//////

Ғалымжан Жақиянов: Өмір белестері (жалғасы)

2457 рет қаралды
1

РАХАТ ӘЛИЕВТІҢ ЛАҢЫ

Он үшінші тарау

Сол түні ұйқы болмады. Epтic жағалауында өткен жас түлектердің мектеппен қоштасу кешіне  барғанбыз. Содан Павлодарға қонбастан, машинамен тура Баянға тарттық. Үш сағаттай жаздың түнгі самалымен сергек жүрдік. Арттағы машиналарда  Қалмырзаев, Машкевич, тағы басқалары келе жатқан. Президентпен сөйлесіп келеміз. Мені толқытқан бағанағы әңгіме. Рас, Елбасы да адам баласы ғой. Оның да туыстары, достары бар. Оларды ұмытып, мүлдем араласпауға, санаспауға болмайды. Әрі қазаққа бауырмалдық ceзімі жаратылысынан тән. Мұның барлығы жұмысқа, қабылдайтын шешімдерге өз әсерін тигізетіні анық. Ал, қоғамның пікірін елемеген жағдайда бұл қарым-қатынастар сыбайластық ауруына айналуы әбден мүмкін. Тойтарысты дер кезінде бермесе, дерттің қалай меңдегенін адам баласы байқамай қалады. Мұны әлемдік тәжірибеден жақсы білеміз. Бір қарасаң сол погондар мен жұлдыздарда тұрған ештеңе жоқ сияқты. Сыйға лайықтысын марапаттау, қызметке лайығын тағайындау керек те шығар. Бірақ оны көпшілік шешсе екен. Әйтпеген күнде бip кісінің пендешілігін пайдаланған жақындары оның атын бүркеніп, жеке басының қамын ойлаумен ғана жүрмесіне кім кепіл?

Eciмe Президенттің күйеубаласы Рахат Әлиев түсті. Соңғы кездерде ол атасымен жақсы қарым-қатынаста екенін алға тартуды әдетке айналдырғанға  ұқсайды. Осыны еліміздің көптеген атқамінерінен естіп жүрдім. Республиканың құқық органдарын меншіктеніп, өзінің қолшоқпары қылған және сонысымен кәсіпкерлерге қысым жасап, табыстарын бөлісуді талап еткен дейді. Ірі кәсіпорындардың акцияларын дәметкен. Белгілі бip банктің жарты акциясын тегінге алмақшы болғанын маған банк иесі өз аузымен айтқан. Ондаған миллион доллар құны бар дүниені тартып алу үшін «Президенттің тікелей тапсырмасы» деп қорқытқан. Дөкейдің ығына жығылмаган жігіттің аты Mұхтар Әблязов болатын. Мұхтар сияқты көнбегендерге тексерудің үстіне тексеру жіберіп, салығы мен айыппұлын еселетіп шат-шәлекейін шығарған. Көбі мұндай қысымға шыдамай, «бастан құлақ садақа» деп қалағанын беріп те жіберген. Рахат онымен де шектелмей, араны барған сайын ашыла түскен. Жұртшылық Әлиевтің бұл қылықтарын Президенттің өзі жасап отырғандай көреді. Әйтеуір бip отбасының қалтасы ғой деп пайымдайды өздерінше. Күйеубаланың өзі де ондай сөздерді доғартпақ былай тұрсын, қайта жұмбақтап, «іс-қимылым келісулі» дегендей, сұқ саусағын төбе жаққа шошайтатын. Оның шын-өтірігін тексеруге кімнің батылы барады. Сондықтан салық полициясы мен кеденшілердің кәсіпкер жұрттан жинаған парасы болсын, арақ заводтары мен базарлардан сыпырған «шатырлық» төлемдері болсын – бәpi де жоғарыдағы тайқазанға құйылып жатыр деген пікір қалыптасқан. Моральдық жағынан шенеуніктерге пара алу әлдеқайда оңайлады. Өйткені «өзіме емес – бастығыма керек» деген сылтау табылды.

Кезінде, «Қазақстан-2030» стратегиясын шығарарда, Ержан Өтембаев: «Бұл құжатты коррупцияны жойғанда ғана орындай аламыз. Ол үшін Президент өзінен бастап, өз туыс-жұрағатына қатты ескерту жасауы керек. Оларды биліктен алыстатып, ықпалын шектеген дұрыс», – деген ойын бөліскен еді. Ол стратегиялық жоспарлау агенттігінің төрағасы, менің әріптесім болатын. Стратегияны пысықтау барысында екеуміз жиі кеңесетінбіз. Біз «ел іргесін шірітетін коррупцияға қарсы күресті ic жүзінде жүргізбесе, оның зардабы етектен тартып, жас мемлекеттің  болашағына  зор қауіп тудырады» деген ортақ пікірде болдық.

Сонда «2030» стратегиясын жариялаумен қатар Елбасы өз жақындарына осы жайында арнайы үндеу жасаған. Оған қоса туысқан адамдардың мемлекеттік қызметте бірге істеуіне заңды түрде тыйым салған.  «Сол себептен енді Президенттің күйеубаласы министрлік тақтан құр қалады» деген сөздер ел аузында жүрген. Әсіресе Р.Әлиевтің өзі армандаған министрліктің, не КНБ-ның төрағалық портфеліне жете алмағаны тілге тиек етіп айтылатын. Соның өзінде, орынбасардың кабинетінде отырса да, ол есесін жібермеген, тек шетелдік инвесторларға ғана тиісе алмаған – әзірге тісі батпаған шығар.

                  Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

            Ұстарасыз  аузыңа mүcmi мұртың.

             Жақсы менен жаманды айырмадың,

     Бірі қан боп, бірі май боп енді екі ұртың, – деп Абай дана бекер налымаған.

Ал Қазақстан бизнесмендері мен бірқатар саясаткер Әлиевтің «құрбаны» болғаны рас. Ішінде үкімет мүшелері, заң орындарының қызметкерлері де бар. Әрі ол өзінің тікелей басшыларымен кек алғандай алпарысты. Салық полициясында істегенінде өзіне басшылық еткен қаржы, кейін мемлекеттік кіріс министрлеріне, А.Павлов пен З.Кәкімжановқа қарсы қудалау ұйымдастырғаны белгілі. Кей-кезде Зейнолладан «Халің қалай?» деп сұрағанымда, «Өзің білесің, мынаның  (Әлиевтің) қасында жағдайың оңа ма?» – дейтін. Сонан соң Р.Әлиев Ұлттық қауіпсіздік комитетіне төрағаның орынбасары боп ауысқанында, бұл жабық мекеменің бұрыннан істеп келе жаткан кадрлары оны жаны түршіге қабылдағанын естідік. Астанада болғанымда комитеттің жаңа  төрағасы М.Тәжинге кіріп шыққанмын. Мараттың өзгерген түрі көзіме бірден түсті. Кабинетінде еркін сөйлесе алмай, «байқа!» дегендей, қолымен бұлғақтатып, «ананың (Әлиевтің) «құлақтары» мен адамдары маңайда қаптап жүр» деп, сыбырлай ескерткен. «Заман не боп барады – мемлекеттің қауіпсіздігіне жауапты лауазым иесі өз кабинетінде жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды» деген оймен жағамды ұстағанмын сонда.

Мақсатына жету үшін Р.Әлиев «семьяға» жақындығымен қоса «саяси шоқпар» ретінде өзіне қараған ақпарат құралдарын кеңінен қолданған. Ұнамағандарды журналистердің қолымен елге мазақ етті. «Караван» газетінде не «КТК» телеканалында біреуді сынап жатса, байғұстың күйеубалаға жақпағанының белгісі болатын. «КТК» мені де репортаждарында әурелей бастаған. «Сендер Жақияновқа «конкретный наезд» жасай алмадыңдар» деп, меншікті тілшісі мен телеоператорын ауыстырған. Жана тілші Владимир Мусс біраз уақыт істеген соң, шыдамай, шындығын айтты: «Алматыдан редакторым телефон шалып, әкімнің үстіне «чернуха» сұрап күнде тоқпақтайды. Басында жіберіп тұрғанмын. Жасыратыны жоқ, облыстың жағдайы мен әкімді жамандап, ойдан шығарған сюжеттерді де бердім. Одан арыға дәтім бармады» …

«КТК»-ның  шабуылын «Караван» қостаған. Менің көзқарасыммен санаспаған, жауаптарымды жария етпеген, қайдағы-жайдағыны тасырлата жазған. Қарлығаш екеумізді «ажырасып жатыр» деген өсекке дейін барған. «Мәселені шешкісі келсе, Рахатқа өзі шықсын» деп, біреулер маған сәлем айтып жатса да, құлақ аспадым. Намысымды қорлап, кішірейгім келмеді. «Бүгін саусағыңды берсең, ертең қолыңды  жұтады» демекші, осалдықтан сақтанған әрекетім еді. Шытынап-шатынаған арақатынасымыз одан  ары шиеленісе берді. Мұндайда әділдікті кімнен іздерсің? Пайдаланған технологиялары белгілі –қит етсе, «менің шаруам шамалы, тәуелсіз ақпарат құралдарында істейтін журналистердің аузын жаба алмайсың ғой» деп, «заказчик» қожайын сөз бостандығын бүркеніп шыға келеді. Әлиевке қарсыласқанның арызданып барар жері, басар тауы жоқ, есесін қайтаратын ашық майдан алаңы жоқ. Республикалык телеэфир ерлі-зайыптылардың қолында шоғырланған. Бұл адамның қол-аяғын байлап қойып сабағанмен тең. Барып тұрған ақпараттық террор.

Сол кезде электрондық ақпарат құралдарының бip түрі – интернет газеттер шыға бастады. Онда көбінде оппозицияның жазғандары басылатын. Арасында белгілі «Евразия» сайтына ұқсас  «Азиопа» дегені пайда болған. Билікті қатты сынағанымен, саясаттан хабары бар жұрт оның нақты оппозициялық  құралдарға жатпайтынын бірден түсінді. Мазақы аты сияқты басқа да келіспеушіліктерін аңғарған. Мысалы, Президенттің  өзінен бастап семьясын, билік басындағы шенеуніктерді түгін қалдырмай жазған «Азиопа» Р.Әлиевке келгенде жуас мінез танытады. Басқаларына бұйырған өткір сөздердің орнына «тәртіп орнататын мықты генерал» деп қана «сынайды». Бұл жайында Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметіне тағайындалған Алтынбек Сәрсенбаевтан сұрағанымда, ол да күмәнді  екенін жасырмады: «Әсіресе ҰҚК (КНБ) жетекшілері  ғана білетін жабық ақпараттың жариялануы бұл сайтгың артында кім тұрғанын байқатады. Мысалы, комитеттің жасырын агенттерінің есімін интернеттің карапайым авторы қайдан біледі?»

Тағы бip елең еткізген жәйт – Әлиевтің өзі де, ықпалындағы  ақпарат құралдары да, бұрмаланған идеологияны насихаттауы. «Қазақстанның демократияға жетуі екіталай. Азиат болғанымыздан демократияға икемсізбіз» деген сияқты мемлекетімізге түбінде абырой әпермейтін жат сөздерді азаматтарымыздың құлағына құя бастады. Мұндай жабайы ұғымның астарында не жатқанын сезу үшін оқымысты болудың қажеті жоқ. Анадай қызметтегі адамның өз халқы туралы соншама тұрпайы пікірі өрескелдігімен көзді шұқыған. «Демократияға, яғни өзін-өзі басқаруға санасы жетпеген елді біз билей тұрайық» деген мағынадағы пікірі Әлиевтің ендігі мақсатын, оның елдегі ең биік қызметке ұмтылғанын айқындады. Жаңбырша жауған сұхбаттарының бірінде өзін Францияның бұрынғы президенті Шарль де Голльге жақындатып қойған («ол да мен сияқты генерал болған» деген мағынада). Р.Әлиевтің мұндай өрескел әрекеттері қоғамды ерекше алаңдатты. Ал оның саяси іс-қимылдары еліміздің дамуына нұқсан келтіріп, мемлекетімізге, Н.Назарбаевтың өз басына қауіп-қатер төндіретін деңгейге жетті.

2001 жылдың жазындағы Президент Н.Назарбаевтың Павлодарға сапары кезінде мені толғандырған ойлар осы еді. «Не істеуім керек?» деген сұрақ мені қажыта түскен. Тереңірек қарасақ, әңгіме мемлекетіміздің даму жолы, еліміздің болашағы, балаларымыздың келешегі жайлы еді. Біз бірқалыпты өмір сүретін, халықтың мұң-мұқтажына құлақ түретін демократиялық мемлекет құра аламыз ба немесе өзіміздің «азиялық» ерекше жолымызды іздестіреміз бе? Бұл жөнінде түн ұйқымызды төрт бөлетін, жатпай-тұрмай қарманатын, жұртшылықтың санасына саңылау түсіретін кез келіпті. Ең жоғарыдан бастап айналдырған дертті емдейтін бір ғана жолы бар – ащы болса да, бет-жүзге қарамай шындықты батыл айту. Тіс жармай, қасында жүре берсең, Президент ертеңгі күні: «Қауіпті кезеңде үндемей қалғандарың қалай?» – деп сұрауы мүмкін. Екінші жағынан: «Іс жүзінде бұл қалай болар екен? Дұрыс түсіне ме? Елбасына ақиқатты жеткіземін деп, жеке отбасындағы жағдайға кіріскен жексұрындай көрінбеймін бе?» – деген ой да бұл ниетімізді тежей түсті. Сөйтіп екіойлы болдым. Аяғында, салыстыра-сараптай келе, «Жоқ, сөзімді дұрыс қабылдайтын түрі жоқ, бұл жолы қоя тұрайын» дегенге тоқтағанмын.

Арада үш ай өткенде осының бәрін Президентке айтқанымда: «Дәлелдерің бар ма? Әлде Рахатты жамандау үшін ғана айтқан сөздерің бе?» – деп күмәнданған. Күйеубаласы алдын ала қайрап қойғанға ұқсайды. «Болады!» дедім. «Шешінген судан тайынбас, Ғалымжан, сенің кері шегінер жерің жоқ, ендігі сөз жай өсек боп шықпасын», – деп іштей тістендім. Билік басындағы басқа жігіттердің көмегімен керекті құжаттар бip ай ішінде жиналды. Елбасымен болған келесі әңгімеміз одан әрі күрделене түсті. «Саған өзі не керек?» деген сұрағы біз сұққандай әсер етсе де, өзімді өзім сабырға шақырдым. «Күйеубалаңызды биліктен аластатыңыз. Не сізге, не eлiмiзгe тыныштық,  береке әкелмейді ол. Бабаларымыздың  «күл төбе болмас, күйеубала ұл болмас» деген өсиетін ұмытпаңыз, Нұрсұлтан Әбішевич. Мәселе тым ушығып кетті, қоғам қатты алаңдаулы. Бірақ бұл іс Рахат мәселесімен шектелмейді. Оны шешу үшін саяси реформаларды жүргізу керек. Баяғыдан айтып келе жатқан әкімдердің сайлануы сияқты демократиялық  қадамдар елімізге ауадай қажет. Сізден тілегеніміз осы. Сізге де де керегі осы, Нұрсұлтан Әбішевич! Қазақстанның  тұңғыш Президентінің есімі еліміздің тарихында көреген адам ретінде қалғаны біз үшін де, болашақтағы ұрпақтарымыз үшін де қажет!» – дедім

алдыңғы тараулар:

Басы

І тарау

ІІ тарау

ІІІ тарау

ІV тарау

V тарау

VI тарау

VII тарау

VIII тарау

IX тарау

X тарау

XI тарау

XII тарау

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Керемет Арда азамат қазақтың нар тұлғаларын ұлықтап оларды елінен алыстатып, халқынан ажыратқан халық жауларының зымян саясатын әшкерлей отырып олардың елге оралып ұлтына қызмет жасауна жол ашуға ат салысайық

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар