///

Шалқар Нұрсейіт, саясаттанушы: Тоқаевтың 7 жыл Президент болып отыратынына күмәнім бар

1918 рет қаралды

Ертең Президент болуға үміткерлерді тіркеудің соңғы күні. Әзірге Тіркелген кандидаттар арасында саяси амбициясымен қазіргі Президентке қарсы тұра алатын тұлғаны көріп отырған жоқ, электорат. Осы орайда  Саяси шешімдер орталығының директоры, саясаттанушы Шалқар Нұрсейітпен сұхбаттасқан едік  

– Шалқар, әлеуметтік желіде журналистердің Президент Тоқаевты қолдап, пост жариялап жүргеніне қарсылық таныттыңыз. Мүмкін, журналистер әлеуметтік желідегі парақшамда жеке адаммын, сондықтан өз позициямды мұнда ашық айта алам деген уәжге сүйенетін шығар, қалай ойлайсыз?

– Менің ойымша, өзін сыйлайтын, мамандығын сыйлайтын журналистердің  «Мен де бұл елдің азаматымын, менің де жалдамалы блогер болуға хақым бар» деп айтуы – журналистиканың негізгі принциптерін түсінбеуі және түсінсе де оған мән бермеуі, оны құрметтемеуі. Сол себепті мен мұндай әрекетті айыптаймын.

 – «Қаңтар оқиғасы» қайталануы мүмкін бе?

– Иә, мүмкін. Бұған екі фактор әсер етуі мүмкін. Оның біріншісі саяси фактор.  Қазір, біздің елімізде бірінші басшы өзгергенімен Назарбаев тұсында қалыптасқан саяси жүйенің өзгермегенін байқап отырмыз. Қоғамға жаңару керек.

Екінші фактор – экономикалық фактор. Елде экономикалық құрылым өзгерген жоқ. Тоқаев:  «елдің 55% байлығын 162 адам басқарып отыр» дегені есімізде. Шын мәнісінде бұл Тоқаев немесе оның әкімшілігі ашқан жаңалық емес. 2019-2020жж «KPMG» жүргізген зерттеудің нәтижесі. Бірақ, бұл фактіні айтқанымен ол бұл проблеманы шешудің жолын Тоқаев ұсынған жоқ және ешбір шара жүзеге асырылып жатқан да жоқ, яғни бай мен кедейдің алшақтап кеткен арасын жақындату тұрғысынан ештеңе жасалып жатқан жоқ, Олигархиямен олигополиямен күрес деген әңгіме айтылды, айтылып келе жатыр.  Бірақ, олигополиямен күресудің ешқандай белгілерін көрген жоқпыз. Бұл дегеніміз экономикалық игілікті тең бөлу, әділ жолмен бөлу Қазақстанда орнамағанын көрсетеді. Сол себепті, яғни саяси- экономикалық  мәселе шешілмегеннен кейін «Қаңтардың» қайталану ықтималы өте жоғары, яғни «Қаңтар оқиғасы» секілді қанды оқиғаның қайталануы әбден мүмкін.
Тағы бір фактор – алдағы электоралды кезең. Халық қашан саясатқа көбірек қызыға бастайды? Сайлау науқаны кезінде. Сайлау науқаны кезінде халықтың мобилизациясы артатынын жоққа шығаруға болмайды. Қазір сайлау күнін күтеміз. Сайлаудың нәтижесіне байланысты адамдардың әрекеті қандай болады, соны байқайық. Дегенмен, 2019 жылғы Белоруссиядағы жағдайды Қазақстаннан күтуге болмас, десе де, міндетті түрде өз келіспеушіліктерін танытқысы келетін адамдар болады деп ойлаймын. Екінші жағынан бір адам өзгергеннен кейін, пирамиданың басы өзгергеннен кейін, яғни, Назарбаевтан кейін Тоқаев билікке келгенімен, саяси жүйе өзгермегеніне көпшіліктің көзі жетеді деп ойлаймын. Қазір «Тоқаев, Назарбаев емес, ол – көзі ашық» деген секілді үміт артатын адамдар бар шығар. Бірақ, сайлаудан кейін және Парламент сайлауынан кейін Тоқаевтың Назарбаевтан еш айырмашылығы жоқ екенін көреді деп ойлаймын. Осы фактілердің барлығы жиналып келіп, ірі халықтық толқуға себепші болуы мүмкін.

Тоқаев Путинге адал екенін білдірді

– Біздегі пропаганданың бір құралы – сыртқы күштермен қорқыту. Біздің жағдайымызда бұл – Путин факторы. Бізге шынында да оның тарапынан төнетін қауіп бар ма?

– Қауіп бар. Оны ешқашан жоққа шығаруға болмайды. Украинаға шабуыл – ең бірінші ақпараттық алаңда басталған. Украинаның тәуелсіздігіне күмән келтірумен басталған. Қырымды да Ресей аяқ астынан басып алған жоқ. Көп жылдан бері пропаганда жүргізіп келді. Сондықтан, бұл қауіпті жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, қауіп бар екен деп азаматтардың өз құқықтарын қорғауына, тәуелсіз болуға, тәуелсіз елде тәуелсіз азаматтарды өсіруіне талпынысын жаныштауға, басуға болмайды. Яғни, этатизм мен азаматтардың саяси жүйені либерализацияны сұрауын тоқтатуға болмайды.  Сонымен қатар, сыртқы күшпен қорқыту – саяси реформаларды жүргізбеуді ақтау. Біз соны ашық айтуымыз керек.
Ал, күні кеше ғана Петербургте өткен ТМД басшыларының  бейресми кездесуінде Тоқаев Путиннің туған күніне орай ТМД жанынан орыс тілін дамытатын, қолдайтын халықаралық ұйым құруды ұсынды. Бұл – Тоқаевтың жеке өзінің, командасының, әкімшілігінің Путинге деген адалдығының көрсеткіші, сигналы деп айтуға болады. Қазір көптеген пропагандистер бұл – «әккі дипломат басшымыздың қауіптің алдын-алуы» деп бағалап жатыр. Бірақ, ашығын айту керек. Украинадағы жағдай Кремль ойлағандай аяқталмайтын болса, Путин билікте қалатын болса, Путиннің рейтингі түсіп кетіп, оның рейтингін көтеретін әрекеттер керек болатын болса ол – Тоқаев орыс тілін дамытатын ұйым құрды екен деп – Қазақстанның солтүстік облыстарына деген қызығушылығынан бас тартпайды. Бұл панацея емес. Бұл бастама – солтүстік көршінің агрессиясынан елді қорғап қала алатын құрал емес. Оны мойындау керек!
Бұл Тоқаевтың: «Мен саған адалмын, Путин мырза» деген ишарасы. Солай деп бағалау керек. Өйткені қаңтарда Тоқаевтың Назарбаевтан билікті өз қолына алуына ықпал еткен Путин. Оның ҰҚШҰ әскерін жіберуін  – «мен ставканы Тоқаевқа қойдым» деген ишарасы деп бағалауға болады.  Сондықтан, Тоқаев бұл әрекетімен – қаңтардағы көмегі үшін және Путин изоляцияда отырған шақта «мен саған адалмын» дегенін  ұқтыруы деп бағалауға болады.

– Қазір, кейбір  телеграм арналар Тоқаев пен Путиннің арасындағы қарым-қатынасқа ерекше мән беріп, түрлі жорамалдар айтып жатады. Мысалы, «ДХР мен ЛХР ге қатысты позициясынан кейін Путиннің Тоқаевтан көңілі қалды, енді Путиннің қолдауымен Тасмағамбетов саяси аренаға шығуы мүмкін» деген сыбыстар бар. Оған не дейсіз?

– Әрине, бұл да пропаганданың бір түрі, мақсаты – Тоқаевты тартымды етіп көрсету.  Мысалы, Ақордаға қатысты сыбыстар таратып отыратын «Nur solovey» телеграм арнасы Президент әкімшілігінің телеграм каналы секілді. Өйткені ол жерде Тоқаевты мақтау, Тоқаевқа қарсылас болуы мүмкін деген азаматтарды даттау. Кезінде Назарбаевтың айналасында болған саяси қайраткерлерді де даттау, солардың арасынан шыққан, қазіргі таңда Қазақстанға ең керек адам Тоқаев деп көрсету. Тоқаевтан басқа қазір лайықты кандидат жоқ деген ойды күшейту үшін жасалып отыр.

– Бірақ, қазақ арасында лайықты азаматтар мүлде жоқ деп айтуға келмейді ғой. Мысалы, ұзақ жылдар бойы сыртта жүрген Ғалымжан Жақиянов елге келді. Мұхтар Жәкішев бостандыққа шықты. Бірақ, қазір екеуі де саяси алаңға шығуға асығып отырған жоқ секілді. Себебі неде деп ойлайсыз?

– Менің білуімше, Мұхтар Жәкішевтің саясатпен айналысуына әлі шектеу бар. 2023 жылға дейін ол қоғамдық жұмыспен, саясатпен айналыса алмайды. Ондай шектеу болмаған күннің өзінде де Жәкішевтен саясаткер ретінде амбицияны байқай алмадым. Назарбаев режимінің құрбаны ретінде саяси активін пайдалану мүмкіндігі бар. Бірақ, Жәкішевтің бойынан Тоқаевпен немесе одан кейін билікке келетін адаммен таласатын саяси амбицияны әзірге байқай алмадым. Мүмкін болашақта таныта жататын шығар.
Ғалымжан Жақиянов Қазақстанға келді. «Азаттық» радиосына сұхбат берді. Ол кісілер саясатқа оралу-оралмауына қатысты сұрақтарға өздері жауап бере жатар. Дегенмен, қазіргі электораттың 2000 жж басындағы электораттан өзгеше екенін ескеру керек. Жастардың көбі кезінде «Жас түріктер» атанған қайраткерлерді біле бермейді. Саяси алаң өзгерді.  Сонымен қатар, ол азаматтардың саясатқа оралуы үшін көптеген кедергілер бар. Қарапайым мысал: ол кісілердің кандидат ретінде тіркелуінің өзі проблема. Өйткені бізде заң бойынша қаншама шектеу бар. Жақиянов соңғы 15 жылда Қазақстанда тұрған жоқ. Осындай бір себептермен ол кісіні кандидат ретінде тіркемейтіні белгілі. Жәкішевті тіркемейді, тіпті ол кісінің қазақша білмейтінін алға тартуы мүмкін.
Бұлардың барлығын қолдан жасалған әкімшілік кедергілер деуге болады. Екіншіден  саяси кедергілер де бар. Ол азаматтар әкімшілік кедергілерден аттап өтіп, кандидат ретінде тіркелген күннің өзінде олардың өздеріне, туыстарына, қаржы полициясынан, ҰҚК тарапынан қысым бола бастайды. Ол кісілер кезінде бизнеспен айналысты, мемлекеттік қызметте болды. Солардың барлығын қазбалап, ілік іздеудің амалдарын қарастыра бастайды. Сондықтан ол кісілерге қандай жолмен болса да саясатқа араласуына кедергілер көп. Олар мұны жақсы біледі. Соны ескеріп,  нәтежиесінің қандай болатынын біле тұрып, менің ойымша олар араласпайтын секілді.

– Назарбаев кезінде түрлі географиялық, бизнес  тұрғысында биліктің қасында топтасқан кландар бар еді. Олар өз арасында бәсекелесіп те жататын. Қазір кландар арасындағы сол бір бәсеке жойылғандай. Алайда, олардың барлығы аяқ астынан ізім-қайым жоғалып кетуі мүмкін емес қой?! Оның үстіне бұрынғы мемлекеттік хатшы, қазіргі мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің Президентке ықпалы жайлы жиі айтылады. Бұған не дейсіз?

– Қазір, географиялық бөліністен гөрі, бизнестегі олигархтарды көбірек байқаймыз. Алайда, Назарбаевтың олигархтары Тоқаевпен өзара келіскен секілді. Барлығы Тоқаев әкімшілігімен тығыз жұмыс істеп жатқан секілді әсер қалдырады. Жаңадан пайда болатын бір-екі партияны да сол олигархтардың қаражаты есебінен қаржыландыратын секілді. Сондықтан, сарай төңкерісін ұйымдастыратындай  кландардың басы қосылатынына күмәнім бар. Оларға қазіргі статус-квоны, қазіргі активтерін сақтап қалуы керек. Ол үшін елдегі бірінші басшымен жақсы қарым-қатынаста болу керек. Олар бұл ойын ережесін өте жақсы біледі, 30 жылдың ішінде әбден меңгеріп алды. сол себептен олар қазір Тоқаевтың «еркелігін» көтереді және тиісінше өз активтерін сақтап қалады.

Қазір, Тоқаевтың саяси мәселелер бойынша оң қолы – Ерлан Қарин екенін білеміз. Тоқаев жыл басынан бері пакет-пакетімен саяси формаларды ұсынып жатыр. Бірақ, олардың арасында шынайы өзгеріс жасайтын нақты қадам болған жоқ. Реформа деп айтудың өзі ұят. Сондықтан, идеялық тұрғыда Тоқаевтың бір адамға байланып қалуы – бірінші кезекте Тоқаев үшін қауіп. Өйткені ақпарат көздерінің шектелуі, Тоқаевқа келетін ақпараттарды фильтр жасайтын Қарин болса, бір адам барлық картинаны толық көре алмауы мүмкін. Жағдайды белгілі бір себептермен объективті бағалай алмауы мүмкін. Сол себепті Тоқаев барынша өзіне қауіп төндіретін дүниелерден аулақ болуы керек. Ол бір топқа, бір адамға байланып қалмауы керек. Ол осындай қателік жасау арқылы елдегі саяси жағдайды шынайы бағалай алмауы мүмкін. Оған «халықтың 80%-і сізді қолдайды, бүкіл аймақта сізге қолдау бар немесе біздің жасаған саяси технологиямыз нәтиже беріп жатыр, жемісті болып жатыр», деген ақпараттарды ала беретін болса онда ол қолдан жасалған изоляцияда қалады, яғни ол өзіне бір әлем жасап алып, сол әлемінен шыға алмай қалады. Тіпті соның кесірінен бір күні биліктен қалай айырылып қалғанын байқамай да қалуы мүмкін.

Дежавю сезімін тудыратын сайлауды көретін боламыз

– Президент болу үшін үміткер ретінде тіркелу мерзімі ертең аяқталады. Осы уақытқа дейін ұсынылған кандидаттарға қарап-ақ, сайлау өткізу үшін қолданылып отырған саяси технологияның сәтсіз екенін байқауға болады. Тоқаев бұдан хабарсыз болуы мүмкін бе, қалай ойлайсыз? 

– Мұндай сайлау дәл осы тәсілмен 2015 жылы өткізілген болатын. Ол кезде Назарбаев 97,7% дауыс жинаған болатын. Үміткер ретінде Тұрғын Сыздықов пен Әбілғазы Құсайынов  қатысқан болатын. Екеуі де көпшілік үшін беймәлім кандидаттар. Дәл қазіргі секілді «Қазақстан – 2050» деген коалиция құрылған еді. Қарап тұрсаңыз, Назарбаевтың тәсілдерін көшіру жүріп жатыр. Бұл екі нәрсені көрсетеді. Біріншіден, Тоқаев пен оның командасының кандидат және саясаткер ретінде  сенімсіздігі. Барынша көлеңкеде қалатын кандидаттарды тіркеу. Екіншіден, идеялық тоқыраудың көрінісі. Тоқаевтың қасына топтасқан саяси технологтар әбден сарқылған және олардың академиялық дайындықтары да өте төмен. Олар жауапкершілік алудан қорқады және эксперимент жасаудан да қорқады. Өйткені 2015 жылы тексерілген тәсіл. Назарбаевтың кезінде 90%-тен жоғары болса, Тоқаев 70% тен жоғары, 80% айналасында дауысты өзіне жазып алатын шығар.  Кез-келген автократ пен оның айналасы эксперименттен қорқады.

Осындай факторлардың есебінен біз дежавю сезімін тудыратын сайлауды көреміз. Тоқаев 7 жылға мандатымды жаңартып аламын деп ойлайтын шығар, бірақ менің ойымша бұл 7 жыл оңай болмайды. Тіпті Тоқаевтың 7 жыл Президент болып отыратынына күмәнім бар. Елдегі қоғамдық, саяси, экономикалық проблемалар Тоқаевтың саяси билігіне үлкен қауіп төндіруі мүмкін.

– Саяси технологтардың сәтсіз әрекеті – халық үшін тиімді болуы мүмкін ғой, қалай ойлайсыз?

– Олардың идеялық тоқырауға ұшырағаны азаматтық қоғам үшін жақсы көрсеткіш деуге болады. Алданатын адамдардың саны да азырақ болады. Оның үстіне 2019 жылы Қосановтың факторы да үлкен рөл ойнады. Қазір азаматтар әзілдеп «сәндидаттар» деп атап жүр ғой, сән үшін тікелген үміткерлерді  «Қосанов» дейтін шаблонмен анықтайтын болады. «Қосанов-2»,  «Қосанов -3»  деп әрбір үміткерге шаблон тағып жатыр. Бұл дегеніміз, азаматтар кезінде сәтті өткен саяси технологиялардан сабақ алған. Қазір қоғам ақпараттық технологиялардың арқасында альтернатив көзқарастарға қанық болғаннан кейін сыни көзқараспен қарай алады және елімізде соңғы болған саяси жағдайлар біздің азаматтық қоғамды есейтті деуге болады.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар