Қазақстан Премьер-лигасының 12-туры аясындағы орталық матчта шымкенттік «Ордабасы» алматылық «Қайратты» 2:1 есебімен жеңіп, турнирлік кестенің көш басына шықты.
Кездесуде есепті алғаш болып қонақтар ашты. Матчтың 14-минутында Жоржиньо нәтижелі пасынан кейін «Қайратты» алға шығарды. Алайда 28-минутта Ги-Марселин Килама қақпашы қайтарған допты сәтті пайдаланып, есепті теңестірді. Екінші таймда екі команда да шабуылға ден қойып, қауіпті сәттер ұйымдастырды. Ойын тағдырын 64-минутта Эльхан Амир шешіп, жеңіс голын соқты. Осылайша, «Қайрат» биылғы маусымдағы алғашқы жеңілісіне ұшыраса, «Ордабасы» чемпионаттың жаңа көшбасшысы атанды.
Бүгінгі матчта жеңіске жету үшін не жетіспеді?
Рафаэль Уразбахтин, “Қайрат” футбол клубының бас бапкері: Чемпиондыққа таласу үшін мінез бен жігер керек. Бүгін біз қарсыласқа жол беріп қойдық
«Ордабасы» командасынан кімнің ойынын ерекше атап өтер едіңіз?
Рафаэль Уразбахтин: Мен жеке ойыншыларды бөлгім келмейді. Футболда бір ойыншы емес, команда ойнайды. «Ордабасы» да бүгін командалық тұрғыдан жақсы өнер көрсетті.
Кейбір жанкүйерлер бұл нәтижені сәттілікпен байланыстыруда. Сіз келісесіз бе?
Рафаэль Уразбахтин: Жоқ, келіспеймін. Мұнда жай ғана жол болды деу дұрыс емес. Екі команда да жеңіске ұмтылды, ал нәтижені ойын барысындағы нақты әрекеттер шешті.
Көпшілік Дастан Сатпаевтан гол немесе нәтижелі әрекет күтті. Оның ойынына қандай баға бересіз?
Рафаэль Уразбахтин: Егер ойыншы гол соқпаса, бұл оның пайдасыз болғанын білдірмейді. Дастан үлкен көлемде қара жұмыс атқарады, қарсыластарды өзіне тартады, кеңістік ашады. Оның алаңдағы көзге көріне бермейтін еңбегі өте маңызды.
Бүгінгі матчтан кейін қандай қорытынды жасайсыздар?
Рафаэль Уразбахтин: Жұмыс жалғасып жатыр. Қазір құрамды күшейту бағытында да жұмыс істеп жатырмыз. Кейбір позициялар бойынша ізденіс бар. Алдағы үзіліс бізге пайдалы болады деп ойлаймын. Соңғы ай өте ауыр өтті, көптеген сырт алаңдағы матчтар болды. Сондықтан демалып, қателіктерді талдап, келесі ойындарға дайындаламыз.
Андрей Мартин, “Ордабасы” футбол клубының бас бапкері: Қарсылас кім екені маңызды емес. Біздің күрес әлі алда
Андрей, жеңіспен құттықтаймын! Бұл ауыр матч болды. Ойынды қалай бағалайсыз? Артықшылық кімде болды?
Андрей Мартин: Баршаны жеңіспен құттықтаймын! Шымкентті, барлық жанкүйерлерді, менің ойыншыларымды, басшылықты құттықтаймын. Маған ойын екі тараптан артықшылықпен өтті деп ойлаймын. 90 минут бойы біреу толық үстемдік етті деп айтуға болмайды. Біз қорғанып, қамалда отыруды ойлаған жоқпыз.
Бірінші өткізіп алған голдан кейін (14-минутта) команда тез қалпына келді. Үзілісте не болды? Қалай жағдайды бұрып үлгердіңіздер?
Андрей Мартин: Бірінші өткізіп алған гол… ол сәтті төңкеріп жібереді. Бізге көп қозғалу, тепе-теңдік пен энергияны жоғалту қажет болды.
Психологиялық тұрғыдан команда чемпион атануға дайын ба? Маусым барысында кемшіліктерді қалай жабасыздар?
Андрей Мартин: Команда психологиялық тұрғыдан дайын. Бізде жақсы және тәжірибелі ойыншылар жиналған, қалған топ – білікті футболшылар. Жанкүйерлер қысымымен ойнау – бұл жауапкершілік. Қарсылас кім екені маңызды емес, бастысы – өзіңе қарау, басқаның соңынан қумау. Әрі қарай сенімді қадамдар жасау. Менің ойымша, бәрі жақсы болады. Біздің күрес әлі алда. Қорытынды нәтижелер туралы айтқым келмейді, бастысы – әрі қарай істеу.
авторы: Болатхан Балжан
Cурет авторы: Айару Абдуллаева
Парақшамызға жазылыңыз

Ойыншылар допты көп ұстап тұрады. Жан-жағына жалтақтап. Ойын жылдамдығы өте төмен. Шаршап қалған адамдар сияқты.