//

“Қаңтар” оқиғасы бойынша күдікке ілінген генерал Серік Күдебаев шетелге қашып кеткен, оған халықаралық іздеу жарияланды

632 рет қаралды
фото: Адырна

Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы бастығы, генерал Серік Күдебаев бүгін, 3 сәуірде сот отырысына келмеген. Бұл жөнінде Zakon.kz хабарлады.

Басылымның жазуынша, Талдықорған қалалық сотының судьясы Серік Күдебаев 23 наурызда көршілес Қырғызстанға өтіп, Манас әуежайы арқылы Түркияға ұшып кеткені туралы шекара қызметінің мәліметін хабарлаған.

Серік Күдебаев Қазақстаннан кетіп қалғаны туралы ақпарат бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде тарай бастаған.

Судьяның сөзінше, 9 наурызда Күдебаев “қан қысымы жоғары” деген диагнозбен ауруханаға жатқызылған. Оның денсаулығына байланысты сот отырысы бірнеше рет кейінге қалған. Сот бұл жолы Күдебаевты мәжбүрлеп әкелу туралы шешім шығарған.

Алайда бүгінгі сот отырысында Серік Күдебаевтың Қазақстанда жоқ екені мәлім болды. Осыған байланысты прокурор Күдебаевқа қатысты істі тоқтата тұруды, іздеу жариялауды сұраған.

Прокурор бұған дейін, 28 ақпанда Серік Күдебавты тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

2022 жылғы мамырда Серік Күдебаев “Қаңтар оқиғасы” бойынша күдіктілердің біріне айналған. Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің үш департаменті мен полицияның екі департаментінің басшысы үстінен іс қозғалып, оларға Қаңтар оқиғасы кезіндегі “әрекетсіздігі үшін” айып тағылған.

Қаңтар оқиғасынан кейін ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов пен қорғаныс министрі Мұрат Бектанов та қамауға алынған. Кәрім Мәсімов ісі әлі жалғасып жатыр, Мұрат Бектанов 12 жылға бас бостандығынан айырылған.

Серік Күдебаев Алматы облыстық полиция департаменті бастығы қызметіне 2020 жылғы қаңтарда тағайындалған. 2022 жылы 5 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “азаматтардың өміріне тікелей қауіп төнуіне байланысты” Алматы облысында төтенше жағдай жариялап, комендант сағатын енгізген. Алматы облысының коменданты болып Серік Күдебаев тағайындалған. Күдебаев облыстық полиция департаментінің бастығы қызметінен 2022 жылы 18 ақпанда босатылған.

Дереккөз: Азаттық

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі