/

Медиасауатты танытатын көмекші құрал әзірленіп жатыр

2018 рет қаралды

Аймақтағы медиасауатты тануға көмектесетін көмекші құрал әзірленіп жатыр. Бұл кітапқа еліміздегі бірнеше аймақтың журналистика оқытушылары мен медиа мамандары көмектеспек. 

Қазақстандағы Internews өкілдігі MediaCAMP бағдарламасының аясында медиасауат тақырыбында екінші кітапты әзірлеп жатыр. Алғашқы кітап жалпы медисауат тақырыбына арналған болса, екінші кітап аймақтағы қазақ тіліндегі медианың жай-күйінен хабар беретін мысалдарға толы көмекші құрал болады деп жоспарланып отыр. 

Өткен аптада журналистикадан қазақ тілінде дәріс беріп жүрген оқытушылар мен медиа мамандар осы кітаптың мазмұнын талқылап, әрі қарай жетілдіруге байланысты ойларын ортаға салды. 

Кітап авторы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ журналистика кафедра меңгерушісі және оқытушы Айсұлу Шайкенова мектеп оқушыларына медиасауат бойынша тренингтер өткізгеннен кейін оқулық жазуға кіріскен болатын. MediaCAMP бағдарламасы аясында 2019 жылы “Медиа және цифрлы сауат” байқауының грант иегері осылайша жаңа бір еңбектің дүниеге келуіне себепші болды. 

Медиасауат бойынша қазақ тілінде ғылыми еңбектер де, арнайы дайын мысалдар да әзірге көп емес. Сондықтан кітап көбіне орыс тіліндегі деректер негізінде әзірленді. Сол себепті онлайн жиынға қатысушылардың бір бөлігі кітаптағы тақырыптардың жатық аудармасына қуанса, кейбір мамандар әлі де терминдерді бірізге түсіру жағын баса айтты. 

Бес модульден тұратын кітаптың әр модулін екі маман оқып, пікірін айтты. Кітап сыни ойлау, фактчек, БАҚ және манипуляция секілді медиасауаттың негізгі тақырыптарын қамтитын тараулардан тұрады. Әр тақырыптан соң аймақтық медиадағы мысалдар және пысықтауға арналған тапсырмалар берілген. 

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі, интернет-жобалар бөлімінің меңгерушісі, медиасауат бойынша ТОТ Internews түлегі Мейрамхан Жапек бұл еңбектің мазмұны мен стилистикасына тоқталып: “Бірінші тараудағы сыни ойлаудың анықтамасын арнайы бөлек тақырып ретінде жазған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан медисауат пен ақпараттық сауаттың айырмасын көрсету қажет” десе, ҚазҰУ журналистика факультетінің декан орынбасары, медиасауат бойынша тренер, ф.ғ.к., Қарлыға Мысаева: “Кей тақырыптар жалпылай аталған, сондықтан тарау мазмұнына сай нақты тақырыптарды қайта қарастыру керек және әр тарау бойынша мысалдар санын көбейту қажет, сонымен қатар әр тараудың соңына тақырыпты қорытындылайтын түйіндеме керек” – деген пікірін білдірді. 

Осыған орай кітапты көмекші құрал деп танып, аймақтағы қазақ тіліндегі медиасауат жағдайын көрсету үшін мысалдарды сараптайтын редактор және тараулар мен олардан кейін берілген тапсырмаларды бейімдейтін кеңесші-редактор көмегі қажеті деген тоқтамға келді. 

Бұл пікірді қостаған Қостанай мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Амангелді Шурентаев: ”Сонымен қатар еңбекте кей мысалдар бірдей, яғни барлығы бір БАҚ-тан алынған. Студент мысалдар арқылы айырмашылықты көрмеуі мүмкін, сондықтан тақырып бойынша мысалдардың да әркелкі болуына назар аударған дұрыс” деп кітап мазмұнын жетілдіруге қатысты ойын айтты.

Қатысушылардың барлығы еліміздегі әр өңір журналистерінің жұмыстары негізінде әзірленген кітап оқыту барысында жақсы көмекші құрал болады деген сенімде. Бұл әр өңірдегі тақырыптардың ерекшелігін және журналистика жанрындағы әртүрлілікті де бағамдауға көмек болады деген үміт бар. 

Талқылау соңында кітап авторы Айсұлу Шайкенова сын-ескертпелердің бәрі орынды екенін және келесі оқу жылына дейін кітапты толықтырып, баспаға беретінін хабарлады. 

www.internews.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар