/

Рауан Кенжеханұлы: Білім беруде технологиялардың рөлі тек арта береді 

3211 рет қаралды

Білім беру саласын ақпараттандырудың, яки онлайн білім берудің жаппай сипат алуы тұңғыш рет демесеңіз, интернет пен технологияның ілгерілеуімен бірге бұл да болмай қоймайтын қалыпты үрдістің бірі. Тек, Алматы қаласының өзінде мыңнан аса бала Ресейлік мектептерде онлайн оқып жатқаны туралы да мәлімет айтылып жүр. Сонымен қатар, онлайн білім беру – балалардың білім сапасын төмендетеді деген пікірлер де бар. Елімізде пандемияға дейін де оқушылардың өз бетінше қосымша білім алуына жағдай жасайтын платформалар бар еді.  Өткен оқу жылының 4-ші тоқсанында жаппай карантинге жабылған уақытта мұндай платформалар бұл өзгеріске дайын екендігін көрсетіп қана қоймай, еліміздегі білім саласының белгілі бір деңгейде сапалы жұмыс істеуіне өз үлесін қосты. Солардың бірі Bilimland.kz жобасы. Осы жобаның  жетекшісі Рауан Кенжеханұлымен онлайн оқытудың ерекшеліктері мен болашағы туралы сұхбаттасқан едік.

АҚПАРАТТАНДЫРУ ДЕГЕНДЕ МЕКТЕПТЕРДІ КОМПЬЮТЕРЛЕНДІРУ ҒАНА ЕСКЕРІЛЕДІ, ЦИФРЛЫ ПЕДАГОГИКА  МӘСЕЛЕЛЕРІ ЕСЕПКЕ АЛЫНБАЙДЫ

– «Bilim land» платформасына иелік ететін «Bilim Mеdia Group» компаниясының бүгінгі таңда атқарып отырған жобаларына қарап, квазимемлекеттік компания деген ой келеді. Компанияның меншігіне қатысты ақпаратпен бөліссеңіз.

– Бұл жекеменшік, дербес компания. 2011 жылы стартап ретінде құрылған. Үш адам, өз жинаған қаражатымызбен үйдегі компьютерлермізді  әкеліп, кішкентай ғана шағын пәтерді офис ретінде жалдап, сол кезден-ақ білім беру бағытындағы контент жасауға ден қойдық. Ол уақытта онымен Қазақстанда ешкім айналысқан жоқ, ешкім қызыққан да жоқ.

Білім беру саласын ақпараттандыру – Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қарқынды жүріп жатқан процесс. Оның мақсаты – технологиялардың мүмкіндіктерін, интернетті білім беру мақсатына жұмыс істеткізу. Ересектердің, балалардың қолында да түрлі гаджеттер бар, олардың техникалық мүмкіндіктері артып, бағасы арзандап келеді. Алайда оның барлығы негізінен ермек үшін, ойын үшін қолданылады да білім алу үшін өте аз қолданылады. Жалпы, кез-келген технологиялық ілгерлеу кезінде оны білім беру мақсатында қолдану мақсаты қойылған. Радио пайда болған кезде, телевидение пайда болған кезде де радио дәрістер мен телемектептер пайда болған. Алайда солардың арасында ең оңтайлысы – интернет. Өйткені екіжақты байланыс, интерактив бар. Технологияның мүмкіндігі күн сайын жетіліп келеді. Сондықтан осы салада жүрген қызмет көрсетушілер, біз де осы технологияларды білім беруге бейімдеуге тырысамыз. Менің ойымша мұның барлығы жаңа индустрияның бастапқы кезеңі ғана.

Бірақ, ақпараттандыру деген кезде, мемлекет көп жағдайда тек компьютер мен интернетті, мектепке интернет тарту, интерактивті тақталар қою дегенді ғана ойлайды. Бірақ оны қалай пайдаланамыз, ол арқылы не көрсетеміз, оны пайдалану әдісі қандай болады, цифрлы педагогика мәселелері есепке алынбайды. Онымен ешкім айналысқан жоқ. Сондықтан, біз соны өзімізге ниша ретінде көріп, контент құрастыра бастадық. Алдымен қазақ тіліндегі бастауыш мектептің бағдарламасын, содан кейін дүниежүзіндегі осы бағытта жұмыс істейтін ең ілгері деген компаниялармен байланысқа шығып, олар жасаған контентті қазақ-орыс тілдеріне аударып, біздің мектептердің бағдарламасына сәйкес өзгертіп, локализация жасап мектептерге ұсынайық дедік. Осы айтқан жоспардың барлығы да іске асты.

– Ең басында «Bilim land» ұсынған контент ақылы болды…

– «Bilim land» ұсынған контент әрдайым ақылы. Бірақ қашан да қолжетімді болуын ойлаймыз.

– Ал, еліміздегі пандемияның бірінші толқыны кезінде, көктемде, «Bilim land» ақылы контентін оқушыларға тегін ұсынды және осы жиған тәжірибелерін пайдаланып, телесабақтар түсіруді бастап кетті…

– Бұл бұрын-соңды болмаған тосын жағдай. Біздің елдің де, басқа елдердің де дайындығы шамалы еді. Сондықтан осы саладағы ең ірі компания ретінде өзімізге жауапкершілік алып, біріншіден ресурстардың барлығын тегін ашып бердік, яғни балалардың үйде қолдануына тегін ашып бердік, өйткені мектептер онсыз да жазылған. Екіншіден тура сол кезде интернеті жоқ, не болмаса тиісті құралдары жоқ оқушыларға қалай көмектесеміз деген сұрақ туды. Сондықтан теле сабақтар жасау керек болды. Сондай жағдайда төртінші тоқсанның үш мың сабағын қазақ және орыс тілдерінде өз кеңсемізде, өз қаражатымызға жазайық деп шешіп, тәуекелге бардық.

ӨКІНІШКЕ ҚАРАЙ, КӨП МҰҒАЛІМДЕР ТІПТІ БІЗ ДАЙЫНДАП БЕРГЕН МАТЕРИАЛДЫҢ ДЕҢГЕЙІНДЕ ДЕ САБАҚ БЕРМЕЙДІ

– Телесабақтарды  түсіруге бірден кіріскенде бұл міндетті алып шығатындарыңызға сенім болды. Жалпы, онлайн сабақ өткізуде қанша жылдық тәжірибе жинақтап үлгердіңіздер және осы уақытқа дейін қамту деңгейі қандай?

– Электронды контент жасаудағы тәжірибеміз 10 жыл.

– Осындай мол тәжірибе бола тұра, жаңа оқу жылында Білім және ғылым министрлігі телесабақтарға тапсырысты телеарнаға берді. Қазір оны «Хабар» арнасы түсіріп жатыр. Ақылы тапсырыстан бас тарттыңыздар ма, әлде басқа себебі бар ма?

– Министрлік оны телеарнаға берген дұрыс деп шешті. Біз ол жұмысқа араласқан жоқпыз. Оны телеарна жасап, өздері түсіріп жатыр.

Оның үстіне жаңа оқу жылына арналған мүлде жаңа контент, жаңа платформа дайындау қажет болды. Қыркүйектен бастап, мектептердегі оқу онлайн болса, мектептегі 42 пән бойынша әр тоқсанға бекітілген күнтізбелік-тақырыптық жоспар бар, яғни тек бірінші тоқсан үшін жаңадан 5 700-дей жаңа сабақ жасау керек болды. Екі тілде 42 пән бойынша осынша тақырып қамтылады. Бірінші тоқсанның күнтізбелік-тақырыптық жоспарын Ы.Алтынсарин атындағы білім беру академиясымен бірлесе отырып шығардық. Шілдеден бастап біз осы жұмысты бастап кеттік. Назарбаев зияткерлік мектептеріне өтініш айтып, олар бұл жұмысқа серіктес ретінде қосылды. Назарбаев зияткерлік мектептерінің 500 ұстазы осы сабақтардың мазмұнын құрастыруға қатысуда. Шілдеден бастап осы сценарийлер негізінде видео, графика, симулятор, тренажерларды құрастырдық, оған біздің 300 қызметкеріміз қатысты. Осылайша 800 адам бірігіп, карантин кезінде жұмыс істейтін OnlineMektep.org жаңа платформасын дайындадық. Жаңа платформа не үшін қажет болды?  Өйткені мектептегі оқыту процесінің барлық элементтерін онлайнға алып келу қажет. Ол – сабақ кестесі, ол – үй жұмысы, ол – мұғалімдердің өзара балалармен байланысы, Zoom-ның өзін осы платформаға интеграция жасадық. Zoom сыртқы платформа ғой, оны пайдаланған кезде балалар ақы төлеп, қиналып қалмасын деп оған қосымша өзіміздің видеоконференция жүйесін жасап оны қостық. Мұғалім мен балалар қайсысы өздеріне ыңғайлы болса, соны таңдай алады. Қысқасы мектептегі процестің бәрін онлайнға алып келуге тырыстық, қосымша мұғалімдер, мектеп директорлары айтқан ескертулерге сәйкес, оны дамытып отырдық. Қазіргі таңда онлайн оқуға көшкен Қазақстандағы 4200 мектептің 3600-ы осы onlineMektep.kz платформасын таңдады.

– Тегін емес қой, контент сатылады емес пе?

– Тегін емес, контентті және осы жүйені пайдалану ақылы. Контентті тұрақты түрде дамытып отырған адамдар бар, методикалық және техникалық кеңес беретін колл-центр бар. Мұғалімдерді тұрақты түрде үйретеміз, тренингтер өткіземіз. Сондықтан бұл тек қана контент емес, кешенді қызмет.

– Бір мектептің 1-сыныбынан бастап 11-сыныбына дейін осы платформаны қолдану үшін қанша қаржы төлейді, құпия болмаса?

– Құпия емес, ашық цифрлар. Onlinemektep.org қызметін мектептің барлық мұғалімдері және барлық оқушылары пайдаланады. Айлық құны 32 мың теңге шамасында. Яғни, егер мектепте 1000 бала оқитын болса, әр бала үшін бұл айына 32 теңге деген сөз.

– Бірақ, оны оқушы өз қалтасынан төлемейді ғой, білім беру басқармалары төлейтін болар?

– Оқушылар мен ата-аналар төлемейді. Мектеп жазылады. 1-қыркүйектен бастап, Onlinemektep.org сайтына күніне шамамен 1,5 млн адам кіреді, күн сайын 40 млн бет қаралады. Бұл бұрын соңды болмаған трафик ауқымы.

Электронды оқытудың қазіргі кең таралып жатқан әдісі – адаптивті оқыту деп аталады. Электронды платформалар әр баланың мүмкіндігіне қарай бейімделе алуы керек. Біреу тез оқиды, біреу баяу оқиды, біреуі озып кетеді, біреуі артта қалады. Соған қарай электронды жүйе әр балаға ерекше мүмкіндік береді. Әр тақырып бойынша түсіндіру бөлімі болады, содан кейін кемінде тоғыз, көбі жиырма жетіге дейін жаттығу жасалады. Жаттығу үш деңгейге бөлінген: қарапайым, орташа, күрделі. Тақырыпты жақсы түсінген балаға бірінші қарапайым деңгей ұсынылады, одан өтсе орташа деңгейдің тапсырмаларын орындайды, оны жақсы орындаса күрделі бөлімнің тапсырмаларын орындау ұсынылады. Ал, қарапайым деңгейдегі тапсырманы бірінші талпыныстан орындай алмаған балаға тағы бір мүмкіндік беріледі, егер осылай үш талпыныста да нәтиже болмаса, ол балаға сабақ қайта түсіндіріледі. Осылайша, әр баланың мүмкіндігі ескерілген.

 – Сіздің сөзіңізден түсінгенім, бұл жүйеге кез-келген адам кіріп, балаларға сабақ беруге болатын секілді. Дәл осы платформаны сатып алып қолданған мектептегі мұғалімнің рөлі қандай? Балалардың сабаққа қатысуын бақылау ғана ма?

– Мұғалімдер әртүрлі. Шығармашылық әлеуеті мол, жақсы мұғалім ол бізден де мол материал береді балаларға. Ондай мұғалім үшін біздің сабақтар көмекші құрал ғана. Бірақ, өкінішке қарай, көп мұғалімдер тіпті біз дайындап берген материалдың деңгейінде де сабақ бермейді. Сондықтан біздің мақсатымыз Қазақстандағы мектептерде берілетін білімнің белгілі бір сапа деңгейін қамтамасыз ету, содан төмен түсірмеу. Қандай мұғалім болмасын, баланың белгілі бір деңгейде білім алуға мүмкіндігі болу керек. Осыны біз қамтамасыз ете аламыз. Баршаға қолжетімді сапалы білім дегенде, біз осыны меңзейміз. Біздің мақсатымыз олимпиада жеңімпаздарын дайындау емес, дарынды балаларды оқытатын мектептер бізде аз емес. Бізге жетіспей тұрғаны жалпыға қажетті сапа қамтамасыз ететін тиімді жүйе құрастыру. Әсіресе шалғай мектептерде технология арқылы білім сапасын қамтамасыз ету.

– Даму жоспары туралы не айтасыз?

– Білім беру саласын цифрландыру пандемияға дейін де басталды ғой. Одан кейін де дами береді. Бірақ бұл жағдай технологиялардың мүмкіндіктеріне басқаша қарауға мәжбүрледі. Біздің елімізде шағын жинақталған мектептердің үлесі қырық пайыз. Осындай жағдайда технологияға өте көп иек артуымыз керек. Оны мектептер де, білім беруге жауапты мекемелер де түсініп отыр. Мұндай жүйелерді мемлекет дамыта алмайды. Өйткені, мемлекеттік қызметке адамдар келеді, кетеді, оның тұрақты иесі жоқ. Ал,  электронды жүйелерді күнде жөндеп, күнде жетілдіріп, күн сайын оның кодына өзгеріс енгізіп, күн сайын сабақтарды жасап отыру керек. Бұл Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де сондай.

Нарықтағы біз секілді компаниялар бәсекелесе отырып, төмен баға қойып, сапаны арттырып, жағдайға бейімделіп дами береді. Менің ойымша шын мәнінде сапаны көтеру үшін, мемлекет бұл қызметті ғана емес, жалпы білім берудегі көп қызметтерді, тіпті мектептерді басқаруды жекеменшік компанияларға беруі тиіс. Біз қатарына қосылғымыз келетін мемлекеттердің көбінде жеке меншік мектептердің үлесі бізден әлдеқайда көп. Қазақстанда 7400 ден аса мектеп бар, соның барлығын мемлекет өзі тиімді басқаруы өте күрделі. Ал, бұл тек мемлекеттің шаруасы емес, қоғамның шаруасы, елдің шаруасы. Біздің мақсатымыз өз балаларымыз білім ала алатын, ертеңгі өмірге сапалы дайындық алатын, жақсы білім беру жүйесін қалыптастыру. Даму жоспары осындай, біз осы бағытта жұмысымызды үдете береміз.

Сонымен қатар, географиялық аймақты кеңіту. Қасымыздағы Өзбекстан біздің жобаға қатты қызығып отыр. Ресми шақырту алдық. Былтыр бір жыл бойы Ташкенттегі жиырма мектепте пилот жобасын жасадық. Орыс және қазақ тілдерінде өзіміздің жүйелерді қосып бердік. Олар қарап, мұғалімдері өте жоғары баға берді, енді сол жүйелерді Өзбекстанға қоспақшымыз. Өзбекстанның халық ағарту министрлігі экспертизасын жасап, ресми түрде бізге шақыру берді.

ЖЕКЕЛЕГЕН РЕСЕЙЛІК ОНЛАЙН УНИВЕРСИТЕТТЕРДЕ БЕС МЫҢҒА ДЕЙІН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ СТУДЕНТТЕР ОҚЫП ЖАТЫР

 – Болашақта, оқушы егер қаласа, мектепке бармай-ақ, үйде отырып-ақ, онлайн мектепте білім алуы мүмкін ғой…

– Қазір көп елдерде балалар мектепке бармай, қашықтан білім алып, бірақ бір мектепке тіркеліп қойып, содан кейін әр тоқсан сайын барып, емтихандарын тапсырып, бағасын алып отырады. Оның себебі әртүрлі болуы мүмкін. Оған діни таңдау себеп болуы мүмкін. Ондай отбасылар бізде де жетерлік. Болмаса, спортпен, музыкамен шұғылданатын, сондықтан қалыпты кестемен мектепте оқи алмайтын балалар бар, не болмаса ата-аналары үнемі ары-бері көшіп жүретін әскери немесе басқа да қызметтегі адамдар бар. Оларға да баланы мектептен мектепке ауыстыру ыңғайсыз. Сондықтан осындай адамдар «homeschooling» деген жүйені таңдайды. Үйден оқуды заңға енгізген елдер өте көп. АҚШ-та біршама жылдан бері бар. Мемлекеттік стандарт бойынша тиісті білім беру көлемін балалар алып, ата-анасының көмегімен немесе жоғары сынып болса, өз бетінше алады. Содан кейін тіркелген немесе кез-келген мектепке барып, емтихан тапсырып, алған білімін растайды. Сол секілді ашық университеттер бар. Оларда да онлайн білім алу қарқынды дамып келе жатыр. Америкадағы «Phoenix» деген университеттің 500 мың студенті бар, Ұлыбританияның ең үлкен университеті «Open University» 174 мың студенті бар. Ресейдің университеттері бізде платформаларын ашып, студенттерді өздеріне алып кетіп жатыр. Жекелеген Ресейлік онлайн университеттерде бес мыңға дейін қазақстандық студенттер оқып жатыр. Біз оны тоқтата алмаймыз. Оған шектеу қою мүмкін емес. Сондықтан оған бейімделу керек және оны заңдастыру керек. Заңдастырғаннан кейін мазмұны, платформасы, технологиясына, тексеру әдісіне байланысты талап қою керек. Қазір оның барлығы реттелмегеннен кейін, әсіресе шетелдік платформалардағы бағдарламалар қазақстандық платформаны мүлде ескермейді. Оның ішінде біздің тіл де жоқ, тарих та жоқ, география да жоқ. Сондықтан олардың барлығына ресми түрде рұқсат беріп, ресми түрде диплом, аттестат беретіндей мүмкіндік жасалсын, бірақ талап та қойылсын. Сонда ол қазіргі заманға сәйкес шешім болар еді. Біз мұны ұсынып жүрміз, тіпті заңға енгізілетін өзгерістердің жобасын да дайындап бердік.

– Жаңа onlinemektep.org сайтына күніне 1,5 миллион адам кіреді деп қалдыңыз. Осынша трафикті коммерциялық мақсатта пайдаланатын шығарсыздар, сайтта жарнама бола ма?

– Иә, жарнама агенттіктері бұл трафикті көріп отыр. «Ай сайын қомақты ақы төлейміз, бізге сіздердің трафиктеріңіз қажет» деген ұсыныс түсіп жатыр.

Бірақ біз жарнама қоймаймыз, біздің таңдаған моделіміз басқа. Мәселен, қолданушылардан ақша алмайтын, жазылушы жинамайтын платформалар бар. Олардың мақсаты мейлінше көп адам тарту. Сол келген трафикті кейін жарнама берушіге сатады. Сондықтан сайтқа кірген адамның алдынан түрлі баннерлер шығады. Біздің сайт мұндай баннерлерден таза. Мұнда тек өзіміз жасаған контент. Ол үшін мектеп және қолданушы ақысын төлеп қойды. Олар сондықтан бұл сайттан ешқандай жарнама көрмеуі тиіс.

Қазақстандағы ең үлкен трафик жинап отырған ресурс жарнама алмайды. Бұл феномен. OnlineMektep.org осыны жүзеге асырып отырған жалғыз платформа. Бәсекелестердің барлығында жарнама бар. Бізде жарнама жоқ.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар