен бөліскім келеді. Сонымен Бақытжан Сағынтаевтың Үкіметі доғарысқа кеткенін бәріңіз білесіздер. Мұның астарында не сыр бар? Елімізді қандай өзгерістер күтіп тұр? Соған барлау жасап көрелік.

Мемлекет басшысының 21 ақпан күнгі мәлімдемесінде «Үкімет мүшелері, министрлер, әкімдер халықпен жұмыс істей алмады, сондай-ақ жұртшылықтың проблемаларына құлақ асып, атқарылып жатқан істер мен саясатты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шамасы келмеді» деген кінә тағылды. Онымен келіспеуге болмайды.

Меніңше енді оқиғалар барысы былай өрбиді. «Нұр Отан» партиясының 27 ақпанда өтетін кезекті съезінде Мемлекет басшысы әлеуметтік қолдауды күшейтуге және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға арналған бірқатар шаралар ұсынатыны анық. Мұның бәрі ықтимал әлеуметтік сілкіністердің алдын алуға бағытталады. Ол үшін ең алдымен халықтың кедей, баспанасыз, әлжуаз топтарын қолдауға бағытталған шаралар жоспарланады. Қомақты қаржы қарастырылады.

Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі де қозғалуы өте мүмкін.

Одан соң ҚР Президентінің өз еркімен доғарысқа кететіндігі жарияланады. Сол сәтте 2018 жылғы 5 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы № 178-VІ ҚРЗ заңы күшін кіреді. Президент тағынан түскен Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы тағына ауысады әрі Елбасы міндетін сақтап қалады. Ұмытпайық, аталған заңның 1-бабының 2 тармағына сәйкес: «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына оның тарихи миссиясына байланысты Қауіпсіздік Кеңесін Төраға ретінде басқару құқығы өмір бойы тиесілі».

Содан жұрт күтіп жүргендей, Қазақстанда Президент сайлауы жарияланады. Бұл сайлауға 5-6 тұлға түседі. Оның ішінде есімі халықаралық қауымдастыққа мәлім Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дариға Назарбаева міндетті түрде болады. Бірақ Президенттік лауазымға өтуге Дариғаның ел ішінде абыройы да, беделі де жоқ. Сондықтан шахмат тақтасындағы жүріс сияқты «ход конем» жасалады. Яғни Президенттік сайлауда жеңіске 66 жастағы Қасым-Жомарт жетеді.

Дариға “көрнекті қайраткер” ретінде Сенат Төрағалығына өтеді. Мұның алдында қос палатасы бірдей таратылып, Парламентке жаңа сайлау өтеді деген сөз. Бір-екі жылдан кейін Қасекең «өз еркімен» доғарысқа кеткенде, оның президенттік орны Ата заңның 48-бабының І тармағына сәйкес автоматты түрде Дариғаға бұйырады. Осы кезеңнің бәрінде ҚауКеңес төрағасы іс жүзінде Мемлекет басшысы болып қала береді.

Жаңа, кезекті 11-ші Үкімет президенттік сайлаудан кейін ғана жасақталады деп ойлаймын. Өйткені қазір жаңа Үкімет құрылса Президент доғарысқа кеткен бойда ол да доғарысқа кетуге тиіс. Жаңа президент сайланғанға дейін бірінен кейін бірі екі үкіметтің ауысуы тиімсіз. Сондықтан Үкімет басшысының м.а. А.Мамин амалсыз біраз уақыт күте тұратын шығар.

Мұның бәрі болжам ғана. Өмір деген қандай сценарийден де күрделі. Күтпеген өзгерістер бола беруі мүмкін. “Әр нәрседе қайыр бар” демекші, бәрімізге шынайы тәуелсіз Қазақстанда өмір сүруге нәсіп етсін!

Марат Бәйділдәұлы (Тоқашбаев), ФБ парақшасынан

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі