///

Психоаналитик Жанар ОСПАНОВА: Ана бақытты болса, бала да бақытты

2509 рет қаралды

Бала өмірдің болашағы. Біз жылына бір рет балаларды есімізге аламыз. Содан кейін бұл тақырыпты жылы жауып қоямыз. Жалпы, баланы тұлға ретінде тәрбиелеу үшін не істеу керек. Психоаналитик Жанар Оспанованы әңгімеге тартып көрген едік.

– Жыл сайын 1-маусым Балаларды қорғау күні аталып өткенмен, көпшілік оларды неден қорғау керек екеніне мән бермейді. Қазір біз балаларды неден қорғаумыз керек?

– Ең бірінші балаларды отбасындағы зорлық-зомбылықтан қорғау керек. Өйткені, бала «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады». Бала дүниеге келе сала әлемді анасы арқылы таниды. Оған жол көрсетуші қашанда ана. Ана бақытты болса, бала да бақытты. Егер баланың шешесі, бақытсыз, депрессиядағы адам болса, баланы қаламаса, қабылдамаса бала «бұл өмірде мен ешкімге керек емеспін» деген ойда болады. Сөйтіп кез-келген зорлық-зомбылыққа ұрына береді. Өкінішке қарай, қазір бізде депрессияда жүрген ана өте көп.  

Кез келген ересек адамның ішінде бір бала бар екенін психологиялық тұрғыдан Зигмунд Фрейд көрсеткен болса, Мелани Кляйн әр баланың ішінде бір сәби бар екенін дәлелдеген.  

Бәріміз де алғаш сәби, сосын бала болдық, адамның психикалық құрылымында бар нәрсе одан тыс ешқайда кетпейді. Сол себепті отбасында баланың психологиялық күйіне ең бірінші ата-ана мән беруі керек. Бала психикасы ол ана жатырына біткеннен-ақ орныға бастайды. Ол даму 5-6 жасқа дейін жетіледі-дағы, әрі қарай жасөспірімдік, өтпелі, гениталдық кезеңдерде тек толығады. Жалпы бала бес кезеңде дамиды. Оның ең алғашқы үш кезеңі өте маңызды. Біріншісі – 0 жастан 1,5 жасқа дейінгі баланың барлық нәрсені аузына салу арқылы танитын кезі. Екіншісі – 1,5 жастан 3 жасқа дейінгі, үшіншісі – 3 тен 5-6 жасқа дейінгі кезең. Осы кезде оның  қай кезде тәуелді болатыны, қай кезде жауапкершілікті ала алатыны, қай кезде шешім қабылдай алатыны, қандай жағдайда өзіне сенімді болатыны, жан-жағындағы адамдарға қай кезде сенетіні ақырындап байқала бастайды. Сондықтан бала 5-6 жасқа дейін отбасында не көреді соған сай жетіледі. Демек, адамның қалыптасуында ең басты кезең осы 5-6 жасқа дейінгі шақ. 

Бала өзіне сенімді болуы үшін ата-ана нені ескергені жөн?

– Бала өзіне сенімді болуы үшін, оны барлығын танып-білгісі келетін тынымсыз кезең – 1,5-3 жас аралығында көп шектемеуміз керек. Біз керісінше дәл сол кезде «барма, құлайсың, жолама, жаман, бәбәй бар» деген сияқты үйреншікті сөздермен тыйып тастаймыз. Осы тыйым баланың өзіне деген сеніміне селкеу түсіреді. «Жақсының жақсы екенін білу үшін, жаманмен салыстырып көру керек» деген ұғымға сәйкес, бала барлығын көру керек. Еңбектеп келе жатқанда да, оған дейін де біз баланы шектен тыс өбектейміз, осы өбектеу оны тәуелді болуға бейім етеді. Мәселен бала сөрені аша қалса, біз оны бірден тыйып тастаймыз. Ол дұрыс емес, бала бұл кезеңде барлығын қолмен ұстап көру арқылы таниды. Әрине белгілі бір дәрежеде тежеуміз керек, мәселен ыстық шәйнекке қолын апарып, оның ыстық екенін түсінгенде ғана, болмайды, деп айтқанымыз жөн.

 Баланың мені үш жастан бастап қалыптаса бастайды. Мен мына киімді киемін, мына ойыншық ұнамайды деген секілді сөздер оның өзіндік көзқарасының қалыптасып келе жатқанын аңғартады. Осы кезде баланы  тым шектемей, өзінің менін қалыптастыруға ата-ана көмектесуі керек.

Баланы қорғау, баланы тыңдау десек қателеспейміз. Ата-ана көбіне перзентінің пікірін тыңдауға ерінеді немесе мән бермейді. Көп сұрақ қоятын бала тынымсыз бала емес, көп сұрақ қоятын бала – өзінің тұлғалығын нықтағысы келген бала. Сұрағына жауап алған сайын бала ашылады. Ол  бақшадан немесе мектептен, яки ата-ана жұмыстан келгенде баланы үш минут тыңдаса, назары балада болса, осының өзі балаға өте үлкен тәрбие.

Ата-ана баламен бірге ойнаса, мультфильм, фильм көрсе, далаға шығып ойнаса соның өзі балаға деген риясыз көңіл, теңдессіз мектеп.

Ата-анасының қандай жағдайда да өзіне қорған болатынын білген бала өзіне өзі сенімді болады. Ең бастысы ата-ана екеуара тату-тәтті болуы тиіс.  

Қазіргі ата-ананың уайымы баласының телефонға үйір болғаны. Бұл тұрғыда қандай кеңес айтасыз?

– Маған келетін көп ата-ана, балам телефонға тәуелді деп айтады. Оның себебі, ата-ана әуел баста балаға телефонды қолданудың шегін нақты көрсетіп, дұрыс ұғындырмаған. Бала мазасын алмасын деп, өз тыныштығы үшін еркін пайдалануға берген. Осыдан барып бала, әке-шешенің шектеу қоймағанын асыра пайдаланады. Сөйтіп телефонға тәуелді болып қалады. Бұл арада ата-ана балаға ерік беру мен баланы шектеудің ара-қатынасын дұрыстап, қадағалап, реттеу керек.

Бала психологиясы қай кезде шарасыз? 

– Отбасында жиі ұрыс-керіс болса, әке-шеше ажырасса бала өте қатты күйзеледі. Бала өзіне қымбат екі адамның бір бірімен ұрсысқанын қабылдай алмайды. Ешқашан баланың көзінше ата-ана бірінің пікірін бірі жоққа шығармауы керек. Бала әке мен шеше бір жақ екенін түсінуі керек. Сонда ол өзінің ойын саралай алады. Әке-шеше балаға өзінің меншігі емес, тұлға ретінде қарағаны абзал. Бала ешқашан әке-шешенің меншігі бола алмайды, ол жеке құқығы бар тұлға. Әке-шеше баланы сыйласа, бала да ата-ананы сыйлауды ұғынып өседі. 

Әңгімеңізге рахмет! 

Назым ДҮТБАЕВА

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі