/

Оралдағы көпір құрылысы 3 есе қымбаттады

74 рет қаралды

28 қаңтарда өткен облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында Орал қаласындағы көпір өткелінің құрылысына бөлінетін қаржының 11 миллиард теңгеден 35 миллиард теңгеге дейін ұлғайғаны белгілі болды. Аталған нысан қаланың көлік инфрақұрылымын жеңілдетуге тиіс болғанымен, жобаға қатысты сауалдар әлі де азаймай отыр.

Бұл туралы «Мой Город» ақпараттық агенттігі хабарлады. 

Көпірдің маңызы және кедергілер

Жоба жүзеге асқан жағдайда Ақжайық шағынауданынан қалаға қосымша кіру-шығу жолы ашылып, жаңа аудан мен қала орталығы арасындағы көлік байланысы едәуір жақсармақ.

Облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлқайдың айтуынша, негізгі мақсат – Жәңгір хан, Мәншүк Мәметова және Сдықов көшелеріндегі көлік кептелісін азайту.

Алайда бұл бағытта тек қаржылық емес, сонымен қатар әлеуметтік сипаттағы кедергілер де бар.

«Мәселе – жеке үйлерді сатып алуда. Кейбір меншік иелерінің тым жоғары баға сұрауы жұмысты қиындатып тұр», – деді Мирас Мүлқай.

Құрылыс неге созылып жатыр?

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншалиевтің айтуынша, қазіргі таңда жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) әзірлену үстінде. Билік бұл жолы нысанды «дайын күйінде тапсыру» (строительство под ключ) тетігі арқылы салуды ұсынып отыр. Осы тәсіл жобалаудан бастап, құрылысты аяқтап, нысанды пайдалануға беруге дейінгі барлық жауапкершілікті бір ғана мердігерге жүктеуді көздейді. Ресми мәліметке сәйкес, мұндай модель уақытты үнемдеуге және орындаушының жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.

«Көпір өткелінің құрылысы техникалық күрделі нысандарға жатады. Бұл формат құрылыс мерзімін қысқартуға және сапаға тікелей жауап беретін бірыңғай орталықты қалыптастыруға мүмкіндік береді», – дейді басқарма басшысы.

Жоба хронологиясы

Депутаттар көпір құрылысының шамадан тыс созылып кетуіне және соған байланысты нысан құнының жыл сайын еселеп өсуіне алаңдаушылық білдірді. Сессияға қатысушылардың пікірінше, құрылысты кешеуілдетпей бастау қажет, әйтпесе шығын көлемі одан әрі ұлғая бермек. Алайда жобаның іске асу тарихы бірқатар кедергі мен өзгеріске толы.

2019 жыл. Алғаш ұсынылған нұсқа бойынша көпір Орал қаласындағы Мәншүк Мәметова мен Сдықов көшелерінің қиылысынан басталып, қалалық саябақтың бір бөлігін кесіп өтуге тиіс болған. Бұл шешімге тұрғындар қарсы шығып, шамамен 1 500 ағаштың кесілуі мүмкін екенін алға тартты. Қоғамдық наразылықтан кейін билік жобаны қайта қарауға уәде берді.

2021 жыл. Сол кездегі қала әкімі Абат Шыныбеков жобаның дайын екенін және оны іске асыру үшін «КПО б.в.» компаниясына берілгенін мәлімдеді. Алайда жаңартылған нұсқа қоғамдық талқылаудан өтпей қалды.

2022 жылғы ақпан айы. Қала әкімінің орынбасары Асхат Құлбаев жол бағыты саябақты айналып өтетінін айтып, арнайы техниканың көмегімен ағаштар кесілмей, қайта отырғызылатынына сендірді.

2022 жылғы мамыр айы. Облыстың сол кездегі әкімі Ғали Есқалиев көпір құрылысы мердігер анықталған бойда басталатынын мәлімдеген болатын. Алайда содан бері жоба нақты іске қосылмай, қайтадан кейінге шегерілді.

Қазіргі жағдай 

Көп ұзамай ТҮКШ (ЖКХ) басқармасы бұған дейінгі ақпараттарды теріске шығарғандай болды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, жол қала орталығындағы А. Тайманов көшесінен басталады.

Жалпы ұзындығы – 4,1 шақырым, көпірдің өзі – 220 метр. Жол төрт жолақты болады, жарықшамдар мен тротуарлар қарастырылған.

Ең бастысы, 1 131 ағаш бәрібір кесілуге тиіс. Жоба авторлары мұның орнын бес есе мөлшерде көшеттер егу арқылы толтырмақ.

Назерке Ақберді

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар