///

Біз жеткізу қызметін ұйымдастырдық, сөйтіп табысымызды бұрынғыдан да еселей түстік

4591 рет қаралды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, Пандемияның алғашқы екі айында Қазақстанда тіркелген жұмыссыздардың саны 120 мыңнан 170 мыңға жеткен. 42500 теңгелік әлеуметтік төлем 4,6 млн адамға төленген. Барлық төлемнің құны 194,2 млрд теңгеге жеткен. Алайда, пандемия қол қусырып қарап отырмай, өзінің табыс көзін мүлдем жаңа бизнестен тапқан адамдар да баршылық. Солардың бірі Орал қаласының тұрғындары Нұрлыбек пен Даурия.

Олар пандемия кезінде табыстың жаңа көзін тапты. Сөйтіп шектеулер күшейтілген уақытта қалада аса жоғары дамымаған қызмет түрін отбасы кәсібіне айналдырды.

Пандемияға дейін отағасы Нұрлыбек құрылыс саласында жөндеу жұмыстарын орындаумен айналысса, жары Даурия жеке кәсіпкерлікпен қоса («Мирлан» базарында әкесінен қалған ет сатуға арналған орынды жалға берген) Букмекерлік кеңседе кассир қызметін атқарыпты.

Бәрімізге белгілі өткен жылдың наурыз айында елімізде төтенше жағдай жарияланды. Осы кезден бастап Нұрлыбектің отбасы үшін бәрі өзгерді. Өйткені, құрылыс және жөндеу жасау жұмыстарына тапсырыстар азайды, құрылыс дүкендері мен азық-түлік базарлары жабылды. Букмекерлік кеңселердің қызметі де тоқтатылды.

Бастапқы айларда осы уақытқа дейін жинаған жинақтары барлық қажеттіліктерін өтеп отырған еді. Оған қоса Даурияның жеке кәсіпкер ретінде 42 500 теңге алғаны да көмек болды. Осы кезде олар азық-түлік не дәрі-дәрмекті үйге алдырайын десе, қалада жеткізу қызметінің аздығын байқапты. Достарынан да бұл қызметтің нашар дамығаны туралы естіп жүрген. Жайлап барлығы өз орнына келер деп үміттенгенмен, жазға дейін көптеген жұмыс орны, қызметтер тоқтап тұрды. Жеткізуді іздеп отырған осындай кештің бірінде Даурияға «біз өзіміз неге жеткізумен айналыспаймыз, қазір дәл осыған сұраныс көп сияқты, табысты кәсіп болу керек» деген ой келіпті. Көп ойланбастан, қала ішінде қозғалу үшін ресми рұқсаты бар такси қызметінің 3 жүргізушісімен курьер ретінде бірігіп жұмыс жасауға келісімге келген. Содан кейін «Алтын алма» көтерме сауда базарына барып, одан азық-түлік және алкоголь өнімдерін сатып алған. Осылайша маусым айында Нұрлыбек пен Даурия жаңа кәсібін бастап кеткен.

«Бұл ең бірінші Даурияның басына келген ой еді. Екеуміз ештеңе ойламастан жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Тіпті еш жерден ақпарат сұрастырып не ғаламтордан ізденіп қарамаппыз. Өзіміздің білгеніміз бойынша қандай тауарға, өнімге көп тапсырыс береді деп ойласақ, сол өнімдерді базарға барып, 100 мың теңгеге сатып алдық» дейді Нұрлыбек. Жаңа бастамалары туралы жарнаманы ең алдымен таныстары, достары және туысқандарының What’s App әлеуметтік желісіндегі топтарына жолдаған екен. Және олардан әрі қарай таратып, бөлісуін өтінген.

«Бірінші күні бәрін дайындап қойып, күтіп отырдық. Алғашқы күндері көп тапсырыс бола қоймас деп ойлаған едік. Бірақ, сол күні 10 тапсырыс түсті. Мен тапсырыстарды қабылдап, оларды пакеттерге салып дайындауға жалғыз үлгермеген соң, Альфия есімді құрбымды шақырып алдым. Жолдасым болса тапсырыстарды мекенжайлар бойынша тізімдеді. Содан соң курьерлермен байланысып, оларға тапсырыстарға сәйкес қозғалыс бағытын дайындады. Біз бұлай болады деп күтпеген едік» деп Даурия бірінші күннің әсерімен бөлісті.

Күндізгі уақытта азық-түлік дүкендері ашық болғандықтан, тапсырысты күн сайын кешкі сағат 22.00-ден таңғы сағат 06.00-ге дейінгі уақыт аралығында қабылдап, жеткізген. Шамалы уақыт өткен соң дайын өнімдерден басқа, тапсырысқа шаурма, манты, картоп пісіріп дайындай бастаған. Ең көп сұранысқа ие болған өнім сыра мен оған қажетті тісбасарлар болыпты. Кәсіпкерлердің байқағанындай тапсырыс беретіндер көбіне жасы 35-40-қа дейінгі адамдар екен. Жасы 40-тан асқан адамдардың ішінде бұл қызметке сұраныс аз болған. Клиенттердің арасында өз таныстарынан көрі, бейтаныс қала тұрғындары басым екен. Тапсырыс беру ең қызған уақыт – маусым мен қараша айларының арасы болыпты.

«Тапсырыс саны аптаның күніне қарамайды, кейде сенбі күні тым көбейіп кетсе, кейде дүйсенбі күні де қоңыраулар қабылдап, тапсырыстарды дайындап үлгермей жатамыз. Осыған байланысты, құрбым бізге тұрақты көмектесіп тұрды. Біз оған қызметі үшін ақы төледік. Бір жағынан қиын уақытта бір-бірімізге көмек көрсете алғанымызға қуаныштымыз. Адамдар түрлі ғой. Әрине бізге сенбеген адамдар да болды. Олар қайта-қайта сұрап, тексеріп күмәнданды. Бірақ, біз өзіміздің ешкімді алдамайтынымызды дәлелдей алдық. Қызықты оқиғалар да болған. Бір клиенттер тапсырысты жеткізген соң ақшасын төлегісі келмей, содан пакетке таласып қалған жағдай да болды. Мен мұндай келеңсіз оқиғалар туралы ойламаймын. Ал, қуанышты сәттерді есімде сақтауға тырысамын. Мысалға, қазір біздің жақсы көретін клиенттеріміз бар, олардың энергетикасы бөлек. Олар хабарласып, тапсырыс берген күні тапсырыстардан толастық болмайтынын алдын ала білеміз» – деген Даурия жеткізу қызметін ұйымдастырудың қызығы мен шыжығы туралы да айта кетті.

«Орал қаласында Медина деген қыз баланың ауруына байланысты 2 000 000 теңге көлемінде қаржы жинау туралы хабарландыру болды. Біз бұл жағдайға немқұрайлы қарай алмадық. Сондықтан акция жарияладық. Алкоголь өнімдерінен басқа тапсырыстардан түскен 1 күндік табысымызды Мединаның шотына аудардық. Ол көп сома емес әрине, небәрі 11 000 теңгенің айналасы (30 шаурма, 100 манты). Біз шын жүрегімізбен көмектескіміз, осы әрекет арқылы Мединаның жинағын тезірек жинауға атсалысқымыз келді. Ал, алкоголь өнімдерінің табысынан түскен қаржыны қоспағанымыз, сәбидің еміне жиналған қаражатқа қосу дұрыс болмас деп есептедік. Сондай-ақ өз әрекетімізбен басқа кәсіпкерлерге үлгі болсақ дегенбіз. Барлығымыз біріксек біз жинақты жабамыз» деген сенімі болғаны жайында айтты отағасы.

Кәсіпкерлердің айтуынша азық-түлікті, басқа да өнімдерді сатып алу үшін бастапқы сома 100 000 теңгені құраған. Ал, клиенттерінен тапсырыс берген өнім үшін және жеткізу құны үшін төлем алған. Жеткізуді бастағаннан кейін 3-ші күні 160 000 теңге табыс тапқан. Яғни, жаңа істі бастау үшін салған қаржысын үш күн ішінде өтей алған. Тапсырыс құнын төлеу аударым арқылы және қолма-қол ақшамен жүргізілген.

Нұрлыбек пен Даурияның отау құрғанына 6 жыл болған, 2 бала тәрбиелеп отыр. Олар жаңа кәсіпті игеру барысында жаңа дағдылар қалыптастырғанына, жақсы адамдармен танысқанына, адамдарға көмек көрсете алғанына және қаламызда жеткізу қызметінің дамуына үлес қоса алғандарына қуанышты. Қиындықтар да, қуанышты жағдайлар да болған. Осыған қарамастан, олар алдағы уақытқа жаңа жоспарлар құрып, «қызыл аймақтан» тезірек шығуды күтіп отыр. «Біз қазір де жеткізумен айналысамыз, тапсырыстар былтырғыдай емес азайды, бірақ бізге жаңа кәсібіміз ұнайды. Табысымызға келетін болсақ, біз пандемияға дейінгі табысымыздың деңгейін ұстап отырмыз. Тапқан табысымыз күнделікті қажеттіліктерімізді өтеуге, жақын болашақтағы жоспарларымызды жүзеге асыруға жеткілікті деуге болады. Жақын арада азық-түлік дүкенін ашқымыз келеді. Ия өзіңіз түсінгендей біздің дүкенімізде міндетті түрде жеткізу қызметі болады. Тек вирустан аман болайықшы» деген тілектерін білдірді жас кәсіпкерлер.

Альфия Шамай, Орал қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар