////

Туризмнің талай тендерін «тақымына» басқан бір әулет

3112 рет қаралды
Көрнекі сурет. Фото: Азаттық рухы

Туризм! Бұл – талай алпауыт мемлекеттердің кіріс  көзіне айналған, маңызды сала. Алайда әзірге ел қазынасына туризмнен түсетін қаражаттан гөрі,  керісінше туризмді дамытуға қаражат көбірек кететін секілді. Біз туризмге қатысты біраз ашық деректермен жұмыс істеп, зерттеу жүргізіп көрдік. Халыққа қызықты болар көп ақпарат таптық. Таппағанымыз қаншама?! Ендеше тапқан деректерімізге сүйеніп жасаған зерттеуімізбен бөліссек. 

Алматы қаласы Туризм басқармасы КММ тендерлерін ашып көрсеңіз, біраз  компаниялардың аты шығады. Біздің назарымызға түскен «QMice» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болды. Бұл компанияға басқарма бірнеше рет қомақты қаражатқа қала туризмін дамытуды тапсырған. Компанияның иесі  Абдрахманова Фарида Турусхановна. «QMice»-тың басқа да өңірлер мен  мекемелерден алған тендерлері де жеткілікті.

Аты  креативті компанияның тіркелген заңды мекенжайынан әріптестеріміз  бұдан басқа да компанияларды тапқан. Сол ақпаратқа сүйенсек,  Фарида Абдрахманова  ханымда бұдан бөлек “QAZEVENT” ЖШС тағы бар екен. Бір қызығы, бұл компания да 23 187 959.20 теңгеге Алматы қаласының туризм басқармасынан тендер алған. Яғни, алған! Ұтпаған. Тікелей шарт тұжырымымен бір дереккөздерден иеленген.

Біз ары қарай қаздық. Дәл сол мекенжейда тіркелген “ФИРМА АР ЛТД” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне шықтық. Бұл компанияның құрылтайшылары Қозбағарова Әсем Бекетқызы мен Қозбағаров Данияр Бекетұлы.

Қозбағаров Даниярдың “CORRECT SOLUTION” ЖШС-на қатысы бар. Бұл серіктестіктің құрылтайшысы жоғарыда аты аталған Абдрахманова Фарида. Ал Данияр Қозбағаровтың «D Trade» жеке кәсіпкерлігі мен «Алматы облысы гольф федерациясы» және «Алма-Ата гольф федерациясы» қоғамдық бірлестіктеріне де қатысы бар болып шықты.

Ал Қозбағарова Әсемде яғни Даниярдың әпкесінде «SkyWay LTD» ЖШС мен «SKY WAY  LTD» Астанадағы филиалы бар екен. «SkyWay LTD» компаниясы да Алматы қаласының туризм басқармасының сенімді «серіктесі» болып шықты. Сенімді деген себебіміз бұл компанияның «тендерлік» тізімі ұзын әрі жылдық  қаражаты да көлемдірек. Басқа өңірлер мен ұйымдардан алған тендерлері де жетерлік.

 Әсем Бекетқызы биыл да қомақты сомаға тендер ұтып алған. Бұл жолы компаниясы «Алматы облысының туризм және креативті индустрия басқармасы, Алматы облысының туристік ақпараттық орталығы» КМҚК тапсырысын ашық сайыста ұтқан. Нәтижесінде «SkyWay LTD» биыл Алматы облысының туристік әлеуетін арттыру, Алматы облысы аумағында кіру туризмін дамыту мақсатында көрме ұйымдастыру мүмкіндігіне ие болған. Біріншісі “Seoul International Travel Fair 2023” көрмесі, мамыр айында Сеулде өткізіледі. Екіншісі – Пекинде күзде өтетін  “COTTM 2023” халықаралық көрмесі. Түсінгенімізше, Алматы облысының Туризм басқармасы бір көрмеге алғашында 89 600 000 теңге көлемінде қаражат ұсынған. Кейін шарттары өзгертіліп, 98 215 109.44 теңгеге өскен. Тендер шартының мәртебесі «әрекетте». Компанияның басқа жерден иеленген «әрекеттегі» тендерлері көп.

Бір қызығы, Алматы қаласында өткен екі күндік бір шараға Туризм басқармасы өткен жылдың күзінде 101 159 998.24 теңге төлеген.  Бұл ақшаның жұмсалу себебі  техникалық ерекшеліктерде «қала брендін жағымды қабылдауды нығайту» деп сипатталған. Онда компания «Гастрономиялық туристік фестиваль» өткізген. Иә, шетелде өтетін екі фестивальдің құны, Алматыда өтетін бір фестиваль құнымен бірдей, тіпті артықтау шыққаны таңғалдырады.

«SkyWay LTD» тек қаланың ғана емес, сонымен бірге басқа өңірлер мен басқа салалардан тендерлер ұтқан.  Мәселен, өткен жылдың күзінде  “ҰКҚМО” КЕ АҚ (Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы) «Жамбыл. Жаңа дәуір» атты киножобасын түсіру үшін бұл компанияға бір дереккөзден 350 000 000 теңге қаражат берілген. Естеріңізде болса, 12 мамыр күні киногерлер ҰКҚМО-ның жұмысына көңілі  толмайтынын, тіпті  бұл орталыққа қатысты тергеу амалдарын бастау қажеттігін айтып, митингке шықты. Кино саласының мамандары бұл орталықтың іріктеуден тек Мәдениет министрлігіне қарасты компания жобаларының өтуіне жағдай жасайтынын айтып шағымданған.  Осында «Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмінің Мәдениет және спорт министрлігі арқылы өткенін айта кеткен жөн.

Мәдениет демекші «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті» бұл компаниямен жұмыс істеп көрген боп шықты. Министрлік 2019 жылдың наурызында  62 және 21 млн теңгеге екі  тендерді сеніп тапсырған.

Бұдан бөлек Қозбағарованың “ORIENTAL PAYMENT SYSTEM” (4 290 593.00 теңге)жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Global Service (650 000 теңге) компанияларына да қатысы бар болып шықты. Бұл компаниялар да туризм саласынан  бір реттен тендер иеленген.

Аттары басқа демесеңіз, заты бір компаниялар осылайша талай тендерді  «тақымына» басқан. Біздің тапқан ақпаратымыз, осы. Ал көрмей қалған, ашық дереккөздерде көріне бермейтін қаражат бұдан да көп болуы мүмкін.

Айтпақшы, Алматы қаласы мен басқа да өңірлер (оның ішінде Астана мен Шымкент, Түркістан, Атырау облыстарының туризм, білім, ішкі саясат, индустрия басқармалары) бар қаражаты мен күшін сарп етіп жатқан туризміміздің дамуын қалай бағалайсыз? Қайткенмен де, бір әулеттің ғана мойнына жүктелген «қаражаттың» да, жауапкершіліктің де салмағы аз емес қой…

Сабина Зәкіржанқызы,

Алматы қаласы

   P.S. Бұл мақала АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын “Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы” аясында дайындалды.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі