//

Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді үйрену деңгейі қалай?

6528 рет қаралды

2018 жылдың наурыз-тамыз айлары аралығында «Openbudgetfellowship» жобасының аясында елдегі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін жұмсалып жатқан қаржының тиімділігі жайында арнайы зерттеулер жүргізілді.
Осы жоба аясында Тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша зерттеу жүргізіліп, мемлекетттік қызметшілерге бөлініп жатқан қаржының тиімділігі сарапқа салынды. Негізгі объект – Алматы қаласы.
Мемлекеттік тілді дамыту әрі оның шын мәнісінде өз дәрежесіне сай болуын қамтамасыз ету үшін Қазақстанда 3 рет мемлекеттік бағдарлама, 1997 жылы Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы заң қабылданды.
Дегенмен, Қазақ тілі – мемлекеттік дәрежесін алған 30 жылдай уақыт аралығында мемлекеттік жиындар, іс-қағаздары толықтай дерлік мемлекеттік тілде жүргізілмейді. Бұның басты себебі – мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді өз деңгейінде меңгермеуі. Қазақстанның «Мемлекеттік қызмет туралы» заңында мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді білуін мәжбүрлейтін арнайы бап жоқ. Сол себепті де мемлекеттік қызметке қабылданушылардан мемлекеттік тілді білу арнайы талап етілмейді. Бірақ, «Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының» алға қойған негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді үйренуі. Тілдерді дамыту мен қолданудың 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша, Қазақстандағы барлық мекемелер мемлекеттік тілде сөйлеп кетуі қажет болған. Бұл бағдарлама діттеген мақсатына жетпеді. Сөйтіп тағы бір бағдарлама қабылдау қажеттігі туындады. Екі бағдарламаға бөлінген бюджет қаржысын сарапқа салсақ:

*Мәліметтер Мәдениет және спорт министрлігінің есебінен алынды

Жиыны 50 миллиардтан асатын бұл қаржыға 600 бала оқитын 50 мектеп салуға немесе Қазақстанның маңдайалды 5 ұлттық университетінде 40 студенттің 4 жыл толық білім алуына болады. (2017-2019 жылдарға арналған қаржы көлемін қоспағанда)

Ал Алматы қаласының жергілікті бюджетінен 2007-2017 жылдар аралығында 250 миллиондай теңге тек мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік тілге үйрету үшін бөлінген.

Мемлекеттік тілді қала тұрғындарына үйрету үшін бөлінген қаржы 2007 жылдан 2016 жылдар аралығында 9 миллион теңгеден 30 миллионға дейін, яғни үш есе өскен.
Алматы қалалық тілдерді дамыту басқармасы Тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлерінің берген дерегіне сәйкес 2018 жылдың сәуір айында Алматы қаласындағы 1491 мемлекеттік қызметшінің 80 пайызы (1179 адам) Қазтестіден өткен. Тестіден өткендердің 9-ы ғана тілді С1 деңгейінде білетіндігі анықталды.

Бірақ, Тілдерді дамыту басқармасының қызметкерлерінің мемлекеттік қызметшілерді Қазтестіден өткізуге заңдық құқы жоқ екен. Өйткені оған міндеттейтін құқықтық база жасалмаған. «Ешкім ешқандай заңмен, ешқандай құқықтық-нормативтік актімен мемлекеттік қызметші Қазтестіден міндетті түрде өтуі керек» деген талап қоймайды. Тек А1 корпусына үміткерлер ғана Қазтестіден өтуі тиіс. Яғни, әртүрлі деңгейдегі әкімдер (аудан, қала әкімдері), қалған қызметшілерді Қазтестіден тек диагностика жасау үшін ғана өткізуге болады.
1179 адамның 68 пайызы тілді бастауыш және базалық деңгейде меңгерген. Осы 68 пайыз үшін топтар жасақталып, арнайы қаржы бөлінеді. Алайда, басқарма қызметкерлерінің тағы бір атап өткені, бұл қызметкерлердің мемлекеттік тілді оқуына қатысты ешқандай мекеме басшысының немесе орынбасарының арнайы бұйрығы шықпайды. Жұмыс уақытында олар уақыт тауып тілді үйрену курстарына баруы керек. Сол себепті де, қатысу өте төмен, соған сай тілді меңгеру де өте төмен. Себебі, тілді үйренуге деген қажеттілік әрі сұраныс жоқ.
Курсқа жазылған мемлекеттік қызметшілердің тілді үйрету курстарына қаншалықты көңілі толады? Олардың тілді білу деңгейі және курстардың материалдық-техникалық базасы қандай? Осы сауалдарға жауап алу мақсатында «Мемлекеттік тілді дамыту институты» өткізіп жатқан тіл курстарына барып қатысып, тіл үйренуші мемлекеттік қызметшілермен тілдесіп қайттық. Тіл үйрену курстары әрбір басқармада жасақталған қазақ тілі кабинеттерінде өткізіледі екен. Онда лингафон кабинеттері жоқ. Мен қатысқан екі басқарманың өткізген сабақтарына қатысушылар жарты сағаттан кейін жұмыстарына асыға бастады.
Бізді бәрінен бұрын қынжылтқаны, сабақтың өткізілу барысы. Нақты жоспар, нақты мақсат жоқ. Сабақта жаңылтпаш оқыту немесе мәтінмен жұмыс жасау, сөйлемдегі тірек сөздерді табу, қазақ тілінің байлығы және синонимдік қатарының молдығы сөз болды. Ал үйренушілер тілді үйретудің мұндай әдісінің тиімсіз екендігін айтады. Оларға нақты өз саласына қатысты терминдермен жұмыс, іс-қағаздарын жүргізу секілді тілді күнделікті жұмыс барысында қолдануға көмектесетін дәрістер қажет екендігі нақтыланды. Сол себепті де сабаққа қызығушылық аз.
Курсқа қатысушылардың арасында қазақ мектебін бітірушілер бар. Үйренушілердің қазақ тіліндегі қарым-қатынас деңгейі өте жоғары. Ендеше бұл адамдарға тіл курстарын ұйымдастырудың қаншалықты қажеттілігі туды деген заңды сұрақ туындайды.
Мемлекеттік сатып алу жүйесінің ашық еместігіне зерттеу барысында тағы да көзіміз жете түседі. Мәселен, осы он жыл аралығында екі сатып алушының болғаны айқындалды. Оның бірі 2007-2016 жылға дейін бір ғана сатып алушы ретінде қаржы алып келген «Тіл» оқыту-методикалық орталығы мен 2017 жылы тендерді ұтып алған «Senim-group consulting» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Интернеттегі ашық деректер қоры бойынша «Senim-group consulting» ЖШС-і жайында ақпарат іздегенде тапқанымыз – Алматы қаласының Байзақов көшесінің 250-ші үйінде тіркелген, қызмет түрі жазбаша және ауызша аудармамен айналысады деп жазылған. Фейсбук әлеуметтік желісінен тапқан парақшамызда бұл ұйым туралы ешқандай ақпарат жоқ.

Ал ашық бюджет деректерінен және www.goszakup.kz сайтынан «Senim-group consulting» ЖШС-і 2017 жылғы Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасының «Алматы қаласы жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілеріне қазақ және ағылшын тілдерін оқыту, әлеуметтік қорғалмаған азаматтарға қазақ тілін, ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдеріне қазақ және ана тілдерін оқыту» лоты бойынша (конкурс № 1246924-ОК1) 19 миллион 899 мың теңге ұтып алған . Ашық конкурсқа қатысушылар саны – 5. Мемлекеттік сатып алулар заңы бойынша ең төменгі бағаны ұсынған сатып алушы мұндай қызметтерді көрсетуді жеңіп алады. Ашық ақпарат базасы көрсетіп бергеніндей «Senim-group consulting» ЖШС-інің бұл салада ешқандай тәжірибесі жоқтығы байқалады. Бұл ұйымнан сәл жоғары баға көрсеткен (19миллион 999 мың 999 теңге) «Мемлекеттік тілді дамыту институтының» 4 жылдық тәжірибесі ескерілмеген.
Біз «Senim group consulting» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлерінен тіпті ауызша беруге тиісті ақпараттарды да ала алмадық. Бірнеше рет кеңсесіне іздеп барғанымызбен, орнынан таппаған соң, пошта мекен-жайына Қаз-поштамен тапсырысты хат жолдадық. 15 шілдеде хатымыз қайтып келді.
Ақпарат иелерінің қызметі ашық әрі айқын болмағандықтан, біз бұл ұйымның жұмысының әділдігіне қалай баға берерімізді білмей дағдардық. Тиісінше, Senim group consulting жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бір жылдық жұмысының есебін сұрап, Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасына сауал жолдағанымызда, олар біздің бұл сауалымызды жауапсыз қалдырды. Сонымен, 2017 жылы бөлінген 19 миллион 899 мың теңгенің есебін ешқайдан таппадық.
Біз есебін таппаған тек Senim group consulting ЖШС-іне бөлінген 20 миллион теңге ғана емес, сондай-ақ, Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының Шаруашылық жүргізу құқығындағы «Тіл» оқыту-методикалық орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің де (БИН 060540003072) 2010-2016 жылдар аралығында жұмсаған қаржысының есебін таппадық. Біріншіден, бұл мекеме 2016 жылы ликвидацияға жіберілген. Өйткені, бұған дейін мемлекеттік сатып алуға тек бір сатып алушы ретінде қатысып келген. «Мемлекеттік сатып алулар» туралы заң талабы бойынша, бір сатып алушыға қаржы беру заңға қайшы болатын болғандықтан, бұл мекеме бәсекелестікке төтеп бере алмай, жабылып үлгерген. Бұл мекеме 2007-2016 жылдар аралығында 161442 мың теңгені пайдаланған (Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ресми жауабы бойынша). www.openbudget.kz сайтында бұл қаржының толық игерілгендігі туралы ғана ақпараты бар. Алайда, тиынына дейін есептелген толық есебі жоқ. «Тіл» оқыту орталығын ұзақ жыл басқарған Бекет Тұрлымбеков мырзаға хабарласқанымызда, ол бұл ұйымның жойылғандығын әрі оған енді қатысы жоқтығын айтып қандай да бір ақпаратпен бөлісуден бас тартты. Ал, осы уақыт аралығында жұмсалған қаржының толық есебін сұратқанымызбен, Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы бұл сауалымызды жауапсыз қалдырған.
Біз зерттеу барысында Қазақстанмен тілдік жағдаяты ұқсас Украинаның тәжірибесін украиналық журналист Сергий Штурхецкийден сұрап білген едік. Жүргізілген сұхбаттан шығатын қорытынды: Қазақ тілі де, украин тілі де мектепте міндетті пән ретінде оқытылады. Украинада мемлекеттік қызметке қабылданатындардан украин тілін білетіндігі туралы сертификат талап етіледі, Қазақстанда талап етілмейді. Украинада мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік тілге үйрету үшін бюджеттен арнайы қаржы бөлінбейді. Қазақстанда қанша қаржы бөлінгендігі туралы жоғарыда айтып өттік. Украинада іс-қағаздары 100 пайыз мемлекеттік тілде жүргізіледі. Ал Қазақстандағы іс-қағаздарының жай-күйі бәрімізге белгілі. Тіл комитетінің жүргізген анализі бойынша. Алматы қаласында іс-қағаздарының қазақ тіліндегі айналымы 67 пайызға жеткен.

Бұдан шығатын қорытынды, мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді үйрету үшін қыруар қаржы жұмсаудың қажеті жоқ. Оның есесіне нақты салаға байланысты іс-қағаздарын жүргізу курсын ұйымдастыру әлдеқайда тиімді болар ма еді. Екіншіден, мемлекеттік тапсырыс алушы мекемелер жайлы мәліметтер базасы жасақталып, сатып алушы немесе орындаушылар туралы ақпараттың ашықтығы қамтамасыз етілсе, мемлекеттік сатып алудың тиімділігі арта түскен болар еді. Үшіншіден, мемлекеттік тілді білу туралы сертификат талап етілгенде, бұл процесс өзінен-өзі жүзеге асырылар еді.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі