//

Жазушылар Одағына жаңа сайланған төраға жазушыларды билікке оппозиция болмауға шақырды

1356 рет қаралды

Алматыда Абай атындағы Опера және Балет театрында Қазақстан Жазушылар одағының кезекті ХVI Құрылтайы болып өтті. Мәртебелі жиынды жүргізген ЖО Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақыптың айтуынша, бүгінде Жазушылар одағында 970 мүше бар екен. Солардың 530-ы бүгінгі жиынға қатысып отыр екен. Ұйымның жарғысы бойынша барлық мүшенің үштен бірі жиналса кворум бар деп есептелінеді. Демек Одаққа мүше жазушылардың жартысынан көбі жиналып отырғандықтан бұл Құрылтайды өткізуге негіз бар.

Құрылтай ел күткендегіден жайбырақат, өздерінің тілімен айтқанда өте “бейбіт” жағдайда өтті. “Тойдың болғанынан боладысы қызық” демекші, Құрылтай болардан бұрын бұл жиынның көрігін қыздыратын көптеген пікірлер әлеуметтік желіде желдей ескені мәлім. ЖО Төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезектің «Мен бүгіннен бастап Қазақстан Жазушылар одағындағы қызметімнен ресми түрде кеттім. Келе жатқан Құрылтайда қойылатын спектакльге қатысуға құлқым жоқ»  деген мәлімдемесінен кейін, бұл одаққа төраға болғысы келетіндердің қатары артты.

Бұл туралы “Мінбер” сайтында “Жазушылар Одағы: Келесі төраға кім болмақ?” деген мақалада егжей-тегжейлі жазған едік. Кемінде алты адам төрағалықтан дәмелі екендігін айтып, мәлімдеме жасаған еді.
Алайда Құрылтай өтерден бір күн бұрын, жас жазушы Арман Әлмембет пен Мереке Құлкеновтен өзгесі түрлі сылтаумен кандидатураларын қайтарып алатындығын мәлімдеп үлгерді. Ал Арман Әлмембет Жазушылар одағына мүше болмағандықтан бұл додадан шет қалды.

5 ЖЫЛДА 170 ҚАЛАМГЕР ҚАЗА ТАПҚАН 

Жиынды бастаған Бауыржан Жақып соңғы бес жылда қаза тапқан қаламгерлердің атын атап, оларды бір минут үнсіздікпен еске алуды ұсынды. Қайтыс болған қаламгерлер арасында Шерхан Мұртаза, Серік Қирабаев, Қабдеш Жұмаділов, Рақымжан Отарбаев, Жәркен Бөдеш және т.б бар.

«Бүгінде бір жазушы жұқпалы кесел  жұқтырса, хабар әуелі маған жетеді. Оларды емдету, ауруханаға жатқызу жұмыстарымен де айналысамыз. Егер қаламгер қайтыс болса, отбасына барып, қаралы хабарды естіртумен, әкімдіктегілерге шабылып, зираттан жер әперу , жаназасын шығару, кейде ас беру мәселесімен де айналыстық», – дейді одақтың экс-төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

Ұлықбек Есдәулет: КОВИД АЯҚТАЛЫП, БӘРІМІЗДІҢ БЕТПЕРДЕМІЗ ШЕШІЛДІ

Бұдан кейін жиынға арнайы келген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жазушыларға жолдаған құттықтауын оқып берді. Ал Одаққа бес жыл бойы төрағалық еткен, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет баяндама жасап, соңғы бес жылда атқарылған жұмыстарға есеп берді. Экс төрағаның айтуынша, бұл бес жылдың ең айтулы кезеңі Ковид-19 пандемиясы екенін баса айтып өтті. Бұл жылдар көптеген аяулы қаламгерлерді арамыздан алып кеткенін қынжыла есіне алған ол:

– Күн сайын кейде бір күнде бірнеше ақын-жазушыны жерлеумен жүрген кезім есіме түссе жаным түршігеді. Небір нар ағаларымыздан, тау тұлғаларымыздан, қадірлі қаламдастарымыздан, қимас достарымыздан қапыда айырылып, ортамыз ойсырап қалды, – деп еске алады.

Ұлықбек Есдәулет бес жылда Жазушылар одағының істеген жұмыстарын, санамалап, бұл жұмыстарды пандемия кезінде атқарудың қиын болғанын да еске алып өтті.

Ұлықбек Есдәулеттің баяндамасынан кейін Әлібек Асқаров ЖО жүргізілген аудит есебімен таныстырып, жазушылардың жарна төлеуге құлықсыз екендігін де атап өтті. Әсіресе пандемия иектеген 2020, 2021 жылдары жарнадан түскен қаржы мүлдем түсіп кеткен. 2019 және 2022 жылдары төленген жарналар он миллион шамасында болған. Әлібек Асқаровтың айтуы бойынша, Жазушылар Одағының негізгі кірісі мемлекеттік тапсырыстан түскен. Соның ішінде, ең ірі қаржыны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен алған екен.

Мереке Құлкенов: ЖАЗУШЫ ОППОЗИЦИЯДА БОЛМАУЫ КЕРЕК

Жарыссөзге шығушылардың арасында да, бас жарып, көз шығаратындай пікір айтқан ешкім болмады. Жарыссөз аяқталған соң, Бауыржан Жақып басқарма мүшелерінің атын атады. Одақтың Жарғысы бойынша, басқарма мүшелері барлық мүшенің он пайызын құрауы керек екен. Сөйтіп, Бауыржан Жақып 97 адамды атап еді, залдағылар біраз адамның бұл құрамда болуы керек екендігін ескертті. Сөйтіп, оның саны 107-ге жетті.

Жарғы бойынша ЖО мүшелерінің барлығы төрағаны сайлауға дауыс бере алмайды. Төрағаны осы 107 адам сайлайды. Басқарма мүшелері одақ төрағасын сайлауға кеткенде, жазушылар үшін үзіліс жарияланды.

Көп ұзамай төрағаның кім болатындығы да белгілі болды. Ұсынылған кандидаттар саны – біреу. Тиісінше, сол жалғыз кандидат бірауыздан төраға болып сайланды. Сөйтіп жаңа төраға Мереке Құлкенов мінберден сөз алысымен, жазушылардың оппозицияда болмауы керектігін баса айтты.

Несіп Жүнісбаев: ОДАҚ МҮШЕЛЕРІ САЙЛАМАҒАН ТӨРАҒА ТӨРАҒА МА?

Сайлау аяқталып, Құрылтай мәресіне жақындаған кезде жазушы Несіп Жүнісбаев, сөз сұрап мінбеге көтерілді. Оның пікірінше, Жазушылар одағы төрағасын басқарма мүшелерінің сайлауы дұрыс емес.

– Бұндай жағдайда өздерің дайындап келген кандидаттың өтіп кетпеуіне кім кепіл? – деді ол.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері