Телекоммуникацияны қалай түсінеміз?

1400 рет қаралды
3

IMG_0055IMG_0066Қазанның 20-21-і аралығында Шымкент қаласында Beeline ұялы байланыс операторының демеушілігімен «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы «Жаңа медиа мүмкіндіктерін пайдалана отырып, телекоммуникация нарқы жайында ақпарат тарату» атты тақырыпта екі күндік семинар тренинг өткізді.

Семинар-тренингке Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарынан барлығы 15 журналист қатысты. Қатысушылардың орташа жасы – 25 болғанына қарамастан, олардың көбі – теле коммуникацияны да, жаңа медианы да жақсы түсіне бермейтіндіктерін айтты.

– Интернет дегенде біздің білетініміз “mail” агенттен арыға бармайды. Ол жерде тегін өз сайтыңды немесе блогыңды ашып алуға болатындығын және өз теле арнаң мен газетіңе айта алмаған, жаза алмаған ойларыңды беруге болатындығын бірінші рет естіп отырмыз, – дейді “Сыр бойы” газетінің тілшісі Гүлжазира Жалғасова.

Алматымен салыстырғанда, өңірдегілердің өз ерекшелігі бар. Оның ең бастысы – газеттер мен ақпарат құралдарының басым бөлігі әкімшілікке тиесілі. Әкімшіліктің наны жеп, суын ішіп отырғандықтан, оның сойылын соғу – ақпарат құралдарының басты мақсаты. Бұл жерде еркін көсілудің машақаты да жетіп жатыр. Аймақтағы журналистердің бұл тығырықтан шығуының бір-ақ жолы бар. Ол жаңа медианың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, интернетте блог ашу арқылы, азаматтық журналистиканы дамытуға күш салу.

– Шымкент өзге өңірлермен салыстырғанда, қазақ тіліндегі тәуелсіз ақпарат құралдары мол, қазақтілді журналистиканың қайнаған ортасы. Сондықтан болар, бұл жерде сөз бостандығы да өзге өңірмен салыстырғанда, салыстырмалы түрде анағұрлым көш ілгері деуге болады. Дегенмен, бізде интернет журналистика әлі дами қойған жоқ. “Оңтүстік Қазақстан” және “Замана” газеттерінің ғана сайты жұмыс істейді. Ал, сіздердің мына бастамаларыңызды біз әрі қарай “Отырар” телеарнасында арнайы “блог тұғырын”ашу арқылы пайдаланғымыз келеді, – дейді Оңтүстік Қазақстандық “Отырар” телеарнасының қызметкері Вячеслав Шварц.

Бір қуантарлығы, өңірдегі журналистердің арасындағы өзгетілді әріптестеріміздің біздің семинарларға қатысып, қазақ тілінде жазба жазуға ниеттенуі. Шымкент семинар-тренингіне жергілікті журналистерден 5 журналист қатысты. Оның төртеуі – орыстілді журналистер болды. Бірақ, олар екі күндік семинар-тренингке басынан аяғына дейін қатысып, өз ойларын қазақша ортаға сала білді.

Семинар-тренинг барысында ең үздік жазбаға конкурс жарияланды. Конкурс жеңімпаздарына Beeline ұялы байланыс операторы ұсынған телефон бірліктері табыс етілді. Бас жүлдені Тараздық журналист Сания Тойкенова жеңіп алды. Екінші орынды “Оңтүстік Қазақстан” газетінің тілшісі Гүлжамал Мұсаева иеленді. Ал, ынталандыру жүлдесіне “Отырар” телеарнасының қызметкері Вячеслав Шварц қол жеткізді. Ол осы семинар-тренингте қазақ тілінде тұңғыш өз ойларын ортаға салған еді.

Семинар-тренингтің ұйымдастырылуына мұрындық болған Beeline ұялы байланыс операторының қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Анар Жұмағұлова:

– Жалпы, телекоммуникация нарығы жайындағы қазақтілді мақалалардың басым көпшілігі пиар мақалалар болып келеді. Оның экономикалық аспектісі, шынайы бәсекелестік мүмкіндігі секілді талдау мақалалар өте аз. Біз бұл шараны қолдау арқылы, қазақ журналистеріне телекоммуникация тақырыбында мақаланы қалай жазуға болады, ол қандай бағытта өрбуі керек деген тұрғыдан түсінік беруге тырыстық, – дейді.

“Мінбер” журналистерді қолдау орталығы.

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Құттықтаймын,Мінберліктер! Осындай қуанышты хабарлар өңір-өңірлерден есітіліп жатқанының өзі үлкен үлес!

  2. […] Шымкентте Beeline-мен семинар өткізуге Анар тікелей себепші болса, Шымкенттегі ұйымдастыру жұмысын Қайрат өз мойнына алып, семинарға дұрыс қатыса алмаған. Десе де блог ашқан. Сол блогына қазір пресс-релиздерді жариялап жүр екен. Содан ананы-мынаны қалай жөндейді деп сұрады. Бүгін уақыт тауып, кішкене болса да мәліметтермен бөлісіп едім. […]

  3. Шынымен де, өңірлердегі журналистика саласында жүргендер азаматтық журналистикаға өз үлесін қосса, жаңа медианың даму көкжиегі кеңейер еді. Алайда, ақпараттың аздығынан әлде… басқа себептер ме аймақтық журналистердің жаңа медиа туралы түсініктері мол емес. Бірақ, бәрі дей алмаймын. Қазақтілді медиа орта қалыптастыру үшін қазақтілді журналистердің атсалысуы маңызды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар