Фото: gov.kz
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева соңғы күндері бұқаралық ақпарат құралдарына, соның ішінде Orda.kz пен ҚазТАГ агенттігіне қатысты қозғалған сот үдерісіне пікір білдірді. Министр бұл істерді ведомство ерекше бақылауда ұстап отырғанын айтты.
«Бүгінде Қазақстанның медиа кеңістігінде бірнеше сот процесі өтуіне байланысты талқы жүріп жатыр. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл процестерді, соның ішінде Orda.kz пен ҚазТАГ-қа қатысты істерді ерекше назарда ұстап отыр. Мұндай жағдайлар әрдайым медиа қауымдастықты алаңдатады. Себебі бұл сөз бостандығы мен заңды журналистік қызмет секілді аса маңызды мәселелерге тікелей қатысты», – деді министр.
Аида Балаеваның айтуынша, кәсіби журналистика адалдыққа, объективтілікке және тексерілген ақпаратқа негізделуі керек.
«Кәсіби бұқаралық ақпарат құралдары заңды бұзбай жұмыс істеген жағдайда ғана мемлекет олардың құқығын тиімді қорғай алатынын түсінуі тиіс. Ал егер тараптар арасындағы қатынастар құқықтық алаңға ауысса, мемлекеттік органның араласуы сотқа қысым ретінде қабылдануы мүмкін», – деді ол.
Министр сонымен қатар журналистерге қатысты әкімшілік немесе қылмыстық істердің барынша ашық және әділ қаралуы қажет екенін айтты.
«Қалай болғанда да, біз кәсіби журналистерге қатысты істердің барынша ашық әрі объективті қаралуын талап етіп келеміз. Министрлік өз құзыреті шегінде журналистердің құқығын қамтамасыз етуге және сот істерінің әділ қаралуы үшін барлық қажетті шараны қабылдауға дайын», – деді Балаева.
Министрдің мәлімдемесі соңғы уақытта журналистерге қарсы қозғалған істер қоғамда қызу талқыланып жатқан кезеңмен тұспа-тұс келді. Соның бірі – Orda.kz сайтының бас редакторы Гүлнәр Бажкеноваға қатысты іс.
Бажкенова қазір үйқамақта отыр. Оның қорғаушысы Мұрат Адамның айтуынша, редакция кеңсесінде тінту жүргізу кезінде полиция тарапынан бірқатар заңбұзушылық болған. Адвокат осы дерек бойынша Бас прокуратура мен Алматы қалалық прокуратурасына шағым түсірген. Сондай-ақ ол адвокаттық қызметке кедергі келтіру фактісі бойынша да қылмыстық іс қозғауды сұраған.
Журналист әлеуметтік желідегі үндеуінде сабыр сақтап, әділдік орнайтынына сенім білдірген. Ол өзін қолдаған әріптестері мен қоғам өкілдеріне алғыс айтқан.
БАҚ өкілдері арасында бұл іс сөз еркіндігі мен журналистік қызметке қысым жасалды ма деген сұрақ туғызды. Ал министрлік өз кезегінде бұл үдерістерді мұқият бақылап отырғанын және кез келген шешімнің заң аясында қаралуы қажет екенін атап өтті.
Бегім Көктүрік
Парақшамызға жазылыңыз
