//////

Ғалымжан Жақиянов: Өмір белестері (жалғасы)

2606 рет қаралды
фото: Pavlodar online

ПРЕЗИДЕНТ АЙТҚАН СЫР 

(Он екінші тарау)

Павлодар өңірін дамыту мақсатындағы жоспарларымыздың  біразы 2000 жылы жүзеге асты. Экономикасын жетілдіру және қала-ауылдарды көркейту жұмыстары жүріп жатты. Бұл орайда «Қазэнергокабель», дәрі-дәрмек заводтары, жиһаз фабрикасы сияқты 200–300 адамдық кәсіпорындардың іске қосылғанын және Павлодардағы Epтіс жағалауының құрылысын аяқтағанымызды айтқан жөн болар.

Ал республикалық деңгейде сөйлесек, жыл аяғында Семей мен Павлодар арасы темір жолмен қосылғаны, сөзсіз, ерекше орында. Жас мемлекетіміздің аймақтарын біріктірген бұл жолдың стратегиялық маңызы зор еді. Бұрын жүк тасу Ресей арқылы ғана жүрсе, енді Ертіс бойымен өзара тікелей қатынасқа мүмкіндік туды. Семей арқылы Павлодар өндірісінің және солтүстік аймақтардың өнімін алып, Қытай базарына шығатын жол ашылды. Семей және маңайдағы жұртқа Астанаға жетудің жеңілдегені өз алдына әңгіме. Елмен қатар менің де ой-армандарымның бipi орындалды. Алдында айтқанымдай, Елбасы Павлодарға жіберерде осы мақсатты алдыма қойған және қолдаған. Шын мәнінде, бұл жобаның іске асуына Нұрсұлтан Әбішұлы шешуші үлес қосты. Өйткені мұндай құрылысты 98-жылғы экономикалық жағдайымызбен жүзеге асыру екіталай еді. Теміржолшылар да басында жобаның зерттелмегенін, оның тиімсіздігін сылтауратып, күңкіл сөзді көбейткен еді. Дегенмен тапсырма алған премьер-министр Нұрлан Балғымбаев, көлік министрі Еркін Қалиев, темір жолдың басшысы Абылай Мырзахметов іске кіріскен соң, мәселе орнынан қозғалды. Құрылыстың ең ауыр, қаржылық жүгін көтерген Абылай кездескенімізде «ағашкаларымыздың бұйрығын орындамағанда қайда барамыз»  деп, күрсіне қалжыңдайтын. Дәл осы жерде мемлекетіміздің әкімшіл-әміршіл жүйесі халық игілігіне қызмет етті.

Даланы қақ жарған 184 шақырымдық теміржол екі жыл ішінде іске қосылды. Жолдың жобасын сызуды негізгі жұмыстарымен қатар жүргізген «Павлодартранстрой»  және басқа мекемелердің құрылысшылары кәсіби шеберліктің үлгісін танытты. Құрылыс барысын бақылау ниетімен барған сапарларымда қысы-жазы, жауын-шашында да, боран-суықта да еңбектенген халыққа сүйсіне қарайтынмын. Бір шеті Ақсудан, екіншісі Курчатовтан қарама-қарсы бағытта басталған құрылыс жұмыстары бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен жүргізілді. Жол тұтастай Павлодар облысын көктей өтіп, Май ауданының орталығы Көктөбеде желтоқсан айының бірі күні түйісті. Қуанышты сәтке маңайдағы ауылдардың халқы жиналды. Кезінде Үкіметтің қаулысымен депрессиялық аудандар қатарына жатқызылған бұл өңірді ыңғай қазақ тұрғындары мекендейтін. Полигон зардабын шеккен олар үшін бұл нақты «Өмір жолы» болды – ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу, жұмыссыздықты жою, байланысты нығайту сияқты әлеуметтік экономикалық мәселелерді шешетін жолдың өмірлік маңызы ерекше. Соңғы қазығын қағу рәсіміне бер жағынан біз де бардық. Арамызда ардагерлер, облыс шаруашылығына еңбегі сіңген азаматтар, теміржол қызметкерлері бар. Бұрынғы облыстық бөлімшенің бастығы, Құрметті теміржолшы атағының иегері Әби Сарқыншақов едәуір қобалжыды. Салада 40 жыл қызмет еткен ақсақал істің дер кезінде бітуіне бар беделімен жақсы көмек берді. Астанаға жиі барып, жобаның «локомотиві» атанды.

Даланың 35 градус сары аязына қарамастан, жергілікті жұртпен қоса барлығымыз көтеріңкі көңіл үстіндеміз. Жолдың ақырғы рельсі салынған соң, «күміс қазықты»  қағу рәсімі тез өтті. Енді біраз уақыттан кейін жүк тасымалдауы басталады. Сол бір күндері Астанадан Курчатовтағы станцияның атын өзгерту туралы ұсыныс түсті. «Бұл жайында «Қазақстан темір жолы» сіздің пікіріңізді білгісі келеді» деп, орынбасарым Б.Түменова хабарлады. Бұрынғы «Конечная» дегені белгілі себептермен жарамайды. Орнына маңайдағы жер-су, төбелердің төрт-бес атын ұсынған. Сараптай келе «Дегелеңге» тоқтадық. Курчатовтан біршама алыс жерде тұрса да, біріншіден, Дегелең таулары өңірдегі ең үлкен тау және ядролық сынақтардың дәл ортасы. Екіншіден, «Дегелең» аты теміржол карталарына енсе, полигон қасіретін дүние жүзінің есіне салып тұрар деген ойым болды.

Жаз шыға, 2001-дің маусымында, Семейден шыққан бірінші жолаушылар пойызы Ақсу станциясына ат басын тіреді. Пойызбен келген семейлік ақсақалдар мен жол бойындағы ауыл тұрғындарын қошеметтеп музыкамен қарсы алдық. Елбасының өзі қатысқан бұл салтанат өңіріміздің төл мерекесіне айналды. Әрине, оған біз алдын ала дайындық жүргіздік. Әдеттегідей мерекелік сценарий де әзірленді. Осындайда тындырған шаруамен бірге сахна шымылдығының артында болған ұсақ-түйектер де есте қалады екен.

Әлгі сценарий Астанадан алдын ала бекітілген бойынша, перрондағы  жиналысты облыстың әкімі ретінде мен жүргізіп, Республика Президенті Н.Назарбаевқа, «ҚТЖ» президенті А.Мырзахметовқа, теміржолшыларға, еңбек ардагерлеріне сөзді кезекпен беруім керек еді. Артық ештеңе жоқ, сөйлейтіндердің тізімі алдын ала бекітілген, бәрі де қалыптасқан дәстүрге сәйкес орынды сияқты. Бірақ олай болмай шықты, Президенттен бір күн бұрын Павлодарға келген оның әкімшілігінің жектекшісі сценарийді өзгерте бастады. Алдымен Шығыс Қазақстан облысының әкімі В.Меттенің (құрылысқа ешқандай қатысы жоқ) шақырылғаны хабарланды. Ол келсе, оған да сөз беру керек. «Бірақ екі әкім қатар сөйлесе, жиналыс көпке созылады, сондықтан екеуі де үндемей тұрсын»  деген мағына жатты бұл «шахматтық» жүрістің астарында. Сондықтан жиналысты жаңа көлік министрі Кәрім Мәсімов жүргізетін болды (қазақша екі жолды оқып шығуды байғұсқа түні бойы жаттатқызды). Министр сөйлеген соң «Мырзахметовтың сөйлеуі артықтау» деп оны сызып тастады. Аяғында ардагерлерді де сызды. Әйтеуір Президенттен басқасы үндемеске айналды. Қалмырзаевтың: «Қалай сонда, олардың сөйлегенін Елбасы тыңдап тұруы керек пе?» – дегеніне қатты таңғалғаннан аузыма сөз түспеді, не айтарымды білмедім. Әрине, ол бұл өзгерістердің Н.Назарбаевпен келісулі екенін байқатуға тырысты. Дегенмен, «Маған сөз бермесеңдер өз еріктерің, таласпаймын. Бірақ өңірдің осындай тарихи сәтінде ақсақалдардың біреуіне де сөз бұйырмағанын халық түсінбейді», – деп, мен де тұрып алдым.

Сонында Семейдің өкілі Хафиз Матаев ақсақал сөйлейтін болды. Бұл саяси ойынның мақсаты А.Мырзахметов екеумізді әдейі шеттету екені айдан да анық көрінген.  «Мырзахметов пен Қалмырзаев бірдемені бөлісе алмады» деген сөздер одан бұрын естіліп қалған. Ал менің не жазығым бар? Әлде әкімшілік жетекшісінің өткендегі сайлау үшін менен ақысын алғаны ма? Тағы бір естігенім: Сарай ішіндегілер «Жақиянов халық алдына көп шығады, көзге жиі түседі, соны тоқтату керек» дейтін көрінеді және жасырын жүргізген сауалнамада облыстағы  менің рейтингім Н.Назарбаевтан жоғары екен. Әрине, ондай әкімді етектен тартып, жібермеу керек.

Жалпы, Президенттің  сол кездегі рейтингі төмендеп бара жатқаны оларды алаңдатқан сияқты. Осыған бай­ланысты бірнеше рет жоғарыдан жабық хаттар түскен. Онда Н.Назарбаевтың ел ішіндегі «имиджін» жақсарту жазылған. Президенттің имиджін көтеру шаралары, оларды орындау мерзімі және жауапты министрліктер мен әкімшіліктер көрсетілген болатын. Мысалы, халық алдында ұпай жинайтын игі істерді Президент жүзеге асырды деп хабарлау тапсырылды. Керісінше, елге ұнамайтын, оның  ашуын туғызатын билік шешімдерін (тариф пен бағаларды көтеру сияқты) Елбасына жолатпай, біз мойнымызға алып, жаманатты болуымыз керек. Қысқасы, ертегідегі жағдай – патшамыз жақсы да, маңайындағылар мен төмендегілер жаман…

Бәлкім, «Ақсу – Дегелең»  жолының  ашылу салтанатында болған оқиға  аталған шаралардан туындаған шығар. Сонысымен «Президенттің  имиджін көтердік» деп, өздеріне бip ұпай жинаған болар. Бұл жөнінде Н.Назарбаевқа ештеңе деп ауыз ашпадым.

Маусымның 14-інде Павлодарға келгенде, Елбасының жолдан шаршаңқырағаны байқалып тұрды. Алыс сапардан, Шанхайдан тікелей елге оралған беті еді. Мұндайда ел ішіндегі ұсақ-түйектерді айтып жатудың өзі ыңғайсыз. Сондықтан кешкісін жол шаңын басып, демалуды ұсындым.  Біраз спортпен шұғылдандық. Теннис пен волейбол ойнадық. Кездескен сайын Президенттің өзі маңайындағы нөкер, сақшыларынан бip команда құрып, бізбен, әкімшіліктегі әуесқойлармен доп ойнайтынбыз  Семейден бастап дәстүрге айналған. Ойында біздің де ұтылғымыз жоқ, шынайы спорт тартысы боп жүрді. Нұрекең осындайды ұнататынын білемін, тыңайып өңі кіріп қалатын. Әлгі ойынымыз бітіп, шайынған соң екеуміз оңаша қалдық.

Аздап жадыраса да, бірдеңеге көңілі толмай отырғаны байқалды. Сырласа келе оның себептері түсінікті болды. Алдында, «Панорама» газетінде және басқа ақпарат құралдарында өзімді толғандырған жергілікті билік пен еліміздегі демократияны дамыту туралы ойларым жарияланған. Соның салдары секілді. Бірақ «сенікі дұрыс емес» деп ашып айтпады. Әңгімесін басқа жағынан төңіректетті. Өзіне жанашырлық туғызатын тақырыпты қозғады. Дүниенің бәрінен қатты шаршағанын айтты. Айналасындағы ырың-жырыңдар жүйкесін әбден тоздырыпты. Оның үстіне депутаттар тыным бермейтін сияқты. «Араларында сенің Тоқтасыновың бар» деп, маған кекжие («сен емес пе едің соған кепілдік берген» дегендей) қарады. «Иә, білемін, – деп сөз өрісінен таймай жалғастыра бердім, – оның тәртібіне баға бере алмаймын. Мені дұрыс түсініңіз, Нұрсұлтан  Әбішұлы, ескі досым ғой, қалай мен одан бас тартамын?» – дедім. «Иә, дос-жұрағат пен туған-туысқандарға келгенде бәріміз де пендеміз ғой», – деп ол кісі әңгімені жұмсартты: «Дос деген тозған чемодан сияқты, сүйрелей беруге ауыр, ал тастауға қимайсың», – деп күлді. Содан кейін ішіндегі сырын айтқандай болды: «Мысалы, мына Сәт (Тоқпақбаев) сияктылардың бүгінгі заманда қолынан түк те келмейді. Бірақ оны өздері мойындамайды. Погон мен атақ сұрап жатқаны. Генерал-полковник қылдым, енді не керек десеңші. Бізде ондай әскер де жоқ тіпті». Келесі сөзге ілінген адам құдасы Мұхтар Әлиев болды. «Оған керегі жұлдыз» деп, оң қолымен төсінің сол жағын, орден тағылатын жерді түртпелектеді.  «Оның қандай және қалай академик болғаны белгілі, енді міне, «Халық қаһарманын» алып беруге кісі салып, Дариғаны жіберіпті. «Қызың  келіп, жылап тұрғанда қайда барасың? Кеңірдегіңнен ұстағанда амалсыз бересің сұрағанын», – деп Елбасының күрсінгені біртүрлі аяныш сезімімді  оятты. Басқа да өзін күйзелтетін нәрселерді айтты.

алдыңғы тараулар:

Басы

І тарау

ІІ тарау

ІІІ тарау

ІV тарау

V тарау

VI тарау

VII тарау

VIII тарау

IX тарау

X тарау

XI тарау

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі