///

Алматы қаласын Наурыз мерекесіне безендіру бюджетке қанша салмақ салды?

1647 рет қаралды

Әдеттегідей астатөк Наурыз тойын өткіздік. Ал оны өткізу үшін бюджеттен қыруар қаржы бөлгенімізді білесіз бе? “Мінбер” тілшісі Алматы қаласындағы Наурыз тойы бюджетке қанша салмақ салғанын зерттеп көрді. 

Наурыз мерекесі қарсаңында мемлекеттік сатып алулар порталына кіріп, сатып алулар жоспарының іздеу жолына «наурыз мейрамы» деген сөзді жазып көрдік. Осы кезде табылған 37 жазбаның ішінде өзіне назар аударған 3 жазба болды. Бұлардың барлығы да Наурыз мерекесіне орай Алматы қаласын безендіру бойынша қызметтер көрсету. Әрбір келісімшарт 65 миллионнан жоғары сомаға жасалған. Осылайша біз Алматы қаласын Наурыз мейрамы қарсаңында безендіруге қанша қаржы шығындалғанын зерттедік.

Барлық қызметке тапсырыс беруші  бір мемлекеттік ұйым – Алматы қаласы мәдениет басқармасы.

Эстетикалық ресімдеу бойынша қызметтер (декоративті-жарық объектілер/жайлар/аймақтар және ұқсас ресімдеу), нақты «Наурыз мейрамы» мерекесіне орай Алматы қаласын сәндік безендіру бойынша қызметтерге мемлекеттік сатып алуларды өткізу туралы хабарландыру жарияланған күн 2023 жылғы 09 ақпан.

Негізгі келісімшарт бір жылдық және бір қызметті көрсетуге 2023 жылғы 16 наурызда жасалған, жалпы жоспарлы сомасы 67 823 000.00 теңге. Сатып алу ашық конкурс тәсілімен жүзеге асырылған. Келісімшарттың әрекет ету мерзімі 2023 жылғы 31 желтоқсан. Ал жоспарланған орындау мерзімі 2023 жылғы 30 сәуір. Тапсырысты жеткізуші «Принт Экспресс-Издательство и полиграфия» ЖШС. Қызметтерді көрсеткені үшін төлем жүргізу туралы ақпаратта электрондық актілер жоқ. Алдын ала төлем мен орындалған төлем сомасы 0.00 деп көрсетілген.

«Принт Экспресс-Издательство и полиграфия» ЖШС 12.01.2005 жылы тіркелген, басшысы Гаджиев Магеррам Аршад. Серіктестік «материалдарды баспаға дайындау және тарату бойынша» қызметтермен айналысады. Порталдағы мәлімете сүйенсек ҚҚС төлеуші емес, мемлекеттік сатып  алуға қатысушы. Осыдан басқа дәл осы адамның атына «MAG MASTER» ЖШС (17.02.2006 жылы) тіркелген.  Екі серіктестік те Алматыда, бірақ екі түрлі мекенжайда тіркелген.

Бұл қызметтің техникалық сипаттамасына келетін болсақ

 Жеткізуші Тапсырыс берушінің өтініміне және жалпы қалалық тұжырымдамаға сәйкес «Наурыз мейрамы» мерекесіне орай Алматы қаласын сәндік безендіру бойынша қызметтер  көрсетуі қажет. Атап айтқанда, жарық элементтерімен және адамдар көп жиналатын орындардың конструкцияларымен, магистральдық көшелер бойымен және басқа да орындарды мерекелік  безендіру.

Көшелер мен орындарды жеңіл сәндік элементтермен безендіру Жүріс бөлігінің үстіндегі жарық аркаларын орнату (қалалық жарықтандыру тіректеріне орнатылған (кемінде 29 дана). Өлшемі кемінде 10 000 мм х 1 200 мм. Қалалық жарықтандыру тіректеріне орнатылған жарық кронштейндері болуы қажет (кемінде 58 дана). Өлшемі кемінде 1 600 мм х 1 000 мм. Жеңіл арка элементі (кемінде 43 дана). Көлемі кемінде 1200 мм х 1200 мм (1 дана), жарықтандыру бағаналары арасындағы кабельге орнатылады. Материалы әртүрлі түстердегі жарықдиодты гирляндалар, икемді неон Flex Neon, жапырақты композициялық материал alucobond немесе PVC парағы, әртүрлі түстердегі өздігінен жабысатын винил пленкасынан болуы тиіс. Полимерлі-ұнтақты эмальмен боялған 8 мм штангадан жасалған металл жақтаулар.

Сонымен қатар, жеткізуші орнату сәтінен бастап бөлшектеу күніне дейін істен шыққан жарықтандырудың жарық элементтерін жою бойынша тәулік бойы тұрақты жұмысты қамтамасыз ету және өтінімге сәйкес конструкцияларды монтаждау және бөлшектеуге міндетті.

Техникалық сипаттамада сандық көрсеткіштер болғанымен бұл безендірудің Алматы қаласының қандай да бір белгіленген аумағы не болмаса нақты көше, алаң не басқа орындары көрсетілмеген. Тек жалпылама түрде сандық көрсеткіштер ғана жазылған. Оларда жүріс бөлігінің үстіндегі 29 дана жарық аркаларын, 58 дана қалалық жарықтандыру тіректеріне орнатылған жарық кронштейндерді және 43 дана жеңіл арка элементтерін орнату. Осы көрсетілген безендіру Алматы қаласының барлық аудандарындағы адам көп жиналатын орындар мен магистральдық көшелерді және басқа да орындарды қамти ала ма?

Бұл безендіру бойынша жалғыз қызмет емес, осыдан бөлек тағы екі қызмет бар. Бұл қызметтерге де тапсырыс беруші – Алматы қаласы мәдениет басқармасы. Осы екі қызметті жеткізуші – «Безендіру kz» ЖШС.

Эстетикалық ресімдеу бойынша қызметтер (декоративті-жарық объектілер/жайлар/аймақтар және ұқсас ресімдеу), нақтырақ «Наурыз мейрамы» мерекесіне орай Алматы қаласын тақырыптық безендіру бойынша қызметтерді көрсету үшін жасалған негізгі келісімшарт – бір жылдық. Бір ғана қызмет көрсетуге мемлекеттік сатып алуларды өткізу туралы хабарландыру 2023 жылғы 09 ақпанда жарияланған. Мемлекеттік сатып алулар туралы келісімшарт 2023 жылғы 16 наурыз күні ашық конкурс тәсілі арқылы жасалған. Келісімшарттың жалпы жоспарлы сомасы 65 825 000.00 теңге. Әрекет ету мерзімі 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін болса, жоспарланған орындау мерзімі 2023 жылғы 30 сәуірге дейін.

Тапсырысты жеткізуші «Безендіру kz» ЖШС  2018 жылғы 27 желтоқсанда тіркелген. Басшысы – Остапчук Антон Владимирович. Серіктестік жарнама агенттігінің қызметімен айналысады. ҚҚС төлеушісі және МСА қатысушысы. Көрсетілген қызмет үшін төлем туралы ақпаратқа келетін болсақ, порталда электронды акт: 230018/00/1 және алдын ала төлемді алып тастағандағы төлеу қажет сома 25 743 200 теңге деп көретілген. Яғни, жеткізуші көрсететін қызметі үшін алдын ала төлемді алған. Бірақ, алдын ала төлем мен орындалған төлем сомасы 0.00 деп көрсетілген.

Техникалық сипаттамасына келетін болсақ, «Наурыз мейрамы» мерекесіне орай Алматы қаласын тақырыптық безендіру бойынша қызметтердің ішіне: жаяу жүргіншілер аймағын безендіру; қала шегінде металл каркастан арка, 6*12м., 2300К жарықдиодты модульдерді қолдана отырып жарық сәулесі; стационарлы инсталляция, қала шегіндегі металл каркастан орталық шатер, биіктігі 5,5м,  диаметрі 4м; 2300К жарықдиодты модульдерді қолдана отырып жарық сәулесі; орталық шатерға металл каркастан тай казан, диаметрі 1,5м; кіші сәулеттік үлгі; қала шегіндегі металл каркастан фотоаймақ, 3*3*1м, 2300К жарықдиодты модульдерді қолдана отырып жарық сәулелендіру кіреді екен. Бірақ, қала шегінде деп жалпы көрсетілгенімен нақты қандай орында, қай жерде орнатылуы қажет екені жазылмаған, олардың сандық көрсеткіштері де көрсетілмеген. Бұл дүниелердің Алматы қаласының қай жерінде және қанша жерде орнатылатыны белісіз.

Ашық дереккөздердегі жеткізуші туралы мәліметтерге сүйенсек,  А.В. Остапчук «Безендіру kz» ЖШС-дан басқа Алматы қаласында дәл сол мекенжайда 2014 жылы тіркелген «6X3» ЖШС және ШҚО, Өскеменде 2018 жылы тіркелген «CITY DECOR» ЖШС басшысы болып табылады. Олардың біріншісі басқа топтарға енгізілмеген құрылыс-монтаждау жұмыстарымен айналысса, екіншісі жарнама қызметімен айналысады. Біріншісі әлі күнге қызмет етеді, салық төлеп отыр, ал екіншісі 2021 ші жылдан бері салық төлемеген. Ал «Безендіру kz» ЖШС 2023 жылғы 22 наурызға 37 499 375 теңге салық төлеп үлгерген.

Келесі «Эстетикалық ресімдеу бойынша қызметтер (декоративті-жарық объектілер/жайлар/аймақтар және ұқсас ресімдеу), дәлірек айтсақ, «Наурыз мейрамы» мерекесіне орай Алматы қаласын композициялық безендіру бойынша қызметтер» көрсету үшін жасалған келісімшарт. Бұл да негізгі келісімшарт, бір жылдық және бір қызметке 67 630 000.00 теңге сомаға жасалған. Мемлекеттік сатып алуларды өткізу туралы хабарландыруды жариялау, келісімшарт жасасқан күн, келісімшарттың әрекет ету мерзімі және жоспарланған орындау мерзімі дәл сол алдыңғы қызметпен бірдей.

Сатып алу ашық конкурс тәсілімен жүзеге асқан. Тапсырыс беруші мен жеткізуші де адыңғы қызметтегідей. Қызметтерді көрсеткені үшін төлем жүргізу туралы ақпаратта электрондық актілер жоқ. Алдын ала төлем мен орындалған төлем сомасы 0.00 деп көрсетілген.

Теникалық сипаттама не дейді?

«Наурыз мейрамы» мерекесіне орай Алматы қаласын композициялық безендіру бойынша қызметтерге: жаяу жүргіншілер аймағын стационарлы инсталляциялармен безендіру, жаяу жүргіншілер көпірлеріне арналған жарық панельдері, кіші сәулеттік үлгі, «Ағаш» кіші сәулеттік үлгісі, «Ағаштар» кіші сәулеттік үлгісі, жасанды кілем жабыны, жасанды гүлдерді орнату кіреді. Бұл жерде тағы да осы дүниелердің орнатылатын, қойылатын нақты орны мен мекенжайы, оған қоса сандық көрсеткіштері де көрсетілмеген. Егер олардың саны анық болса әрбіреуіне шығындалатын қаржы көлемі де нақтыланбаған.

Мемлекеттік сатып алулар порталын зерттеу барысында түсінгеніміз Алматы қаласын Наурыз мейрамына безендіру үшін бір ғана Алматы қаласының мәдениет басқармасы бюджет қаржысын әжептәуір шығындайды. Яғни, безендіру үшін көрсетілетін қызметтің аталған үшеуін есептейтін болсақ, барлығы 201 278 000 теңге жұмсайтыны анықталды.

Бұл тек безендіру үшін көп қаржы сияқты, ал Алматы қаласының аумағына ол көп шығын ба әлде аз ба? Мұны түсіну әрине қиындау, өйткені техникалық сипаттамада жоғарыда айтып өткендей бұл безендірудің нақты қай жерлерде орналастырылатыны мекенжай бойынша көрсетілмеген. Ол жарық аркалары, жарық кронштейндері, жеңіл аркалар, стационарлы инсталляция, орталық шатер, тай қазан, жарық панельдері, кіші сәулеттік үлгілер, жасанды кілем, жасанды гүлдердің қанша дана және қай жерлерде орналастырылатыны  белгісіз. Сондықтан, бұл қаржының орынды не орынсыз, тиімді не тиімсіз жұмсалғаны туралы да айту қиын. Бұл 201 278 000 теңге тек безендіруге ғана жұмсалған, бұдан бөлек Наурыз мейрамы кезіндегі дастарханды әзірлеу, өнерпаздарды шақыру, техникалық қамтамасыз ету, осы тектес және осыдан өзге қызметтерге де шығын жұмсалады. Сол кезде бұл сома қандай деңгейге жетуі мүмкін?

Біз той тойлағанды жақсы көретін халықпыз. Халықта бар жиғаның тойға шашылсын деген де сөз бар. Қоғамдағы кейбір өзекті мәселелер де осы дүбірлі тойлардың артында қалып кетіп жатады. Шынына келгенде, өткен жылдың өзінде азық-түліктің өзіне баға бірнеше дүркін өсіп, қазір аспандағы айды сұрап тұр. Түрлі ауыр диагноздар мен шетелдің мамандарына жүгініп, шетелде ота жасау, ем алуға мәжбүр қанша бала бар? Алайда біз осылардың барлығына қарамастан әлі де қырық күн ойын ойнап, қырық күн тойын тойлауға бюджеттен қаржы бөліп отырмыз.

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар