///

Ашық аспан астында көк ту қалықтады

2992 рет қаралды

«Көк тудың желбірегені, жаныма қуат береді», – ел тұрғындарының көңілінен шыққан танымал әннің осы бір сөзі әр азаматтың туған еліне, жеріне, отанына деген сүйіспеншілік сезімін арттыратыны сөзсіз. Биыл қайта аталып өтетін ұлттық мереке – Республика күнінің қарсаңында еліміздегі ең үлкен көк ту көк аспанда желбіреді. Ашық аспан астында туды қалықтатқан –  кәсіби парашютист 3 000 метр биіктіктен секіріп әлемдік рекордты жаңартты. 800 шаршы метр байрақтың ашық аспан астында қалықтауына ықпал еткен кәсіпкер Жомарт Қияс бастаған белсенді топ.

Қазақстан рекордтар кітабының өкілі Қуандық Құдайбергенов: «Бүгін біз Алматы аспанында мемлекеттік байрақ түріндегі шынайы суретке куә болдық. Мен осы сәтті көзіммен көріп елімнің ынтымағы мен асқақтығының рухын сезіну бақытына ие болдым», – дейді.

Ту әрқашан мемлекеттің беріктігі мен тұрғындардың бірлігін айғақтайды. Еліміздің көк туының Республика күні қарсаңында көкке көтерілуінің де өзіндік мәні бар. 32 жыл бұрын дәл осы күні Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданып, талай ғасырлық бодандықтан соң, ел болуға алғаш қадам басқан едік. Декларацияның маңызы жайлы заң ғылымдарының кандидаты Қазыбек Дауталиев «Ortalyq Qazaqstan»  газетінің №118 санындағы «Құқықтық мәні бар мереке» атты мақаласында «Егемендік дегеніміз – мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізуі. Бұған 1731 жылдан бері бірінші рет 1990 жылдың 25 қазанында «ҚазССР-нің егемендігі туралы декларацияны» қабылдау арқылы қол жеткіздік. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы» 1991 жылдың 16 желтоқсанында қабылданған конституциялық заң – «Егемендік туралы декларацияның» заңды жалғасы», – дей келе, екі құжаттың бірі егемендіктің іргесін қаласа, екіншісі қабырғасын көтерді, бұларды тұтастықта қарау маңызды, – деп жазады.

Осынау тарихи датаның маңызын насихаттау мен түсіндіру ел тұрғындарының ұлты мен ұлысына, нәсіліне қарамай мемлекетке деген сүйіспеншілігін арттырады.

Алматы облысында басталып, еліміздің басқа өңірлерінде жалғасқан көк туды көк аспанда қалықтатқан шараның ұраны «Ашық Аспан» деген сөз болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл ұранның астарында тұтастық, қазақстандықтардың бейбіт аспаны деген мән жатыр.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар