///

Қарағанды журналистеріне арналған тренинг өтті: Конфликтіні шешудегі журналистің рөлі

1750 рет қаралды

Шілденің 2-4 күндері Tan Consulting және  Media Network Kazakhstan қоғамдық бірлестіктерінің ұйымдастыруымен “Арселор Миттал Теміртау” компаниясының қолдауымен конфликтіге сезімтал журналистика және басқа да өзекті кәсіби мәселелерге арналған тренинг болып өтті. Тренинг қазақ және орыс тілдерінде ұйымдастырылды. Шараға жиыны 30 адам қатысты. Тренерлер Бақтыгүл Бурбаева, Татьяна Голубцова, Есенгүл Кәпқызы және Жұлдыз Әбділда.

Екі күнге созылған тренингте қатысушылар конфликті дегеніміз не, конфликтіні шешудегі журналистің рөлі, елдегі этносаралық шиеленістер және оны қоздырудағы немесе басудағы журналистің қызметі, ақпаратты іздеу, табу және қорыту, фейк таратудың әлегі, ақпаратты манипуляциялау, кликбейт секілді бүгінгі күннің трендтері жайындағы ақпараттармен танысты. Конфликтінің табиғатын түсіну үшін қатысушылар рөлдік ойын ойнап, конфликті туындаған жағдайда не істеуге болатындығын айқындады.

Сонымен қатар, қарағандылық журналистер медиа этика және журналистиканың негізгі принциптері мәселесі талқылады.

Ернат Мелсұлы, қатысушы:

– Бұл тренингтегі барлық ақпарат мен үшін пайдалы болды. “Мынаны білетін едім” деген ой мүлде туындамады. Білем деген нәрсенің өзін басқа қырынан танып-білдім. Білім, тәжірибе, кейс, визуалды ақпарат, ойын, сұрақ-жауап, тамақ бәрі жақсы болды. “Бекер қатысып жатыр екенмін ғой” деген еш ой, сезім болмады. Дәл қазір өзім үшін аса өзекті – айфон арқылы видео монтаждау, мазмұнды, тартымды контент жасау бойынша өте құнды білік үйрендім. Бапкерлердің журналистика саласына адалдығы, абыройы да тренинг бағасын арттырды, сенім тудырды деп ойлаймын.
Бапкерлер топты жақсы ұйыстыра білді. Бәріміз бір отбасының балаларындай ойнап-күліп әрі ойлап, талдап білім жетілдірдік.
Ұйымдастырушыларға да бөлек ризамын. 2 күн білім алуымызға толық жағдай жасады.
Осы аралықта күн қандай ыстық болса, бапкерлерге, ұйымдастырушыларға және топтағы әріптеріме де сезімім сондай ыстық болып тұр. 2 күнгі уақытым мәнді де сәнді өтті. Баршаңызға Алланың нұры жаусын, жолдарыңыз әркез ашық болсын!!!

Жаңабек Нар, қатысушы:

– Тренингте біраз дүниені үйрендік. Телеарнада монтожерларға сеніп алғандықтан, бейнеқұрастыруға аса мән бермеппін. Видеоконтент жасауда бұрын естіп—көріп жүргенмен, бұл жолы басқа қырларымен де таныстым. Ұжымдық ойындар да тамаша өтті. Журналистикада әсіресе телеарнада ұжымдық жұмыс жүйесі қалыптасқан. Бұл тренингте сол ұжыммен бірлесе еңбек ету жолдары жақсы көрсетілді. Әріптестермен кеңінен пікіралмастық, танымайтын әріптестермен таныстық. Кейстер, теориялық—практикалық дәрістер қызықты ұйымдастырылды. Ұйымдастыру жағы да жан—жақты қарастырылған. Ұйымдастырған, қатысқан баршаңызға зор алғыс!



Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар