//

Cатылмайтын сөмкелер: Оралда ерекше көрме ашылды (фото)

1263 рет қаралды

Маусымның 22 – 30 күндері аралығында Оралдағы көрме залында «Айкербез» сатылмайтын сөмкелер» атты ерекше қолөнер көрмесі өтті. Көрмеге облысқа, республикаға танымал қолөнер шеберлерінің бұйымдары қойылды. Сөмкелер көздің жауын алады, ішінде былғарыдан, матадан, бисер мен тастарды қолдану арқылы жасалған өнер туындыларының неше түрі бар.

 Қандай болмасын істің басында негізгі бастамашы, қатысушылардың, жалпы ұйымдастырушылардың басын қосушы, жаны ашитын жанашыры болады. Сатылмайтын сөмкелер көрмесінің жанашыры – Светлана. Бұл көрме де әлдилеп отырған өз сәбиіндей. Света үшін көрмеге қойылған әр сөмкенің айтары бар, әр оюдың мәні бар, әр түстің тарихы бар, әр инсталляцияның әңгімесі бар. Сөмкелері сатылмайтын Айкербез көрмесінің тылсым әлемі жайында Светлананы сөзге тарттық.

Светлана Дюсенбаева, қолөнер шебері, көрме ұйымдастырушысы:

– Сөмкелерден көрме жасау үшін көп ешкім біле бермейтін Көрме залын не үшін таңдадыңыз?

– Көрме залы аты айтып тұрғандай көрме өткізуге арналған. Біздің сөмкелер көрмесін көрме залында өткізудің де өз сыры бар. Қалалықтардың көпшілігі көрме залының қайда екенін, бұл жерде түрлі көрмелер өткізілетінін біле бермейді. Сондықтан, біз келушілер тек сөмкелерді ғана емес, сонымен қатар Көрме залын да көрсін, білсін деген ниетпен осы жерді таңдадық. Бұл бірінші көрме, алдағы уақытта тоқсан сайын бір көрме жасап тұру ойымыз бар. Ең алғашқы көрменің тақырыбы да өзімізге жақын сөмкелер тақырыбы болды.

– Неге көрме және неге сатылмайтын сөмкелер?

– Біз осыған дейін сатумен байланысты түрлі жәрмеңкелерге, басқа да шараларға қатысып жүрміз. Ол жерде біз сұранысқа сай өнім дайындап, клиентке бағытталуымыз қажет. Клиентке бағытталған соң еріксіз нарық пен трендтің жетегінде кетуге тура келеді. Ал көрме өткізу арқылы біз шығармашылыққа бет бұрғымыз келді, әр шебердің ішіндегі мүмкіндігін ашып, қабілетін көрсеткіміз келді. «Сөз түзелді. Тыңдаушы, сен де түзел» деп Абай атамыз айтқандай, біз де өз көрерменіміз бен шығармашылығымызды бағалайтын адамдардың талғамына әсер етейік деген ой болды. Шеберлердің қаншалықты ашылғанына, қаншалықты өз әлемін жеткізе алғанына келушілер өз бағасын берер деп сенемін.

Жалпы көрме өткізу –  ол көптен мазалап жүрген ой. Сол себептен шеберлердің басын қосып, «көрме өткізу үшін бізге біреудің нұсқау беріп, қолымыздан жетектегенін не мемлекеттің қаржы құйып, қолдау көрсеткенін күтіп жүру қажет емес» деген шешімге келіп, бәріміз көрме залына жиналдық. Көрме залының жетекшісі Ахметке өз ойымызды айтып, ұсыныс жасадық. Ахмет те қуана қабыл алды. Тек сөмкелерден тұратын көрме жасау –  батыл қадам болды. Ахмет те күмәнмен қарап, «100 сөмке тіге аласыз ба?» – деп сұрады. Осылайша, көрме өнімін дайындауға кірісіп те кеттік.

– Көрмені өткізудегі мақсатыңыз?

– Көрме өткізудегі түпкі идеямыз экологиямен, қоршаған ортаны, табиғатты қорғау тақырыбымен байланысты. Өйткені, біз экологиялық катастрофа кезінде өмір сүрудеміз. Қала, ауыл, қай жер болмасын полиэтилен пакеттерден көз аша алмаймыз. Оның барлығы теңіз түбінде, жер астында қатталып қалып жатыр. Полиэтилен пакеттердің қоршаған ортаға зияны орасан зор. Күнделікті дүкенге барған сайын қанша пакет әкелетінімізге аса мән бере бермейміз. Олардың барлығы айналғанда қоқысқа шығады. Ал, біздің сөмкелер осындай пакеттердің мыңдағанын алмастыра алады.

Көрмені дайындау барысында да артық дүние жасап, басқа материалдардан қосымша сөрелер құрастырып, шығындалмадық. Инсталляция ретінде құрғап, қурап қалған ағаштарды пайдаландық. Яғни, осы арқылы біз келушілерге табиғатқа зиян келтірмей, жасыл желек пен ағаштарға тиіспей, артық шығын жасамай, қураған талдарды да екінші рет пайдалануға болатынын жеткізгіміз келді. Табиғатпен үндесе отырып, үйлесімді жұмыс жасауға болады. Сонымен қатар, сөмкелерді дайындау барысында ұлттық нақыш болу керек деген талап болды. Ұлттық нақышты сурет не материал арқылы ма, орындалуы арқылы ма әлде түстерді ойнатып бере ме, ол шебердің мәселесі. Алайда, міндетті түрде ұлттық нақыш болуы қажет. «Жібекті түте алмаған жүн қылады» деген сөз бар қазақта, ал біздер, қазақ негізінен жүнді жібектен де қымбат жасай аламыз дегім келеді. Біздер, яғни шеберлер үшін әр сөмкенің түсінің, оюының тарихы бар, әр инсталляцияның әңгімесі бар. Осының барлығын келушілерге жеткізсек дейміз. Келген адамдар сөмкелердің құнына ғана қызығушылық танытпай, осы сөмкелердің астарында қандай мән бар деп үңілсе дейміз. Өз өніміміз арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттауға үлес қосқымыз келеді. Көрмені көруге келген адамдар өз түп-тамырын танысын, өз ұлтының құндылықтарына үңілсін, өз тарихы мен дәстүрін еске түсірсін, сөмкені тігу кезіндегі шебердің көңіл күйін, сол кездегі жағдайын сезінсін деген тілек болды. Сол мақсатта біз сөмкелерге сипаттама да жазбадық, ақпарат бермедік. Әр адам өзінің түпсанасымен жұмыстанып, өзінше тәпсірлеп алсын деген ой. Көрмеге біраз адам келген, суретшілер келген, бұрынғы тігіншілер келген. Барлығы да мақтап, сүйсініп кетіпті. Осының өзі де көрме жұмысын, шеберлердің еңбегін бағалауды білдіреді, бұл да көңілге медеу.

– Көрмеге қанша шебердің еңбегі қойылған? Неше автор қатысты?

– Көрме жұмысына барлығы 11 шебер қатысты. Олар: Құндыз Иманғалиева, Светлана Дюсенбаева, Есмадиярова Гүлжан, Аяшева Камшат, Елеусінова Мөлдір, Иманғалиев Айдынбек, Оразғалиева Гүлфия, Рахметова Жарқынай, Сисенова Нұргүл, Халықова Айнагүл, Нұрғалиев Меңдібек. Шеберлердің аз ғана уақытта жинақталып, әркім ерекше еңбегін дайындап қатысқаны үшін алғысым шексіз. Мысалы, Меңдібектің бір ғана сөмкесімен көрмеге қатысуы бізге көрсеткен үлкен құрмет деп білемін. Оның шоперлерінде қазақша сөздер жазылғанымен біздің форматқа келіңкіремейді. Алайда, ол образды да өзі дайындады, сол образға үйлестіріп сөмкені де қойды. Меңдібек бір ғана сөмкемен қазіргі экосөмке, шопер деп жүргеніміздің бәрі түпнегізде дорба екенін жеткізе алды. Оның орнына жүзден астам сөмкені әкеліп, бұл жерді жауып тастауына мүмкіндігі бар еді. Бірақ, Меңдібектің айтпағы тереңде жатқанын біз осыдан көре аламыз.

– Көрмеге қатысты жоспарларыңыз қандай?

Алдағы уақытқа біз бірнеше тақырып дайындап қойдық. Бір көрмеде бүкіл өнімді бір кезде қамти алмаймыз. Сондықтан, түрлі тақырып аясында көрме жасау арқылы өңiрімізде түрлі бағытта жұмыс істейтін шеберлерді көрмеге қатыстырып, олардың еңбектерін көрсетіп, насихаттағымыз келеді. Жоспарланған тақырыптарды жариялай беруге болады деп ойлаймын. Көрермендер де құлақтана берсін. Жоспарымызда интерьер, мектеп киімдері мен құралдары, киіз бен жүннен жасалған бұйымдар, бас киімдер, көрпелер, яғни қыз жасауы көрмелерін ұйымдастыру бар. Мектеп құралдары мен мектеп формасы тақырыбын көрмеге келген мектеп мұғалімдерінің арнайы сұранысына сүйеніп, дайындауға шешім қабылдадық. Көрмеге қатысу үшін маңызды талаптар – бірінші ұлттық нақыш, екінші сапа, үшінші шығармашылық. Күзде дәстүрлі түрде этнофорум өткізуді жоспарлап отырмыз. Негізі, Бұлбұл Кәпқызын шақырып, шеберлік сағаттарын өткізгіміз келеді. Ол кісіні бір күнге емес, бір не бірнеше айға шақырғымыз келеді. Өйткені, ол кісіден үйренеріміз көп, кілем тоқу, басқұр тоқу, Бұлбұл апайдың бар білімі мен тәжірибесін үйренгіміз келеді. Қолымызды байлап тұрған қаржы мәселесі, бұл жобаны іске асыру үшін демеуші қажет. Әзірге іздеу үстіндеміз.

– Сізді табысынан көрі мехнаты көп қолөнермен айналысуға, қолөнершілердің басын қосып, осындай шаралар өткізуге не ынталандырады?

– Мүмкін бұл тым асқақ, не тым үйреншікті естілетін шығар. Бірақ, мен өмірді шексіз қатты жақсы көремін, қазақ боп туғаныма өте қатты ризамын. Қазақтың даналығы, көрегендігі, құндылықтары, осының барлығы біздің елімізден шыққанына мақтанамын. Қолөнер көрмесі Оралда өтіп жатыр деп ойлайды ғой біреулер, ол бүкіл өңірлерде, бар әлемде өтеді. Алайда, мен осы қолөнер бүкіл адамзатқа ортақ құндылық болса деп тілеймін. Бұл  ұлт, дін не тілге қарамайды, адамның жасы мен шеніне де қарамайды. Осы идеяны ұстанған адамдар жалпы адамзатқа жақсылық тілейтін, жүректері махаббат пен сүйіспеншілікке толы адамдар.

Қала орталығындағы бас даңғылда орналасқан Көрме залы күн сайын сағат 10.00-ден 19.00-ге дейін жұмыс жасайды. Біз кешкі уақытта барған соң шығар келушілер аз болды. Зал тып-тыныш, ерекше бір аурасы бар, күй күмбірлеп тұр. Сөмкелерді қызықтап, жүре бергің келеді. Осы уақыт аралығында көрмеге келушілер туралы қызметкері Гүлнар апаймен сөйлесудің де сәті түсті.

Гүлнар апай, көрме қызметкері:

– Келушілердің қарасы көп, бәрінен үлкен кісілер көп деуге болады. Бүгін көрме залындағы көрмелердің біреуін қалдырмайтын, өнерді сыйлайтын, түсінетін, суретші апай келіп кетті. Өзіндік бояуы бар, өрнегі бар, стилі бар деп көрмені мақтап кетті. Жастар да келеді, ата-аналар балаларымен келеді. Келгендердің барлығы қалай үйренуге, қалай оқуға болады деген сұрақ қояды. Қолөнерді үйренуге, оқып, білуге деген қызығушылық бар. Тағы бір көп қойылатын сұрақ «қайдан сатып алуға болады?». Бұл сұрақтарға авторлар өздері жауап береді, әр өнімнің жанында шеберлердің визиткалары бар.

Айнагүл Халықова, шебер:

– Қарапайым отбасынан шыққан қарапайым қыздың бірімін. Бала кезден әжеміздің тәрбиесін көрдік. Әжеміздің, жүн сабау, жүн түту, тігін тігу сияқты ісіне жағаласып жүріп өстік. Сөйтіп жүріп тоқу мен тігуді үйрендік. Мені ата-анам мен бауырларым қазақ тілінің мұғалімі болса деп тілеген, бірақ бәрібір тігінші ісіне оқуға бардым. Оқу барысында да қолөнерге қатысты барлық үйірменің бәріне қатысып шықтым. Еңбек жолым да еңбек пәнінің мұғалімі, ательеде пішуші, тігінші болып қызмет етіп, осы ісмерлікпен байланысты болды. Бақытыма орай менің жолдасым да іс тігіп отырғанымды көрсе, мені қозғамайды, тамақ ішпей күтіп отыруға дайын. Бұл да жолдасымның тарабынан көрсетілген үлкен көмек, қолдау деп білемін. Негізі жұбайымның әжесі өте шебер адам болған.

Светлананың ең басты қолдаушысы да, демеушісі де жары. Ерлан жұбайы Светаның шығармашылықпен алаңсыз айналысуына жағдай жасап, осы іспен шұғылдануға мүмкіндік беру арқылы қазақ қолөнерінің дамуына өз үлесін қосып отырған азамат десек болады. Биыл Светлана мен Ерлан Маңғыстаудан киіз үй сатып алып, Оралға жеткізген. Аулаларында әдемі киіз үйді екеуі бірігіп әлі құруда, әлі тамсануда. Біз де сол киіз үйде болып, бірқатар шеберлермен кездестік, естелікке суреттер жасадық.

Гүлжан Есмадиярова, құрақ сөмке тігуді үйренуші, көмекші. Қолөнермен айналысқанына 4-5 жыл болған. Негізгі мамандығы инженер.

Мөлдір Елеусінова, бұрын ательеде тігінші болып қызмет еткен. Қазіргі уақытта физика пәнінің мұғалімі. Қолөнердің ерекше түрлерімен айналысады. Балалар киімдерін тігеді. Негізгі мамандығы инженер.

Тойдың болғанынан боладысы қызық деп, көрме де өте шықты. Алда жаңа тақырыптағы жаңа көрмелер күтуде. Шеберлер де, көрме қызметкерлері де өнерлерін бағалап, қолөнерге сүйсініп көрмеге келуге уақыт тапқандарға ризашылықтарын білдіруде. Көңілге қаяу салған бір ғана кемшілік болды. Бұл қаламыздағы жалғыз көрме залының көп жылдан бері жөндеу көрмей, көрмеге лайықты жабдық пен жиһазбен қамтамасыз етілмей, мүшкіл халі  мен жұпыны күйі.

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі