/

БҚО-да 100 астам спортшының анасына құрмет көрсетілді

108 рет қаралды

Батыс Қазақстан облысында 1 наурыз Алғыс айту күні мен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекелеріне орай «Рахмет, ана» атты тағылымды мерекелік кеш ұйымдастырылды. Салтанатты шара ел намысын дүбірлі додаларда абыроймен қорғап жүрген спортшылардың аналары мен нәзік спортшылар және бапкерлерге құрмет көрсетуге арналды.

Тағылымы терең, мазмұны айрықша кеште ел мерейін асқақтатып жүрген спортшыларды тәрбиелеп өсірген аналарға ерекше ілтипат білдірілді. Әдетте көпшілік назарында спортшылардың жеңісі мен жетістігі көрініс табатыны белгілі. Алайда сол табыстың бастауында ананың тәлім-тәрбиесі, сенімі мен қолдауы жатқаны ескеріле бермейді. Аталмыш шара тасада қалып жүрген сол еңбекті ел алдында мойындаудың жарқын үлгісіне айналды.

Кешке халықаралық, құрлықтық және әлемдік ареналарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген жүзден астам спортшы мен олардың аналары қатысты.

Тағылымды шараны ұйымдастыруға өңірдің дене шынықтыру және спорт басқармасы мұрындық болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, спортшылар мен бапкерлердің еңбегі қоғам назарынан тыс қалмайды. Ал аналардың еңбегі көп жағдайда тасада қалып жатады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қолға алынған бастама өңірде рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеудің игі қадамы.

Кеш қонақтарын жергілікті өнерпаздар әсем әуенмен күтіп алып, мерекелік көңіл күй бірден сезілді. Мейрамхана іші мерекеге сай ерекше безендіріліп, аналарға деген құрметтің айқын көрінісіндей сән-салтанат орнады. Зал ішінде ел намысын қорғап жүрген чемпиондар мен олардың аналарының суреттері қойылған арнайы көрме ұйымдастырылды. Әр чемпион мен оның анасына арналған көрме мерекеге жиылған қонақтарға ерекше әсер қалдырды. Бірі өз ұлы немесе қызының бейнеленген жерге естелік суретке түссе, енді бірі ән-күйін аналарға арнаған өнерпаздарды таспалап жатты.

Ал салтанатты жиын басталған шақта кештің басты қонақтары қызыл кілеммен жүріп өтті. Әрқайсысы жеке-жеке ортағы  шақырылып, зал толы көрерменнің қошеметіне бөленді. Бұл сәт аналар үшін де, спортшылар үшін де ұмытылмас әсерге толы болды. Әдетте спортшылардың жеңісіне қуанатын көрермен бұл күні бар қошеметін сол спортшылардың аналарына арнады.

Өйткені бейбіт заманның батырындай болған спортшыны дүниеге дәл осы аналар алып келді. Дәл осы аналар баласын жетектеп, спорт залына алғаш алып келеді, жарыс алдында ақ батасын беріп, тілеуін тілейді. Жеңіліс тапқан сәтте жұбатып, жеңісіне бірге қуанады. Сол үшін әр ана дәл осындай құрметке лайық.

Спорт жолына батыл қадам басқан, қайсар рухты ұл-қыздарды тәрбиелеген аналарға құрмет көрсетілген кеште олардың әрқайсының орны төр болды.

Салтанатты жиынды БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов ашып, спортта биік жетістіктерге жеткен ұл-қыздарды тәрбиелеп өсірген аналар мен спортшы аруларға алғыс білдірді.

– Көктемнің әр күні мереке. Алғыс айту күнімен басталып, Әз-Наурызға ұласатын берекелі айдың сегізінде әрқайсымыз ерекше толқимыз. Өйткені бұл күн аналардың, апа-қарындастардың және қызғалдақтай қыздардың мерекесі. Ананың ұлт тәрбиесіндегі үлесі айрықша. Ақылына көркі сай, ибалығы мен қайсарлығы қатар өрілген қазақ арулары ел намысын әрдайым биік ұстап келеді. Жайық өңірінің қыздары да осы қасиеттің жарқын үлгісін көрсетіп жүр. Ел тарихында ерлігімен өшпес із қалдырған қаһарман қыздарымыз Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанова соның айқын дәлелі. Бүгінде сол өжеттік пен табандылықтың жалғасын өңірдің спортшы қыздары танытып отыр. Өткен жылы әлемдік және құрлықтық жарыстарда топ жарып жүлдегер атанған өңір спортшыларының 70 пайызы қыздар болуы – үлкен мақтаныш әрі өңір спортының дамуындағы айрықша жетістік. Спортшы арулардың бойындағы өжеттілік пен елжандылық өздеріңіздей аналардың тәрбиесінің жемісі. Бүгінде өңірімізде 17 мыңға жуық адам спортпен тұрақты айналысады. Соның 40 пайыздан астамы қыздар. Бұл қыздарымыздың тек сұлулық пен нәзіктіктің ғана емес, қайсарлық пен қажыр-қайраттың да символы екенін көрсетеді, – деді басқарма басшысы.

Кеш барысында өңір спортының дамуына үлес қосып жүрген спортшылардың аналары, спортшы қыздар мен бапкерлерге ерекше құрмет көрсетіліп, басқарма басшысы олардың әрқайсысын жеке құттықтап, алғысын білдірді.

Түгелбай Бисен,

фотолар БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

АФК «Қайрат» есе жіберді

Чемпиондар лигасының ширек финалында «Қайрат» өз алаңында есе жіберді. UEFA Чемпиондар лигасының 1/4 финалының алғашқы матчында