/

Талғарда KFF Academy футбол академиясының құрылысы басталды

92 рет қаралды
2025 жылдың 23 маусымында Алматы облысы, Талғар қаласында FIFA стандарттарына сай “KFF Academy by Almaty International Airport” футбол академиясының іргетасын қалау рәсімі өтті. Бұл – Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) мен Алматы халықаралық әуежайының (TAV Airports Holding) серіктестігі аясында жүзеге асып жатқан стратегиялық жоба.
Әлеуметтік жауапкершілік пен тұрақты даму үлгісі
Шараны TAV Airports Holding компаниясының бас директоры Серкан Каптан құттықтау сөзімен ашты. Оның айтуынша, бұл жоба тек әлеуметтік жауапкершіліктің көрінісі ғана емес, компанияның орнықты даму құндылықтарына сай маңызды стратегиялық қадам.
«Біз үшін корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік — жай ғана қосымша бағыт емес, ол біздің қызметіміздің негізі. Жастардың дамуына және қоғамның игілігіне бағытталған бастамаларды қолдау – TAV стратегиясының басты құндылықтарының бірі», – деді Серкан Каптан.
Жаңа буын спортшыларын даярлауға арналған орталық
Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровтың айтуынша, академия жас футболшыларды кәсіби деңгейде даярлауға арналған алғашқы ірі орталықтардың бірі болмақ. Жоба балалар мен жасөспірімдер футболын жаңа жүйеге көшіруді көздейді.
«Бүгін іргетасы қаланған академия — Қазақстан футбол федерациясының стратегиялық маңызды алғашқы жобасы. Ол еліміздегі жас футболшыларды даярлау жүйесіне жаңа серпін береді», – деді ҚФФ басшысы.
Академия инфрақұрылымы қандай?
Жалпы ауданы 5 520 шаршы метрді құрайтын футбол академиясы үш негізгі блоктан тұрады:
•Спорттық блок: жабық футбол алаңы, дене дайындығы залы, қалпына келу бассейндері, киім ауыстыру және қызметтік бөлмелер;
•Әкімшілік-тұрмыстық блок: жаттықтырушылар кабинеттері, медициналық және оңалту бөлімдері, конференц-зал, асхана және техникалық аймақ;
•Жатақхана (4 қабат): оқушылар мен қызметкерлерге арналған бөлмелер, демалыс және жеке дайындық аймақтары.
Академияда тұру, білім алу, футболға бейімделу және қалпына келу үдерістері толық қамтылған. Бұл — спортшылардың жан-жақты дамуына бағытталған, кешенді тәсілмен жасалған инфрақұрылым.
Іргетас қаланды, алда – құрылыс кезеңі
Салтанатты рәсімде құрметті қонақтар футбол добына қолтаңба қойып, оны жас спортшыларға табыстады. Осылайша академия құрылысының алғашқы қадамы ресми түрде басталды.
“KFF Academy by Almaty International Airport” — тек спорт нысаны емес, бұл болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін тұрақты инфрақұрылым. Академия алдағы жылдары Қазақстан футболын жаңа белеске көтереді деген үміт зор.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар