//

14 сарбаздың өліміне қатысты қозғалған іс бойынша 5 әскери қызметші күдікті ретінде қамалды

65 рет қаралды
ІІМ таратқан видеодан скрин

14 сарбаздың өліміне қатысты қозғалған іс бойынша 5 әскери қызметші күдікті ретінде Ақтаудағы уақытша изоляторға қамалды. Қамауға алынған күдіктілер арасында Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары мен марқұмдар мінген «Қайсар» катерінің командирлері бар. 


Маңғыстау облысында өтіп жатқан
Әскери-теңіз күштерінің «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде сарбаздардың қаза болуына байланысты Қарулы Күштердің жоғары және аға командалық құрамының лауазымды тұлғалары күдікті деп танылып, ұсталды. Бұл туралы Ішкі Істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

 Каспий теңізінде болған қайғылы оқиға бойынша ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл іске байланысты екі бап бойынша іс қозғалған болатын: «Қызметке салғырт қарау» және «Кеме жүргізу қағидаларын бұзу».

Ақтау қаласындағы уақытша изоляторға қамалғандардың арасында Қарулы  күштерінің  «Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, сондай-ақ теңіз жаяу әскерлері ротасының және «Қайсар» катерінің командирлері бар», деп хабарлады, ІІМ баспасөз қызметі.

ІІМ баспасөз қызметінің телеграм арнасында әскери қызметкерлерді ұстау барысы видеоға түсіріліп, жарияланыпты.

Сонымен қатар, ІІМ баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, 24 қыркүйекте сарбаздар ашық теңізге «Қайсар» катерінен түсірілген.

«Ақтау қаласынан 43 шақырым жерде оқу-жаттығу барысында «Қайсар» катерінен жеке құрамды түсіру кезінде қолайсыз метеорологиялық жағдайда әскери қызметшілерді теңіз ағысы алып кеткені анықталды», делінген хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, «тергеу барысында оқу-жауынгерлік міндетті ұйымдастыру және орындау кезінде шешімдердің қабылдану мән-жайлары, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, гидрометеорологиялық жағдайдың ескерілуі, катердің техникалық жай-күйі» туралы мәселелер тексеріледі.

Сонымен қатар, «оқу-жаттығуды өткізуге және жеке құрамның қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеттері зерделенуде», делінген хабарламада.

Ұсталған күдікті тұлғалардың әрекеттеріне заңға сай құқықтық баға берілетіні хабарланды. Сонымен қатар, ІІМ күдіктілерді анықтау шаралары одан әрі жалғасатынын ескертті.

«Іске қатысы бар басқа да тұлғалардың шеңберін анықтап, оларды ұстау мақсатында тергеу жалғасуда», делінген ІІМ таратқан мәліметте.

Бұл іс Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасының ерекше бақылауында.

Естеріңізге сала кетейік, 24 қыркүйек күні 12 сарбаздың мәйіті судан шығарылған болатын. 25 қыркүйек күні тағы 2 сарбаздың денесі табылды. 1 сарбаз ауруханада жатыр. 2 сарбаз құтқарылған. «Қайсар» катерінде барлығы 17 сарбаз болғаны анықталды. Дегенмен, Қорғаныс министрлігі таратқан ақпаратта 19 әскери қызметшіні «теңізге алып кеткені» хабарланған еді.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар