АҚШ қазақ басшысының аяғының астына қалы кілем төседі

658 рет қаралды
1
Обама қазақ басшысына құрмет көрсетуде
Обама қазақ басшысына құрмет көрсетуде

«…Вашингтондағы Ядролық қарусыздандыру саммитінде қазақ президенті Нұрсұлтан Назарбаев «жұлдыз» атанды. Ал Орталық Азиядағы мүддесін күйттеген Барак Обама оның нөмірі бірінші табынушысына айналды». Қазақ басшысының АҚШ-қа жасаған сапарынан соң жарияланған «АҚШ қазақ басшысының аяғының астына қалы кілем төседі» деген мақала дәл осындай сөйлемдермен басталады.

«Назарбаевтың күлімдеген жүзі бейнеленген суреттер Вашингтон көшелерінде ілініп тұрды. Вашингтон Қазақстанды ядролық қарудан ада елдің ең сәтті бейнесі ретінде танытты» деп хабарлайды AFP America тілшілері. Ақ үйдің кеңесшісі Майк Макфауэл Обама Назарбаевты ядролық қарусыздандыру мәселесінде «ең үздік көшбасшы» ретінде суреттегенін айтқан. Аталған мақалада «Назарбаев болмаса, Вашингтонда мұндай саммит те өтпес еді» деп Барак Обама ағынан жарылады.

Шетел журналисті Қазақстанның ядролық қарудан арылу арқылы не ұтқанын да дөп басқан. «Ядролық қарудан бас тарту арқылы Қазақстан халықаралық экономикаға құшағын ашты» дейді америка саясаткері. Қазақстан – әлемде ядролық қарудан бас тартқан санаулы елдің бірі. Дүниені қырғи-қабақ соғыс қыспаққа алған тұста кіндік Азиядағы елің бірден көзге түсетін себебі де сондықтан. Әйткенмен Америка қазақ билігінің «демократиялық өзгерістерін» ұната қоймайтын. Жыл сайынғы Демократияның деңгейін анықтайтын есептерінде де Қазақстан сөз бостандығы мен адам құқы аяққа тапталып жатқан елдер санатынан көрінетін.

“Демократияға жетіп болмаймыз”

Нұрсұлтан Назарбаев мұхиттың арғы жағына ұшып кетті дегенде «демократияны күйттегендер» Барак Обама қазақ әріптесіне біраз «уағыз» айтатын болар деп үміттенген. Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ның саммитіне Барак Обама қарсы болса екен деп тілеген. Өкінішке қарай, америкашыл демократияны аңсағандардың арманының күллі көкке ұшты. Күтпеген оқиға болды.

Әдетте Америка «Қазақстан» десе, қырдың ар жағынан «демократия» деген жаңғырық шығатын. Еліміздегі сөз бостандығы мен адам құқығының мүшкіл халін майын тамызып тұрып әңгімелейтіндердің сөзіне Барак Обаманың өзі нүкте қойды. Обаманың кеңесшісі Назарбаевпен болған кездесуден соң «демократия мәселесіне» қатысты президенттер не айтқанын былай жеткізген: «Екі президент те «Демократияға толықтай қол жеткізе алмайсың. Жету үшін үздіксіз еңбек ету керек» дегенмен келісті. Президент Обама өзінің қазақ әріптесіне біздің өзіміз де демокоратиямызды жетілдіру үшін әлі де еңбектенуіміз керек деп айтты». Бұдан соң, қит етсе, батысқа қарап «демократия» деп ұлитындардың аузына құм құйылатын болар. Себебі Ақ үйдің басшысының өзі «демократиясын» саясатқа айырбастаған тәрізді.

Қонақжайлылықтың құпиясы

«Назарбаев шетелдің барлығы дәл осылай жылы шырайымен қарсы алмайды» дейді америка басылымы. «Назарбаевтың елі бұған дейін америкалықтар үшін сайқымазақ Бораттың атымен ғана белгілі еді. Енді кеңінен танылатын болды. Бірақ Назарбаевқа деген осынша ілтипаттың да өз сыры бар» деп америка тілшілері Барак Обама қонақжайлылығының себебін түсіндіреді.

Себебі Барак Обама өзінің сайлаушыларына Ауғанстан мәселесінің бейбіт шешілетініне сендірген. Қазақстаннан қол созым жерде жатқан ауған еліндегі америка әскеріне керек-жарақты жеткізудің төте жолы табылмай жатқан-ды. Бішкектегі бүліктен соң, Қырғызстандағы Манас әуе базасының де келешегі бұлыңғырланды. Есесіне енді Қазақстанның әуе кеңісітігін пайдалануға болады. Америка басылымы Барак Обаманың мейрімінің астарында осындай құпия жатқанын анықтаған. «Бұл мәселені шешу жолында әскерімізді және оларға қажетті жабдықтарды жөнелтуде ақша мен уақытымызды үнемдейді» депті Барак Обама. Қазақстан мен АҚШ негізінен ядролық қаруды залалсаздандыру, энергия, Ауғанстан, Ресей мен Қытай және терроризмге қарсы мәселелер тақырыбында қарым-қатынас жасауы ерекше маңызға ие. Ал Қазақстан болса өз кезегінде аузына айды білеген АҚШ-ты тамсандыру арқылы күллі әлемге танылмақшы. Бірақ бұл қазақ халқының емес, қазақтың қарапайым шенеунігінің арманы екенін америка тілшілері бағамдай алмағанға ұқсайды.

Мақсат АЯН

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. “аузына айды білеген”;«Назарбаев шетелдің барлығы дәл осылай жылы шырайымен қарсы алмайды» ;

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар